BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елімізде вестерн жанрында фильм түсірілді

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген «Шала қазақ» толықметражды көркем фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақфильм» мәліметінше, бұл кинотуындының шартты атауы. Вестерн жанрында түсірілген жаңа фильм қылмыскерлермен жалғыз өзі күреске түскен ауылдық учаскелік полицей туралы. Кинотуынды режиссері – Төлеген Байтүкенов.

«Біз бұл жобаға былтыр көктемнен бастап кірістік. Сол кезден сценарий көптеген өзгеріске ұшырады. Басында комедия түсіруді жоспарлаған едік. Сценарийдің соңғы нұсқасы алты ай бұрын ғана жазылып бітті. Фильмнің қазіргі атауынан еш жұрнақ қалмады десем артық айтпаған болармын. Кинотуындының атауын алда міндетті түрде өзгертеміз. Фильмнің жанры – вестерн. Менің ойымша, бұл жанрда түсірілген фильмдер Қазақстанда жоқтың қасы. Вестерн түсіру үшін бізде жазық дала да, тұлпарлар да, қайратты жігіттер де бар. Және де, вестерн уақыт өте келе АҚШ қоғамында орын алған өзгерістерді айқын көрсете алды. Басқаша айтқанда, вестерн тарихы – бұл Американың көңіл-күй тарихы. Осы вестернның қалыбын біздің елге алып келуді бұрыннан ойлап жүрген едім», - деді картинаның режиссері.

Фильмнің түсіру жұмыстары биыл 10 тамызда басталып, 21 күнге созылған. Картинаның түсіру жұмыстары Алматы облысы Қапшағай қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан «Бригадир №4» ауылында жүргізілген. Енді фильм киноөндірісінің ең қиын монтаждау-түстеу кезеңіне өтеді. Жоспар бойынша фильм қараша айының ортасына дейін монтаждалмақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер