BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елімізде мемлекеттік балалар киностудиясын ашу керек – Б.Дәуренбеков

Мамыр айында отандық кинопрокатқа жол алған «Қазақ елі» анимациялық фильмін шыны керек, дер кезінде тамашалай алмаған болатынмын. Соның сәті түсіп, елімізде алғаш рет түсіріліп отырған анимациялық фильмді асықпай қарап шықтым. Көрермен ретінде біраз нәрсені жоғалтқаныма, бұл туындының неліктен көп насихатталмағанына таңырқадым.

Фильм ә дегеннен-ақ өте сәтті басталған. Оқиғаларды өрбіту, бір-бірімен байланыстырып, көрерменді соңына дейін экранда ұстап отыру, қазіргі таңда үлкен жетістік. Әсіресе, балаларға арнап түсірілген дүние қызықты болмаса, бүкіл еңбегім зая кетті дей бер. Не айтпақ болдық? Әңгіме, «Қазақ елі» анимациялық фильмі мен оны түсірген «Сақ» киностудиясының ерен еңбегі жайында. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген картина, шыны керек қазір жым-жырт қалды. «Бүгін желі бетінде не қызық болар екен?» немесе «неден құр қалдым» дейтін тобырлық психологияның сұранысын, өне бойы пайымды дүниелермен сусындатып отыру зеріктіретін болса керек. Десе де, ұрпақ тәрбиесі ертеңге ысырып қоя салатын ойыншық емес. Бүгін мүлт кеткен нәрсені түзеп отырмасаң, салдарымен жылдар бойы күрескенің күрескен.

Сонымен, «Қазақ елі» анимациялық фильмі туралы қысқаша айта кетсек. Бір сағаттан асатын картинада Қазақ хандығының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібек ханның өмірі баяндалады. Кадрде ежелгі шапқыншылық кезіндегі ойраттардың елімізді басып алғысы келетін сәтінен басталған. Бірақ, шешуші сәтті фильмнің соңына қалдырып, оқиға бірден қазіргі жас Астананың көрікті келбетіне ауысып кетеді. Яғни бүгінгі біздің заманымыздың көрінісі. Аулада ойнап жүрген екі балақай аяқ астынан тауып алған алтын кездікке таласып қалады. Кенет Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішінен белгісіз бір жарық сәуле тарап, қанжар ғайып болып кетеді. Олардың әрекетін сонадайдан бақылап отырған үлкен кісі балаларға ескерткіштегі хандардың ерлік істері жөнінде баяндап береді. Оқиға өрбітудегі тәсілді керемет тапқан режиссер мен сценаристің шешіміне риза болмасқа амалың жоқ.

Әдетте біз неліктен екі бірдей хан таққа қалай бірдей отырып елді басқарған, олар жас кездерінде қандай болды, нені армандады, ел басқару үшін қандай өткелдерден өтті деген сауалдарға бас ауырта бермейміз. Ал фильм сәтті шығу үшін режиссер, жалпы фильмді жасап шығарушылар бір кісідей атсалысуы қажет. Сонымен, Керей мен Жәнібек жастайынан қарт жаугердің арқасында соғыстың қыр-сырын үйреніп шығады. Кейіннен Жәнібектің әкесі Барақ хан тұтқиылда жау қолынан қаза тапқандықтан, олар Отырарға білім алуға кетіп қалады. Әрі ел болашағы үшін де өздерін аман сақтап қалу керек болды. Осы уақытта елді Әбілқайыр хан басқарып тұрады. Ол елге шектен тыс салықты көбейткені үшін, кейбір жергілікті тұрғындар басқа елге ауып кетіп жатады. Салық деген пәлекет сонау тарихта бар жүйе екен. Одан шығудың жолын немесе басқаша әдісін қазіргі өркениет те ойлап таба алмапты. Сондықтан болар, Керей мен Жәнібек халықты ауыр қыспақтан құтқарып, өз алдына жеке мемлекет құруға ұмтылады. Жеке ел болып қалыптасу оңай шаруа емес. Күш пен білек қана емес, амал-айла, білім мен біліктілік қажет. Соның арқасында Керей мен Жәнібек жауды жеңіп, ел армандаған азаттықты алып береді. Қазақ хандығын құрып, тарихта қалады.

Анимацияны көрген бала елдің тарихын, ескі қалаларды, Отырар кітапханасын, шығыстан шыққан ұлы ғалымдардың аты-жөндерін, батырлықты, патриотизм мен асқақтықты үйреніп шығады. Тағы бір айта кететін жайт, фильмде ақ пен қара шайқасы, таңбалы тасқа әр рубасының символдық белгісі болып келетін тас қойылса аспаннан нұр төгіледі де алапат күшке ие болып, зұлымдықтың бетін қайтаратын сәті бар. Барақ ханға сол елдің атақты ғұламасы 77 жылда бір рет көрінетін құйрықты жұлдыздың кезінде қара күштердің оянатыны туралы ескертпесі де қызықты деталь. Ынтымақ біріксе оны ешқандай күш ала алмайды. Оны ыдырату үшін Қара күш рубасы Қарабекті азғырады. Анимацияда таңбалар, символдар, философиялық түйіндер баланың санасына ауырлау болса да, түсінікті етіп түсірілгені қуантты. Себебі, жер бетінде Керей мен Жәнібек салық салушы ойраттармен шайқасып жатса, бұлт үстінде Ақ пен Қара күш шайқасып жатады. Фильмде Ақты арыстан бейнесінде, Қараны жарқанат пен жылан бейнесінде ұсынуы да бала санасында жатталып қалады.

Мультипликациялық туындының режиссері Батырхан Дәуренбеков бұл турасында былай дейді:

«Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бізге анимацияда пәлен хан жаман, анау жақсы демей-ақ, жұрт сүйсініп көретін дүние жасаңдар деген болатын. Сол себепті, мен ақ пен қараның шайқасын енгіздім. Жақында Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері болды. Сол кезде біз Өнер университетінде қонақта болдық. Сонда студенттер фильмнен «голливудтік стильді» байқап қалдық деді. Мен оларға «Елу жылда ел жаңа», қазіргі балаларымыз біздің бұрынғы көрген мультфильмдерді көрмейді. Себебін сұрасам «іш пыстырады» деп жауап береді. Оларға әрбір минут сайын оқиға шытырман болуы керек. Біз қазіргі заманның балалары не сұраса, соны беруіміз керек. Мысалы, Эдди Мерфи деген актер «Шректе» есектің персонажын дыбыстап шықты. Яғни көптеген шетелдік актерлер осындай жобаға қатысады. Бізде де осындай дыбыстауға Сәкен Майғазиев, Нұрлан Абдуллиндер келісіп тегін дыбыстап берген кезде, риза болдым. Ол кісіге былай айтыңыз деп көрсетіп едім, мен айтқаннан да асып түсті. Мультфильмде Жәнібек: «Керей, қарақшыларды көрейікші, мен өмірімде қарақшыларды көрмегенмін», - дейді. Себебі, кез келген бала қорқып тұрса да қызығушылығы жеңеді. Анимацияны баланың тілімен, соның ойымен жасау керек. Бұл мультфильмді көрген бала екі нәрсеге нақты жауап береді. Біріншіден, Қазақ хандығын кім құрды десе, ойланбастан тарихты оқымаса да Керей мен Жәнібек деп айтады. Тіпті, мектепке бармаған балалардың өзі айта алады. Ал олар қалай хандықты құрды десе, «Ой, олар садақ атуды, атқа шабуды, қылыштасуды үйренді. Өскеннен соң Отырарға барып білім алды» деп айта алады. Фильмде осыны естіген қазіргі заманның балалары да «біз де ертең елімізді қорғайтын батыр боламыз» дейді. Көрдіңіз бе, патриотизм насихатталып тұр. Сондай-ақ, жаңа сіз сұраған Отырар қаласына келсек, тарихта ол шаһар бірнеше рет өртеніп, қайтадан салынған. Мәселен, Москва екі рет өртеніп кетті. Ол тек біз білетін дерек қана. Ол күл болған жерінен қайтадан тұрды. Сол сияқты тарихта Жібек жолы бойындағы қалалар да қайтадан түлеп отырған. Жалпы, балаларды анимация арқылы тәрбиелесек болашағымыз жарқын болады. Сондықтан елімізде мемлекеттік балалар киностудиясын ашу керек. Егер ол ашылса ТМД-да ең тұңғыш ашылған ел болып саналамыз».

Қысқасы, анимацияны еліміздегі басты телеарналар әр айтулы мейрамда «Көшпенділер» сияқты фильммен қатар ұсынып отырса құп болар еді. Бұл бір. Екіншіден, фильм өте сапалы шыққан. Бұл тұрғыда Шымкент қаласындағы «Сақ» киностудиясының көп еңбек сіңіргенін айтпай кетуге болмас. Өйткені, анимацияны даярлауға 8 ай уақыт кетіпті. Фильмнiң өндiрiстiк жұмысына 60 астам адам қатысқан. Фильмнiң тарихи кеңесшiсi – тарих ғылымдарының докторы, профессор – Жамбыл Артықбай, фильмнiң әдеби кеңесшiсi – Дулат Исабеков, режиссерi – Батырхан Дәуренбеков, сценаристi – Сағадiлдә Үсiпәлиев, Бақытжан Құлжабай, композиторы – Руслан Шынықұлов, қоюшы суретшiсi – Азамат Ерназаров, фильмнiң директоры – Нұриддин Патеев, бас продюсерi – Сәбит Әбдiқалықов. Кейіпкерлерін дыбыстауға Музарт тобының мүшелері мен театр әртістері үлес қосқан. Картинаның жасалуында 2-D және 3D-технологиялар пайдаланылған.

Ибраһим МӘУЛІТ

Ұлт порталы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер