BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ермек Тұрсыновтың жаңа фильміне Ресейдің танымал әртісі түсіп жатыр

Фото: баспасөз қызметінен

Ресейдің танымал театр және кино әртісі, Ресейдің халық әртісі Нина Усатова Ермек Тұрсыновтың «Киномеханик» фильміне түсіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.

«Киномеханик» кинокартинасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Тұрсынов фильм» ЖШС бірлесе түсіріп жатыр. Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Ол киноның көмегімен әлемді жақсартуға болады деп сенеді.

Фильмде жесір әйелдің рөлін «Холодное лето пятьдесят третьего», «Мусульманин», «Барак» және т.б. фильмдері арқылы танылған Нина Усатова сомдайды. Фильмнің түсіру алаңы Алматы облысы Жаркент қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан.

«Осы рөл арқылы мен өзімнің балалық шағыма оралғандай болып тұрмын. Себебі мен Алтайда туылғам, сондықтан да, жылқылар мен қойлар және кең даланың иісі маған жақсы таныс. Бұл рөлдің маған бұйырғанына қуаныштымын. Тағдырдың берген сыйы деп санаймын»,- деді ресейлік актриса.

Фильмнің режиссері Ермек Тұрсынов сценарий жазу барысында осы рөлге Нина Усатованы елестеткенін айтты. Ал ресейлік актриса қазақстандық режиссердің шығармашылығымен таныс екенін жеткізді.

«Кеңес заманында түрлі фестивальде Қазақстандағы әріптестерімізбен жиі кездесіп, фильмдерді талқыға салып, қандай картиналар түсіріліп жатқанын білуші едік. Өкінішке қарай, қазір бәрі өзгеше. Алайда мен Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмін көргенім есімде. Өте шыншыл туынды. Басты кейіпкерді сомдаған актер шынайы ойнап шықты. Көріп отырып жыладым да, ол қасқырлардан қашқан кезде «Қашсаңшы, тез бол» деп бірге айқайлап отырдым да. Күлген жерлерім де болды, өйткені картинада әзіл де бар», - дейді Нина Усатова.

Айта кетсек, «Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ерболат Тоғызақов та «Киномеханик» фильміне қатысады. «Ол менің барлық фильміме түсті ғой, ол маған сәттілік әкелетін тұмарым іспеттес», дейді режиссер.

Ал «Киномеханик» фильмінде басты рөлді актер Мұрат Мұқажанов сомдамақ. 69 жастағы актер түсірілім алаңында соңғы рет 50 жыл бұрын болған екен.

«Барлық бала сияқты мен де актер болуды армандағанмын. 1965 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтына театр факультетіне оқуға түстім. Әшірбек Сығай, Әшірәлі Кенжеев, Ерсайын Дүйсенбиев, Құман Тастамбековтермен бірге КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның шеберханасында оқыдым. Түсіру алаңында алғаш рет 1967 жылы болдым, Александр Карповтың «Дорога в тысячу верст» фильмі болатын. Сондай-ақ Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміне де түстік. 70 жылдары отбасы жағдайына байланысты Семейге оралуыма тура келді, кейін әскерге кеттім», - деп еске алды актер.

Әскерден орала салысымен Мұрат Мұқажанов жергілікті мектеп директорының шықыруымен әскери дайындық бойынша мұғалім болып қызметке орналасады. Оған қоса, ауылдағы театрда қойылымдар қойып жүрген ол, «біздің театр 1977 жылы халық театры атағын алған», деп мақтанышпен айтты. Бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан ақсақалдың 6 немересі бар екен.

«Бұл рөлге үміткерлер көп болды, шамамен 40-50 адам. Осы жастағы көптеген актерды қарастырдық, Қазақстандағы барлық драма театрымен жұмыс жасадық. Мұрат ағаны бұрыннан танимын, оны кастингке алып келіп режиссермен таныстырдым. Ермек жаңа есімдерді ашқанды жақсы көретінін білесіздер ғой. Көп ойланып, ақырында Қайыржанның рөліне осы кісіні бекіттік», - деді картинаның продюсері Қанат Төребай.

Сонымен қатар продюсер фильмнің түсіру жұмыстары Алматы облысында маусымның 28-не дейін жалғасатынын айтты. Соңғы түсірілім 1 шілдеге жоспарланған. Фильмнің монтажын осы жылы аяқтау жоспарлануда.

«Барлығы пост-продакшнға байланысты, алдын ала болжап айту қиын», - деп қорытындылады Ермек Тұрсынов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер