BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мұзбалақ». Адам мен бүркіттің арасындағы достықты бейнелейтін картина жарық көрді

Астана, BAQ.KZ. Астана қаласында «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі.

Картинаның авторлары режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы. Ал операторы – Айдын Мақсат.

Толықметражды анимациялық фильмнің ұзындығы – 65 минут. Мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Ерғали Төлебаев, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.

«Мұзбалақты» жасаудың алдында қысқаметражды фильм дайындадық. Бүркіт осы тақырыпты көтеруге себеп болды. Өзімізді қыран тектес елміз деп, қыранға теңейміз. Сол себепті бұл тақырып біздің жанымызға жақын болды. Бүркітке бүкіл қазақтың жан дүниесін бердік деп ойлаймын. Бүркіт өзінің қайсарлығымен, ерлігімен, төзімділігімен, досқа деген адалдығымен соңында бар қиындықты жеңіп шықты. Қазақ халқы да бүркіт сияқты қайсар ел. Сондықтан бүркітті таңдадық. Сценариін жазғанда адам мен бүркіт арасындағы достықты көрсетсек деп ойладық. Сюжет осы тақырып төңірегінде өрбиді», - деді Тұрдыбек Майдан.

Картина авторларының бірі Тілек Төлеуғазының айтуынша, туындыны түсіруге тек өз еліміздің мамандары атсалысқан.

«Тікелей министрліктің қолдауымен осы фильмді бастадық. Екі жарым жыл көлемінде жасалған фильмде 40 жуық отандық маман жұмыс істеді. Шетелмен салыстырғанда мамандар да, берілген уақыты да аз болды. Сондықтан қолдан келген өнерімізді салып, осы фильмді алып шықтық», - деді Тілек Төлеуғазы.

Толықметражды анимациялық «Мұзбалақ» фильмінің саундтрегінің әні мен сөзін жас талантты әнші - Ұшқын Жамалбек жазған.

- Мен мультфильмді көріп, керемет әсер алдым. Фильм біздің салтымыз және қыран құсын қолға қалай үйреткеніміз туралы баяндайды. Фильмге арнап төрт ән жаздым. Соның біреуіне клип түсіреміз дегенде қатты қуандым, - деді Ұшқын Жамалбек.

«Фильмнің жастарға, балаларға беретін дүниесі өте көп. Туымызда неге бүркіттің бейнеленгені осы фильмді тамашалағаннан кейін тереңірек түсінеді. Қыран мен қазақ егіз ұғым. «Мұзбалақ» қазақтың еркіндігін білдіретін фильм деп ойлаймын. Фильмге үлес қосқан барлық маманға алғыс айтамын», - деп фильмнен алған әсерімен драматург Ұларбек Нұрғалымұлы бөлісті.

Ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналап келе жатқан абжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасады. Ақыры абжылан қайта жер астына қашып жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен абжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді...

Естеріңізге сала кетейік, «Мұзбалақ» мультфильмі отандық прокатқа 2018 жылдың 18 қазанынан бастап шығады. Бүгін Алматы қаласында тұсаукесері өтеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер