BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қазақфильм» киностудиясында «Киномеханик» атты жаңа фильм түсірілуі мүмкін

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Киномеханик» (шартты атауы) атты жаңа толықметрлі көркем фильмнің қорғалымы өтті. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz.

Фильмнің режиссері киностудияда қабырғасында бұған дейін «Келін», «Шал» және «Кенже» атты танымал трилогиясын түсірген – Ермек Тұрсынов.

«Киномеханик» кинокартинасы ҚР Мәдениет және спрот министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілгелі отыр. Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетіп, өнер арқылы, оның ішінде, кинематографтың көмегімен әлемді өзгертуге болады деп сенеді.

«Фильмнің идеясы марқұм Меңтай Өтепбергеновтікі. Бір күні киностудияда кездескенімізде киномеханиктер туралы ойын айтты. Кейіннен оның ойын тарқатып, сценарий жазып шықтым. Сценарийді көрген сәттен бастап, ауырып жүргеніне қарамастан, басты рөлді сомдауға дайындалып, қуанып жүрді. Өйткені ол көбінде эпизодтық рөлдерде ойнап, басты рөлдер бұйырмаған актер болатын. Біз оның үйінде талай кездесіп, репетиция жасап, кей сахналар туралы айтып жүрдік. Амал нешік, фильмнің түсірілімге шыққанын көре алмай кетті... Алайда, оның есімі титрда болады», - деді режиссер Ермек Тұрсынов.

Картинаның продюсері Қанат Төребай Екінші Дүниежүзілік соғыс суреттелетін сахналар өткен жылдың желтоқсан айында Венгрияның астанасы – Будапештте түсірілгенін айтып, түсірілген 8 минуттық бейнематериалды Эксперттік кеңес мүшелеріне көрсетті.

«Соғыстан кейінгі жылдарды сахналауға қажетті объектілерді табу үшін Қазақстанның барлық аймағын шарлап шықтық. Көрген объектілерді қорыта келе, түсірілімдерді Алматы облысы, Жаркент қаласы маңында жүргізетін болдық. Фильмнің негізгі айтар ойы – ұлы кино өнерінің күші мен игілік эстафетасы. Біздің картинамыз ХХ ғасырда кино өнерін таратушыларға бағышталады»​​​​​​​, - деп түйіндеді продюсер.

Ермек Тұрсыновтың бұл фильмінде басты рөлдерді Мұрат Мақажанов және картинаның қоюшы суретшісі Қуат Тілеубай сомдайды.

Продюсер Қанат Төребайдың айтуы бойынша, фильмде отандық және шетелдік танымал актерлер бой көрсетеді.

«Қазір ресейлік актриса Нина Усатовамен фильмге түсуі туралы келіс-сөздер жүріп жатыр», - деді продюсер.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қаңтар 2019, 16:34
Бозарып тағы таң атты
Пікірлер