BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елордада «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітап таныстырылды

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залында Қазақ Ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Кітап Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған.

Зерттеу еңбегіне енген зерттеулер, мақалалар, рецензиялар мен сұхбаттарда қазақ деректі киносы, көркемсуретті фильмдер, сценарий, бүгінгі жастар киносы, кинофестивальдер, отандық кино өнеріндегі өзекті мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген өзекті тақырыптар арқау болған. Кітаптың негізгі құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады.

«Уақыт және қазақ киносы» деп аталатын зерттеулер бөліміне қазақ киносының кейіпкерлері, киносценарий және фильм, прозаның кинематографиялық табиғаты, деректі кинодағы мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген тақырыптарды арқау еткен зерттеу мақалалары енді.

«Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал» атты екінші бөлімде қазақ киносындағы өзекті мәселелер мен жекелеген фильмдерге қатысты ой-пікірлер, жастар киносы, кинофестивальдер т.б. туралы мақалалар мен рецензиялар ұсынылып отыр. Кітаптың «Уақыт. Кино. Тұлға» деп аталатын үшінші бөліміне отандық және шетелдік белгілі кинематографистермен болған сұхбаттар еніп отыр. Бұл сұхбаттардан 1990 жылдардағы отандық кинопрокат, кинотеатр, репертуар мәселелері, фильмдер, 1998 жылы тұңғыш рет өткен «Еуразия» халықаралық кинофестивалі, кинематографистердің шығармашылық зертханасы, олардың уақыт, қоғам, кино туралы ой-толғамдары, т.б. көптеген маңызды мәліметтер алуға болады. Ал, «Кино – өмір айнасы» атты соңғы бөлімде кітап авторының кино өнері туралы баспасөз беттеріне берген сұхбаттары ұсынылып отыр.

Жалпы, кинотанушы Назира Рахманқызының «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітабы өнерсүйер оқырман үшін қазақ киносының кешегі мен бүгінгі күні туралы молынан мәлімет беріп, рухани қажеттілігіне қызмет етеді деп сенеміз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қаңтар 2019, 16:34
Бозарып тағы таң атты
Пікірлер