BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Белгілі журналист Байтүкенов «Шала қазақ» атты фильм түсіреді

«Шала қазақ» атты фильмнің түсірілімдері қолға алынды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Төлеген Байтүкеновтың «Шала қазақ» атты (шартты атауы) толықметражды көркем фильмнің қорғалымы өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсіргелі жатқан кинотуынды қылмыскерлермен күреске түскен ауылдың учаскелік полицейі туралы баяндайды.

«Бұл фильм адамның тағдыры мен міндеттелген парызын орындау туралы. Картинаның желісінде адам табиғатына тән ынжықтық пен азғындауға құмартып тұратын қасиеті болса-дағы, оған бой алдырмай, өз таңдауына және өзінің азаматтық борышына адал болып қалған жанның өмірі көрсетіледі», - деді фильмнің қоюшы режиссері Төлеген Байтүкенов.

Айта кетсек, «Шала қазақ» фильмі режиссердің жеке өзі түсіргелі жатқан алғашқы жұмысы. 2011 жылы ол «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шыққан «Супер Баха» атты комедияның сценарийін жазуға атсалысып, фильмнің тең режиссері болды. Кейін Төлеген Байтүкенов киностудияның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінде «Тұшпара және Рахманинов» атты қысқаметражды фильм түсірген. Бұл фильмнің сценарийін де автордың өзі жазған.

Айта кетсек, аталған жобаның қорғалымына еліміздің танымал кинематографистері қатысты, олардың қатарында, киностудияның «Көркем фильмдер» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің жетекшісі, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов те болды. Ол фильмнің сценарийі біршама өзгергенін және оны жазуда біраз жұмыс атқарылғандығын байқағанын айтып, кәсіби киногерлерден құралған шығармашылық топқа сәттілік тіледі.

МСМ баспасөз қызметі мәлім еткендей, фильмде басты рөлдерді Ақылхан Асылов, Дина Тасболатова, Шыңғыс Капин сынды жас актерлер сомдайды. «Шала қазақ» фильмінің экшн-қойылымдарын жүзеге асыру үшін Баходыр Жалметов бастаған «Жал» атты каскадерлық ассоциациясының тобы тартылған.

Фильмнің түсіру жұмыстары 10 тамызда басталады. Режиссердің айтуына қарағанда картинаның түсіру жұмыстары бір аймақта – Алматы облысы Қапшағай қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Бригадир ауылында өтеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер