BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қазақ хандығы» сериалы туралы халық не дейді? Эксклюзив

Наурыз мерекесі күндері 10 бөлімнен тұратын «Қазақ хандығы» тарихи сериалы жұрт назарына ұсынылды. Рүстем Әбдірәшевтің туындысын «31-арнадан» көрсетті. Телехикая басталысымен-ақ жұрттың ойы сан-саққа бөлінді. Әртүрлі пікір айтылды. Алайда телехикая нақты тарихи негізге сүйенген, тарихи тұлғалар көрініс тапқан тұңғыш тарихи кинокартина екендігін ескерсек, айтылған пікірдің әрбірі құнды. Осыған орай Baq.kz тілшісі көрермендер мен тарихшылардың аталмыш тарихи туынды жөнінінде пікірін білді.

Алдымен тарихи туындыны асыға күткен көрермендердің «Youtube» желісіндегі пікірлерін беруді жөн көрдік.

Сағжан Болатханұлы: - Ай, Рүстем аға-ай. Небәрі 5 млн долларға бір сериал жасап шықты. Бұл өте аз ақша. Сол нәрсе сериалға әсерін тигізгені аздап білініп тұр. Жумоң мен Құбылай 300 млн-ға түсірілген. Жаужүрек мың бала - 12 млн, Көшпенділер - 40 млн. Соған қарамастан 5 млн-ға тамаша туынды жасалды. Менің түсінгенім Қазақ хандығы 300 млн-ға түсірілсе, Рүстем аға бәрін 100-% ға қатырады.

Мадина Нажмиддинова: - Бұл (сериал – автор) негізі 20 серия болған, Бірақ ақша бөлінбеген... Әйтпесе «Көшпенділер» және тағы басқа кинолармен салыстырғанда сериал 6 есе төмен ақшаға түсірілген. (Сериалды түсіруге – автор) Путиннің «Бұрын қазақ деген ел болмаған» деген сөзі себепкер болған. Маған қатты ұнады. Өте тамаша. Рухыңды көтереді, патриоттық сезіміңді оятып, бойыңа күш, қайрат, жігер енеді. Қайран менің аталарым. Осындай қиындыққа мойымай, осы күнімізге жеткізген бірінші Алла, екінші себепкер аталарыма рақмет. Шүкіршілік етемін.

Абзал Нарбаев: - Қазағым неге олай дейсіңдер? Кореяның да тарихын көрдік қой. (Олардың – автор) тарихын Жумонгтан бастап жаттап алдық!!! Осыған да мың шүкір!!! Кино жақсы түсірілген! Қанша еңбек жатыр мұнда!!! Ұнамаса өздерің осылай түсіріңдер!!!

Олжас Иманбеков: - Толып жатқан қайдағы жоқ Үндістан, Қытай, түріктердің (фильмінен – автор) мың есе артық кино. Қазақтың тарихы терең ғой. Қобыланды, Алпамыс, Махамбет батырлар жайлы кино түсірілсе екен. Кино қатты ұнады. Рақмет! Жалғасы тезірек шықса жақсы болар еді.

Ал «Facebooк» желісіндегі қолданышулар мынандай пікір білдірген екен.

Дүкен Мәсімханұлы, ақын, әдебиетші, қытайтанушы: - «Қазақ хандығы» сериалында, Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құрғанын естіген Әбілқайыр хан (Шайбан Шах) ашуға булығып: «Қазақтармен барыс-келісімімді үземін» деген мазмұнда ұшбу жарлығын жаздырады. Осы кезде экраннан хан жарлығын қағазға түсіріп отырған хатшының жазбасы көрінеді... Күлесің бе, жылайсың ба?! Масқара!!! Әлгі хатшы XV ғасырдағы хан жарлығын XX ғасыр басында пайда болған Ахмет Байтұрсынұлының әліппесімен (төте жазу) сүйкеп отыр.

Мөлдір Болатбай: - Біткен іске сыншы көп. Әрине! Бірақ шындығында да (сериалда – автор) қателіктер көп, тілдік жақтан да. Жалпы режиссерді ғана кінәлайық десек, сол киноның басы қасында қаншама адам жүр. Біреуі байқамады деген өтірік болар. Қаншама қаржы кетті әрі ол біздің тарихымыз ғой. Киноны тек біз ғана көріп, «көш жүре түзеледі» деп отырмаймыз. Басқа ұлттар көрсе не демек? Шұғылалы тарихымызды жалпыға мақтана жария еткелі отырған жоқпыз ба? «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген аталы сөзге тоқтаған дұрыс болар.

Көрермендердің сын ескертпелерін ескере келе, біз тарихшылардың «Қазақ хандығы» жөнінде ойын білуге тырыстық.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор: - Мен «Қазақ хандығы» сериалын толық көре алған жоқпын. Алғашқы 1-2 сериалын көрдім. Мен тарихшының көзімен қарадым. Нақты пікірді сериалды толық көргеннен кейін айтамын. Бірақ Әбілқайыр хан Әбілқайыр болып қалуы керек еді. Оны «Шайбан Шах» деп атау қате.

Жамбыл Артықбаев, тарихшы, этнограф: - Мен «Қазақ хандығы» сериалын көрген жоқпын. Соңғы кездері денсаулығым сыр беріп жүр. Телехикаяда Әбілқайыр ханның «Шайбан Шах» деп аталғанын сізден естіп отырмын. Бұл орынсыз. «Шах» деп айтуға болмайды. Тек парсылар ғана өз билеушілерін «шах» деп атаған. Ал түрік халықтары билеушілерін «хан», «қаған» дейді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер