BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Рүстем Әбдіраш «Қазақ хандығы» сериалының жалғасын қашан түсіретінін айтты

Режиссер Рүстем Әбдіраш «Алмас қылыш» фильмі DVD дискісінің тұсаукесері кезінде «Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымының түсірілім жұмыстары осы жылдың қыркүйегінде басталатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

– Жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әлеуметтің дамуы мен рухани жаңғыруы төңірегінде өзекті мәселелерге тоқталып кетті. Біз – киногерлер мемлекетіміз бен ұлтымыздың рухани жаңғыруы жолында еңбек етеміз. Мақалада айтылған аспектілердің бірі – тарихқа бай өткенімізге үңілу. Төл тарихымызды тарихшылар зерттеп қана қоймай, қалың жұртшылық арасында кең насихатталуы тиіс. Тарихи сериалды жарыққа шығару - тарихымызды танудағы маңызды қадамдардың бірі. «Қазақ хандығы» сериалы халқымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар болды және сын да айтылды, - деді режиссер.

Сериалдың жалғасы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген атаумен шықпақ.

– Осы жобаның жалғасы түсірілгенін біз де қарапайым көрермендер де қалап отыр. Мен үшін бұндай жобаны түсіру үлкен жауапкершілік пен мақтаныш. Сондықтан да, «Қазақ хандығы. Алтын тақ» деген шартты атаумен сериалдың екінші маусымын қолға алғанымыз туралы қуана хабарлаймыз, - деді режиссер.

Оның айтуынша, екінші маусымда оқиға Жәнібек ханның қайтыс болуына дейінгі аралықты қамтиды. Сценарий авторлары жаңа маусымда да өзгермейді. Яғни, тарихи туындының жалғасын Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш жазатын болады және негізгі актерлардан басқа тағы 5-6 кейіпкер қосылады.

- Біз дайындық кезеңге өттік. Әдеби сценаридің жұмыстары аяқталуға жақын, бүгінде режиссерлық сценариді жазуды қолға алдық, - деді Рүстем Әбдіраш.

Естеріңізде болса, «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы Астана және Алматы қалаларында өткен болатын. 2017 жылдың 5 қаңтарында жалпыұлттық прокатқа шыққан толықметражды көркем фильм, қазақстандық прокатта 72 млн. астам қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда 2,5 мыңнан астам сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді. Ал он сериалы кинотуынды наурыз айында «31 арнадан» көрсетілген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер