BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сұлтан Жұмабекұлы: "Көксерек" мультфиліміне отандық арналар арзан баға ұсынды Эксклюзив

Фото: Әлеуметтік желі

Жақында ғана Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повестінің желісімен «Көксерек» атты мультфильм жарыққа шыққаны туралы жазға болатынбыз. Ұзақтығы 15 минуттан асатын көркем туындының жасаушылары да жастар. "KADAM" студиясында жасалған балалар фильмі «Warner bros», «Walt Disney Pictures», «Pixar» секілді әлемдік анимациялық компаниялардың туындысынан бір кем еместігін байқауға болады. Қазақ анимациясына енді ғана қанат жая бастаған жастардың туындысын отандық танымал телеарна аз ақшамен ғана иеленгісі келген екен. Алайда талай уақыт сарп еткен еңбекті ауызжарымайтын ақшаға бола бере алмадық деген мультикті жасаушылар прокатқа да шығара алмайтындықтарын айтады.

«Көксеректің» ұзақтығы 15 минуттан асады. Ал прокатқа шығару үшін фильмнің ұзақтығы кемінде 40 минуттай болуы керек. Сол себепті де бұл фильм әзірге еш жерде жарық көрген жоқ» - дейді «Көксерек» мультфильмін жасаушы студенттердің бірі Сұлтан Жұмабекұлы.

Алайда жас аниматор бұл фильмнің қаншаға жасалғанын айтуды қаламады. Оның айтуына қарағанда «Көксерек» мультигін жасауға танымал дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы көмектескен.

«Бұл балалар фильміне жұмсалған қаржының көлемін айта алмаймын. Дегенмен осы туындының жарыққа шығуына себепкер болып, көмек көрсеткен дінтанушы ағамыз Қайрат Жолдыбайұлы. Сол кісінің бастамасымен "KADAM" студиясы ашылып, біз бұл мультфильмді жасап болғанша ол кісі бізге айлық төлеп отырды. 22 мыңнан астам сызбалар сызылды осы мультик үшін және бір жылға таяу уақытымызды жұмсадық. Әзірге бұл біздің алғашқы жұмысымыз» - дейді жас аниматор.

Бұрын да ел сүйіспеншілігіне бөленген Төлеміш Өкеевтің «Көксерек» фильмі бар болатын. Ал Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған «Көксерек» повесті де өз оқырмандарын баурап алған бірегей туынды. Жас аниматорлардың бұл туындыға анимация жасау қайдан ойларына келгенін білмек болдық. Сұлтан Жұмабекұлының айтуына қарағанда «Көксеректі» мультик ретінде жасау әлеуметтік желі қолданушыларының сұранысынан туған екен.

«Көксеректі» жасаудан бұрын біз бір телеарнаның тапсырысымен сериал мультфильм жасап жатқанбыз. Бір күні бірге жұмыс істеп жүрген Мейіржан деген жігітпен бірге осы «Көксерек» фильміне қызық үшін анимация жасап, трейлер ретінде әлеуметтік желіге жарияладық. Оны көрген көптеген оқырмандар қашан жарыққа шығады деп сұрай бастады. Содан кейін біз осы мультикті жасауға кірістік. Бір жылдың ішінде осы балалар фильмі дүниеге келді» - дейді студент.

«Алдағы уақытта атқаратын жоба көп. «Көксеректі» көрген көрермендер әзірге көп емес, соның өзінде түрлі ұсыныс айтып жатқандар жетерлік» - деген жас аниматор алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Анимациялық фильм жасау уақыт пен қаржыны талап етеді. Әрі біз әзірге студенттерміз. Өз басым «Көжектер» деген сериалдық мультикті жасаумен айналысып жатырмын» - дейді жас аниматор.

Сұлтанмен сұқбат барысында «Көксерек» мультфильмінің жасалуына тікелей қолдау білдірген танымал дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы екенін естідік. Сонымен «Көксеректің» қалай дүниеге келгенін білмек болып Қайрат ағамызғы хабарласқан едік. Ол кісі руханиятты қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіне әсер ету үшін мешіттерде уағыз айтып, дінді дәріптеу арқылы ғана ештеңе істей алмайтынын, сондықтан қазіргі заманда балалардың көптеп көретін мультиктері арқылы ұрпақ санасына әсер етуге болатынын жеткізді.

Қайрат Жолдыбайұлы«Біз мультфильм жасауда кеш қалып отырмыз. Бізде бұл бағытқа дұрыс қаржы бөлініп те жатқан жоқ, жетілген мамандарымыз да аз. Сол үшін де дін адамы тек уағыз айтумен, кітап жазумен ғана шектелмеу керек деп ойлаймын. Сондықтан халыққа, оның ішінде балаларға пайдалы, тікелей діни емес, бірақ ішінде руханияты бар дүние болса деген мақсатта «Көксерекке» тоқтадық. «Көксеректе» шым-шытырық оқиғалар, жылдам қимылдар жиі кездеседі. Көп жағдайда біздің мультфильмдердегі қозғалыстар ебедейсіз, динамика жоқ. Біз сол олқылықтың орнын толтыру үшін, аниматорлардың мүмкіншілігін байқату үшін осы «Көксеректі» таңдадық десек болады. Қасқыр мен иттің арпалысы, жүгірісі – бәрі шынайы берілген. Қазірдің өзінде отандық бәйгенің екеуінен үздік орын алды бұл туынды. Әзірге ешқандай телеарналарға берген жоқпыз. Бірақ болашақта келісім-шарт жасалса, ұсынамыз деп отырмыз» - дейді дінтанушы.

Оның айтуына қарағанда, толықметражды мультфильм жасауға да болғандай екен. Алайда сенариін жазуға да өзі араласқан Қайрат Жолдыбайұлы алдағы уақытта бұл салаға араласпайтынын айтты.

«Мен бұл саланың маманы емеспін. Жігіттердің қанатын қатайтып, соларға бас-көз болып, қаржысын тауып беріп жетекшілік жасадым. Сценарийіне де араласып, барынша идеямды айттым. Енді ары қарай өздерің алып кетіңдер деп батамды бердім. Бұл бастама ары қарай жалғасын тауып, үлкен компания дәрежесіне жетсе деген ниетпен ғана жетекші болдым. Ары қарай бұл салаға араласуға ойым жоқ» - дейді дінтанушы.

Сұлтан Жұмабекұлы, Мейіржан Сандыбай және Әділбек Баян есімді жігіттердің қолынан шыққан туындыға 21600 картина сызылыпты. 2D форматымен жасалған кішкентай «Көксерек» балалар үшін таптырмайтын мультик болары сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер