BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Сталиннің өлімі». Қазақстандық кинотеатрларды ресейлік саясаттың елесі кезіп жүр Эксклюзив

Бір аптадан бері қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желіде «Сталиннің өлімі» фильмі Қазақстанда неге көрсетілмейді деген сауал төңірегінде шу шығып жатыр. Мамандар жоғары бағалаған фильмнің біздің елде қойылмау себебі неде? Кино саласындағы биылғы даулы тақырыпқа қатысты сауалдарға Baq.kz ақпарат агенттігі тілшісі жауап іздеген еді.

«1953 жылы Сталин дүниеден озғанда әжем қатты жылады. Әкем де аз қайғырған жоқ». Бұл танымал ақын Күләш Ахметованың естелігі. Ақынның айтуынша, радиодан Сталиннің қайтыс болғаны туралы хабар тарағанда бүкіл ауыл адамдары жылапты. Олар қайтадан соғыс болып кетеді деп қорыққанға ұқсайды. Әрине, дүниедегі бар жасылықты Сталиннің арқасында көріп отырмыз деп сенгендіктен. Сталин болмаса өмір сүре алмай қалатындай қорыққандықтан. Бұл қызыл империя көсемінің адамдардың санасын өз қалауынша өзгертіп, дегеніне жеткенінің белгісі екені даусыз.

Алайда, бір ғана Астананың іргесіндегі пәленбай мың әйелдің гүлдей өмірін солдырып, өмірін қиған азаптау лагері - «АЛЖИР» Сталин дүниеден өтісімен, сол 1953 жылы жабылған. Тарихшыларымыздың «Лагер Сталин өлгеннен кейін жабылды» деп жазатыны да ақиқат. Демек, «ұлы көсемнің» көз жұмғанының арқасында жазықсыз аналар бостандыққа шықты. Жарық дүниемен қауышты. «Халық жауы», «халық жауына жақын болды» деген желеумен талай адамды нақақтан-нақақ түрмеге қамап, азаптаған басқа лагерлер де содан былай «жұмысын» тоқтатуға көшті.

Бұл мұртты көсемнің бір ғана зұлымдығы. Сөйткен Сталиннің өлімі халық үшін қайғы болу керек пе еді, қуаныш болуы керек пе еді?

Бұл біздің әңгіменің басы ғана, негізгі айтпағымыз қазақты қанқақсатқан империялық көзқарастың көзсіз жендеті Сталин жайлы, нақтырақ айтсақ Сталиннің қалай өлгені жайлы түсірілген «Сталиннің өлімі» фильмінің Қазақстанда неге көрсетілмей қалғаны жайлы.

Негізі бұл кинокартина 2010 жылы жарық көрген комикс кітаптың экрандық нұсқасы. Фильмде Сталиннің өміріндегі соңғы сағаттар және оның билік үшін қалай күрескендігі жайлы көрсетіледі. Бұл кинода Стив Бушеми, Джейсон Айзекс, Ольга Куриленко, Джэффри Тембор қатарлы әртістер ойнаған. АҚШ-та бұл фильм наурыздан бастап көрсетіле бастайды. Ал Қазақстанда «Сталиннің өлімі» кинокартинасы Ресеймен бірдей уақытта көрсетілуі тиіс болатын.

«Ердің екі сөйлегені – өлгені».

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский қазақтың осы сөзін түсіне алар ма екен? Әй қайдам! Егер осы сөздің қадірін білсе, аталған фильмді прокатқа шығаруға 17 қаңтарда рұқсат беріп, арада апта өтпей жатып 23 қаңтар күні сөзін жұтар ма еді? Негізі картина 25 қаңтардан бастап ресейлік кинотеатрларда көрсетіле бастауы керек еді. Бірақ қазіргі кезде солтүстік көршімізде өршіп келе жатқан «Сталинсүйгіштік» оған мұрша бермеген сыңайлы. Әйтпесе Мединский мырза былай деп мекіренбес еді:

«Аға буын ғана емес, көп адам фильмді советтік тарихты, фашизмді жеңген елді мысқылдап әжуалау деп түсінеді», - дейді Владимир Мединский.

Онымен қоймай «бір топ заңгер» фильмде «экстремизм белгілері бар» депті-мыс.

Ақыры Ресейде көрсетілмейтін болған соң біздің кинотеатрлардан да бұл фильмді алдырып тастаған. Иә, алдырып тастаған. Қазіргі Қазақстан кинотеатрларын жаулап алған ресейлік орысқұл басшылардың кесірінен елімізде бұл фильм көрсетілмейтін болды.

Олардың бұл әрекетін ресейшілдік дегеннен гөрі империялық фобия деуге тұрарлық дейді танымал жазушы, киносценарист Смағұл Елубай.

«Бұл қазіргі өршіп келе жатқан Ресейдің Сталинге деген «махаббатын» көрсетеді. Ал Сталин – қазақ халқына, Қазақстанға ең үлкен зиян келтірген ГенСек болды. Сталиннің заманында қазақ халқына қарсы геноцид жасалды, қазақ халқының жартысы қырылды, үштен бірі босып кетті. Сол себепті де Сталинді қорғамай-ақ, фильмде қалай түсірілді, солай көрсету керек еді. Ал Ресей қазір Сталиннен «батыр» жасап жатыр. Оның ескерткіштерін көбейтіп, ол туралы пікірлерді дұрыстап, оның «тұлғалық ерекшелігін» қалпына келтіргісі келеді. Бұл империялық менмендік. Ресей үшін Сталин бұл тұрғыда іздегенге сұраған болды. Ал осы жағынан алғанда Қазақстанға Сталиннің жауыздығын әшкерелеген, оның өлімін көрсеткен фильмді ең бірінші болып көрсету керек еді. Мен бұны неге жасырғысы келетінін түсінбедім» - дейді Смағұл Елубай.

«Сталиннің өлімін» не себепті Қазақстанда көрсетпей тастағанын, оның сондай бір қауіпті тұсы бар-жоғын білгіміз келіп белгілі кинорежиссер Рүстем Әбдіраш пен киносыншы Нәзира Мұқышеваға хабарласқан едік, ол кісілер бұл фильмді көрмегендерін, сондықтан бірдеңе айтудың өзі қиын екенін жеткізді. Дегенмен Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, көрермендер өз құқықтарынан айырылып отыр деген пікір білдірді.

Мұндай пікірді танымал қоғам қайраткері, экс-депутат Мұрат Әбенов те айтып отыр.

«Қай сала болмасын Қазақстан азаматтарының өз құқығы бар. Халықты өнер туындыларымен, ақпаратпен танысуға шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. Әр мемлекетте өзінің мемлекеттік саясаты бар. Мысалы көршілес Ресей Еуропада жарық көрген фильм біздің саясатқа қайшы деп тоқтатты. Сталинге қатысты фильмді көрсетпей, Сталиннің дәрежесін түсірмей, оны құрметтеп, Сталиннің кезіндегі жетістіктерін қайта насихаттау басталды. Оның жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысып жатыр. «Сталиннің өлімі» Ресейдің бұл саясатына қайшы. Сол үшін фильмді тоқтатты. Бұл Ресейдің ішкі мәселесі еді. Бірақ Қазақстанда Сталинге деген көзқарас басқаша. Басқа елді айтпағанның өзінде қазақ халқы Сталиннің саясатынан көп зардап шеккен халық. Оны барлығымыз жақсы білеміз. Сондықтан да мың жерден жақсы етіп көрсеткісі келсе де, қазақ халқы Сталинді жауыз ретінде ғана қабылдайды. Ал Ресейдің ақпараттық саясатының ықпалы арқылы аталған фильмді бізде көрсетпеу – үлкен сұрақ тудыратын мәселе» - дейді Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар, ол бұл фильмнің біздің елдің киноэкрандарына шықпай қалуын қателік деп бағалайтынын айтты.

«Мысалы «Сталиннің өлімі» фильмі бірінші кезекте, сол кездегі Ресей билігінің пропагандасын, Сталинді тек қана мықты етіп көрсетуді және қазіргі кездегі Сталинге деген көзқарас, Сталиннің кемшілігі, оның қате шешімдері, оның ұсақ ұлттарға деген ұстанымы, оның қателіктерін көрсету туралы фильм. Ал осындай картинаны бізге көрсетпеу – үлкен қателік», - дейді қоғам қайраткері.

Ал ол «Сталиннің өлімін» Қазақстанда көрсетілмеуіне биліктің ешқандай қатысы жоқ дейді.

«Менің ойымша, бұл жерде кинопрокатпен айналысатын компаниялар мен кинотеатрлардың басшыларына қатысты. Мысалы Қазақстанда шыққан фильмдерге көп кедергі жасалады. Бұл тікелей кинопрокатпен айналысатын компаниялар мен кинотеатрлардың басшыларының әрекеті. Неге бұлай деген сұраққа жауап іздеп көргенімізде, көп жағдайда мұндай орындарды басқаратындар Ресей саясатына тәуелді, сол елдің мүддесіне жұмыс істейтіндей болып көрінеді. Себебі киноны да сол жақтан алып келеді және сол жақтың саясатына жұмыс істейді. Ал жоғары жақтан «көрсетілмесін» деген нұсқау болған жоқ деп ойлаймын. Себебі «Сталиннің өлімін» «Арман» кинотеатрлар желісінің басшысы Бауыржан Шүкенов көрсететінін айтты. Демек бір кинотеатрда көрсетті деген сөз, басқаларына да болады деген сөз. Олай болса, бұл сол саланы басқарып отырған бір топ азаматтың өздерінің көзқарастары арқылы, Ресейдің саясатын бізге тарату мақсатымен жасаған әрекеттері деп ойлаймын» - дейді Мұрат Әбенов.

Мұрат Әбеновтің бұл ойын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да растап отыр.

Министрдің айтуына қарағанда, фильмді көрсету бойынша министрліктен ешкім рұқсат сұрап келмеген және министрлік тарапынан әзірге «бұл фильм көрсетілмесін» деген бұйырық берілмеген.

«Бұл фильмді көрсету туралы кинопрокатпен айналысатындар бізге әлі хабарласқан жоқ. Егер олар бізге байланысқа шығатын болса, біздің оларға өте жақсы ұсынысымыз бар. Ол өз тиімділігін көрсетеді. Ал алдын-ала шешеміз-шешпейміз деп айту маңызды емес, әлі ешкім байланысқа шықпады», - деді министр 25 қаңтар күні журналистер сауалына жауап беріп.

Демек көлеңкесінен қорқатын, Қазақстанның асын ішіп, табағына т...п жүрген жандайшаптардың әрекеті екені анық деген сөз.

Мұрат Әбеновтің сөзінен кейін біз Алматыдағы «Арман» кинотеатрының басшылығына (+7 (727) 2645245) хабарласып көрген едік, бірақ ол жақпен байланысу мүмкін болмады. Ал Астанадағы «Арман» кинотеатрының жетекшілері мұндай мәлімет беруден бас тартты. Бірақ әзірге аталған фильмнің көрсетіліп жатпағанын айтты.

Ал жалпы Астанадағы өзге кинотеатр өкілдері бұл мәселеге өздерінің ешқандай қатысы жоқ екенін, тіпті ол фильм көрсетіледі деген жарнама да болмағанын айтады.

«Біз киноны көрерменге ұсынғанымыз болмаса, оны әкелумен немесе кинопрокатпен айналыспаймыз. Қазақстанда осы саламен айналысатын үш-ақ компания бар, «Меломан», «Синема», тағы бір кинопрокатпен айналысатын компания бар. Солар бізге фильмдерді әкеліп береді, біз соны ұсынамыз. Ал «Сталиннің өлімі» фильмі Қазақстанда көрсетіледі дегенді сізден бірінші рет естіп тұрмын. Ол Ресейде шықпайтын болды деді, біз оны неге әкелмейсіңдер деп сұраған да жоқпыз», - дейді өз есімін атамауды өтінген кинотеатр өкілі.

Осы бойынша Кинопарк желілерінің маркетинг және PR директоры Ерлан Бұхарбаевқа хабарласқанымызда ол мәселенің барлығын Мәдениет және спорт министрлігімен сөйлесіп шешіп алуымызды өтінді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер