BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Мен сені сүйем, Ақерке!» фильмі қалай түсірілді?

«Мен сені сүйем, Ақерке» фильмін «Шабыт» университетінің студенттері 21 жасында ақ қан (рак) ауруынан дүниеден өткен ашық-жарқын курстастары Ақеркеге арнады. Бұл кинода өзгелердегідей жеккөрушілік пен сатқындық,құрбыға сенімсіздік пен болашаққа деген үмітсіздік жоқ. Тек махаббат пен достық бар. Кино туралы кеңірек білгіміз келіп түсірілім тобына хабарластық.

Фильмдегі бас кейіпкер – Ақерке Жұрымбаева 1993 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Жастайынан өнерді сүйіп, біраз байқауларда бақ сынап, жүлдегер атанады. Мектепті үздік аяқтап, Астанадағы «Шабыт» өнер университетіне музыкалық театр артисі мамандығына түседі. Студент атана салып жыр байқаулары мен үлкен сахналарда жұлдызы жарқырайды. Алайда 3 курста оқып жүргенінде ақ қан ауруы диагнозы қойылып, шетелде емделуге 250 мың евро қажет болады. Оны университеттегілер тек келесі жылы біледі. Сонда оның достары мен таныстары, тіпті ұстаздары қаражатты жинау үшін бар күшін салады. Түрлі қайырымдылық концерттері мен акциялар өткізіп, екі аптаның ішінде 24 мың доллар ақша жинайды. Сол кезде Ақеркеге Түркия еліне квота беріліп, емделуге аттанады. Алайда бойын ауру әбден меңдеп кеткендіктен, дәрігерлер аман алып қала алмады.

Түсірілім екі жарым айда аяқталды

Ақеркенің көзі тірі кезінде достары Түркиядан жазылып келген соң ол туралы кино түсіруге уәде берген. Өмірден өткен соң үш айдан кейін түсірілім жұмыстары басталып кетеді.

– Кино екі жарым ай түсірілді. Бірақ қаражат мәселесі, өзге де қиындықтар себебінен арасында үзілістер болды. Оның ішінде монтаж, фильмнің кинобояуы және дауысты қайта жазу кезеңдері бар. Осылайша, 2015 жылдың күзінде басталып, 2016 жылы аяқтадық. Киноға барлық актерлер тегін түсті, – дейді фильм продюсері Абылай Ибрайұлы.

Фильмнің басында студенттер өз қаражаты мен ата-аналарының ақшаларын ортаға салып, түсірілімді қолға алады. Бірақ жұмыс барысында, монтаж жасауда аты-жөнін атамауды өтініп біраз кісілер көмектесіпті.

Сценарий авторы Назия Назарбек әр кадрды ойында алты ай қорытып жүреді. Тамыз айында үстелге отырып, барлығын тек екі сағатта 40 бет қылып жазып шығады. Ендігі жұмыс – киноның атауы.

Интернетті ақтарып отырғанымда, – дейді Назия. – Азаматтың Ақеркеге арналған ролигін көріп қалдым. Тұрғанына бір жыл болса да, өзім бірінші рет көріп тұрмын. Ролик «Мен сені сүйем, Ақерке!» деген жазумен аяқталады. Өте қарапайым, айтуға оңай. Көбісі бұл атау тым қарабайыр екенін айтып, өзгертуге ұсыныс білдіріп жатты. Бірақ өз дегенімнен айнымадым және қазір оған еш өкінбеймін.

Астанада қазан айының ортасынан бастап түсірілгендіктен күн өте суық болды. Жеті рет күннің шығуын түсіріп, жазды көрсету үшін актерлердің футболкамен футбол ойнауына да тура келіпті.

– Қаржысы белгілі бола тұрып, кино түсірудің өзі үлкен шаруа, өте қиын іс. Ал ақшасы жеткіліксіз фильмді түсірудің жөні мүлдем бөлек. Бізде массовкалық көріністер көп болды. Оларды бірнеше мәрте қайталап түсіретінбіз. Оның үстіне басты рөлдегі актерлердің және Аяулымның үш айлық балалары бар. Сәбилерді көлікте біреуіміз ұстап отырамыз. Аналары камера алдына барып ойнап келеді де, емізіп, қайтадан түсірілім алаңына кетеді. Жатақханада түсіру деген тіптен бөлек әңгіме, – дейді режиссерлердің бірі Мейірім Арғымбаева. Өйткені жатақханада тыныштықта түсіру мүмкін емес деуге болады. Актерлердің барлығы дерлік студенттер. Оларды ұстаздары сабақтан жібермепті. Түсірілім көбіне барлығы сабақтан босағанда, кешкі сегізде немесе онда басталады. Түннің ортасына дейін жалғасады. Араларында 17 жастағы студенттер де бар. Ал кәмелеттік жасқа толмағандарға он бірден кейін жүруге рұқсат жоқ. Тіпті түсірілім тобы Сарыарқа аудандық ішкі істер бөлімінде де болып шығыпты.

Ал Назия қатқыл дискпен болған қиындықтарды еске алды. Камераға түсірілген материал күн сайын қатқыл дискке көшіріледі. Ондай дисктің біреуі кем дегенде 45 мың тұрады. Ал оларда ондай ақша жоқ.

– Жатақхана бөлмелерін аралап, диск сұрап шықтық. Сонда бізді мүлде танымайтын, не түсіріп жатқанымыздан хабары жоқ жандар дисктерін берді. Кәсіби фильмдерде көшірменің екі данасын жасайды. Барлық таныстардан дисктерді сұрастырып жүріп, бір данадан ғана көшіріп жүрдік. Сол себепті кейбір материалдар жоғалып кетіпті. Мәселен, Азаматтың Ақеркеге тұрмысқа шығуын сұрайтын сәт болатын. Ол көріністі бір күн түсірдік. Бірақ дискті таппай қалдық, – деді режиссер.

Азамат пен Ақерке рөліндегілер отау құрды

Азаматты ойнаған Нұрлан Науразбаев пен Ақеркенің рөліндегі Айсаным Қастеева киноға дейін қыз-жігіт болып кездесіп жүреді. Түсірілім барысында ғашық жандар уақыттың қадірін түсініп, үйлену тойын өткізеді. Қазір олардың Арлан есімді ұлдары бар. Айта кетейік, Айсаным – атақты суретші Әбілхан Қастеевтің шөбересі.

Айсаным мен Нұрлан үшін бұл кинемотографиядағы алғашқы дебют екен. Қазір Айсаным «Шабыттың» 2 курсында театр және кино костюмі сценографиясы мамандығында оқиды. Кастинг осы университетте жүріп жатқан уақытта олардың бір сабағы болмай қалады. Группаласы төменде осындай кастинг өтіп жатқанын айтып, баруға ұсыныс жасайды. Ол жай қызығушылықпен кіргенімен, басты рөлді сомдаушы рөліне бекітіліп шығады. Архитектор мамандығындағы Нұрлан Науразбаевты да кастингке баруға үгіттеген де өзі.

– Мен Ақеркемен ол ауырған соң барып танысып, араласа бастадым. Оның ауырса да еңсесін түсірмейтін қайраттылығына, айналасына нұрын шашып жүретін мейірімділігіне таңдандым, – дейді Назия. – Ол менің есімде пәктіктің, тазалықтың образы ретінде қалды. Кинода да осы мінезін ашуды мақсат еттік. Ал Айсаным оған қатты ұқсады. Нұрлан келгенде екеуінің бір-біріне деген көзқарасын көріп, бас кейіпкерлердің махаббатын жеткізе алатынына сендік.

Айсаным түсірілімнің алғашқы күндерін ай­тып берді.

– Сыртта өте салқын еді. Мен бір көйлек, Нұр­лан болса жалғыз жейде киіп алған. Бө­пемізді үйге тастап, таңғы 4-5-терде түсірілім алаңына барамыз. Өйткені күннің шығуын кадрға ілуіміз қажет. Көріністі ойнап біткен соң, бізге жылы көрпемен жүгіреді. Көлікке отырғызып, жылытып, шай береді. Артынша сол көйлекпен қайта шығамыз. Мұның барлығы 5-6 секундтық сәттер еді. Барлық аналар сияқты суықтап, сәбиім ана сүтінсіз қала ма деп қорықтым, – дейді Айсаным.

Режиссерлер оператордың да орнын алмастырды

– Операторларға ақша төлемейміз. Барлығы студенттер. Сабақтары болғандықтан, ауы­сып жұмыс істеді. Фонтанды түсіретін кадр бар. Сол күні түсірген оператор үстін су қылғысы келмейтінін айтып, фонтанға кіргісі келмеді. Амал жоқ, қолыма қолшатыр алып бірінші боп мен кірдім. Артымнан камераны көтеріп Мейірім кірді де сол көріністі өзіміз түсірдік, – деді Назия. Ал Назияның Ақеркенің қазасын еститін көрінісін -350с суықта алты сағаттай түсіріпті. Оның үстіне сол күні картинадағы Назияның жұбы Абылайдың туған күні болатын.

– Жалпы, «Мен сені сүйем, Ақерке!» туралы екі жағымсыз пікір алдық. Оның бірі – киносыншы Кәрім Қадірбаевтың айтқаны. Алдын ала көрсетілімге шақырғанымызда бәріне мақтады. Бірақ артынша осындай пікірімен бөлісті. Ал қалғандары кілең жағымды пікірлер. Әлеуметтік желілерде, сайттарда көрермендер жүрекжарды тілектерін білдіріп жатыр. Тіпті кино трейлері мен фотолардан махаббат хикаясын жасағандар, өлең шығарып жариялағандар да көп болды. Кинокартинада достық пен махаббатты көрсеткіміз келді. Сол мақсатқа жеткенімізге өте бақыттымыз! –деді Мейірім.

Алғашқы көрсетілім Ақеркенің туған қаласы Ақтөбеде өтті. Оның және Назияның туыстары, достары бар залда 140 адамдай көрермен болған. Ақеркенің ата-анасы көрсетілімнен соң түсірілім тобына алғысын айтып, ризашылығын білдіреді.

– Фильм өте ұнады. Кейіпкердің менің қызыммен ұқсастықтары өте көп екен. Ақерке балабақшаға барған сәтінен бастап ән айтып, би биледі. Мектепте қандай да бір іс-шара болса, сонда жүретін. Қызымның барлық адал жүректі дос-құрбыларына зор ризашылығымды білдіремін. Елімізде осындай жастардың барына қуанамын, – депті Ақеркенің анасы Бибінұр Бекенбаева.

Кино үшін шашын алдырды

Басты кейіпкерді таңдауда біраз қиындықтар туғанын режиссерлер жасырмады. – Біз дәл Ақеркедей өмірге құштар, таза, мейірімді бейнені тапқымыз келді. Ол көрермендердің көзінде бетперде кимеген, жаны сұлу қыз болып қалғанын қаладық. Кастингке 200 адам келді. Олардың 70 пайызы – кәсіби актерлер. Басты шарттардың бірі – шашты тықырлап алып тастау. Мұны есті­генде біз ұнатқан актрисалар бірден бас тарт­ты. Қателеспесем, Айсаным 115-інші болып кірді. Біз өте шаршап отырдық. Амандасып, таныспай жатып бірден «Шашыңызды алуға келісесіз бе?» дедік. Ол «иә» деп жауап беріп,бәрімізді таңғалдырды», – дейді Назия.

Алынған шашты қайта қалпына кел­тіре алмайтыны белгілі. Шаш алып жатқан кадр тек бір дубльден түсіріледі. Сондықтан осы түсірілімге барлығы өте тыңғылықты дайындалады.

Өмірдегі Азамат Н.Қоянбаевтың «Түнгі студиясында» бас гитарист болып істейді екен. Қазір өз ортасында танымал композитор. Кастингке барып, басты рөл актерлерін таңдауға қатысқан. Фильмді көруге кинотеатрға бір өзі барыпты. Инстаграм әлеуметтік желісінде киноның қатты ұнағанын, көріп болғаннан соң ғана жан дүниесі ты­нышталғандай күйге түскенін жазады.

– Осы үш жыл бойы мен барлық ауыртпалықты өзімде ұстадым. Енді менің жүрегім босады және мен қайтадан өмірге күліп қарап, алға қадам басуға дайынмын! – деп соңында барлығына рақметін айтады.

Кинодан түскен барлық қаражат ақ қан ауруына шалдыққан Айкүнім деген қызға аударылады. Сондай-ақ қалған соманы жинау үшін кино актерлері қайырымдылық концертін өткізуге дайындалып жатыр.

ТҮЙІН:

Астанадағы алғашқы көрсетілімдерде актерлер мен режиссерлер көрерменнің пікірін білгісі келіп кинотеатрларға келіп жүрді. Киноны қазір ғана аяқтаған көрермендер үшін олар экраннан шығып келгендей әсер қалдырды. Тек режиссерлер актерлерді таныстырғаннан кейін барып, оларды құшақтап жатты. Шығармашыл адам үшін бақыт деген осы шығар. Ең бастысы, олар Ақеркеге берген уәдесінде тұрды. Бізге әр сәтті бағалау керектігін ұғындыратын шынайы туынды сыйлады.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

aikyn.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.
Пікірлер