BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Тұмар» тарихи фильміне кастинг жарияланды

«Қазақфильм» киностудиясы «Тұмар» атты ауқымды тарихи жобаға кастинг жариялады, деп хабарлайды Baq.kz.

«Қазақфильм» киностудиясы биылғы жылдың ең ірі жобаларының бірі – массагеттердің патшайымы туралы «Тұмар» атты тарихи жобаға актерлер арасында кастинг жариялады. Бұл фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Sataifilm» кинокомпаниясымен бірлесіп түсіргелі отыр.

Режиссері – Ақан Сатаев («Рэкетир», «Ағайынды», «Адасқандар», «Ликвидатор», «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол»).

Киностудияның баспасөз қызметі мәлім еткендей, кастингке 16 жастан жоғары барлық қазақстандықтар қатыса алады.

12 мамырдан бастап кастинг Алматыда өтеді. Мекен-жайы: Әл-Фараби даңғ., 176, «Қазақфильм» киностудиясы, «Двухпавильонник» ғимараты, үшінші қабат.

Ал 15 және 16 мамырда кастинг Астанада өтеді. Мекен-жайы: Ілияс Есенберлин көшесі, 10, «Жастар» балалар мен жасөспірімдер театры.

«Кастинг екі қалада – Алматы мен Астанада өтеді. Кейін басқа қалаларға да барып кастинг өткіземіз деген жоспарымыз бар. Кастингке келетін бойжеткендер бет бояусыз келгендері абзал», - деді жобаның кастинг-директоры Жайна Әбдиева.

Айта кетейік, кастингке қатысам деушілер көрсетілген мекен-жайға сағат 9:00-18:00 аралығында келуі тиіс.

Еске салып өтсек, режиссер Ақан Сатаев Тұмар ханшайым туралы фильм түсіруді қолға алғаны туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғанда айтқан болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер