BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ел күткен сериал жақында басталады

Наурыз айында 31 арнадан режиссер Рүстем Әбдіраштың көптен күткен «Қазақ елі» телехикаясын тамашалай аласыздар. Фильмнің идея авторы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев кинематограф арқылы мемлекетіміздің құрылу тарихын баяндаған, деп жазады Массагет.кз.

Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және режиссер Рүстем Әбдіраш бірігіп жазған. Ал негізі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші бөлімінен алынған.

Алтын Орда ыдырағаннан кейін, яғни ХV ғасырда Қазақ хандығының қалыптасу тарихы телехикаяның өзегін құраған. Фильмнің сюжеті бойынша Қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібек халқының мүддесі жолында елге үстемдік жүргізуді мақсат тұтқан озбыр хан Шайбаншахпен тайталасқа түседі. 1457 жылы Сығанақ маңында болған ойраттармен шайқаста жеңіліс тапқан Шайбаншах олармен бітімгершілікке келеді. Алайда көшпенді халықты уысынан шығармау үшін аяусыз саясатын жүргізуді тоқтатпайды. Ханның озбырлығына төзе алмаған Керей мен Жәнібек оған қарсы шығып, маңайындағы ұлыс-тайпалардың басын қосып, Моғолстан шекарасына (қазіргі оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағы) көшіп кетеді де, сол жерде жаңа хандық бой көтереді.

Телехикая қазақ тілінде түсірілген, алайда фильмде шағатайлар мен жоңғарлардың өз тілінде сөйлейтін сәттері де бар. Актерлердің басым бөлігі - қазақстандық өнер майталмандары, соның ішінде Қарлығаш Мұхаммеджанова, Досхан Жолжақсынов (Әбілқайыр Шайбаншах), Еркебұлан Дайыров (Жәнібек хан), Қайрат Кемалов (Керей хан), Аян Өтепбергенов, Бекболат Тілеухан және басқалар. Өзбек ханы Әбілқайыр Шайбаншахтың бәйбішесінің рөлін Қытайдан келген Жанар Сағат сомдаса, ойраттардың билеушісі Өзтемір тайшының рөлін моңғолиялық актер сомдап шыққан. Есімі аңызға айналған абыз Асан Қайғы оқиғаларды жырына қосып, хикаяны баяндап отырады.

Хикаяда қазақтардың көшпенді өмірі, ұрыстар мен шайқастар кеңінен көрініс тапқан. Тек бір ғана көштің өзіне 200-ден аса адам, 150 ат, 10 түйе және «Номад» каскадерлер тобының кәсіби каскадерлері қатыстырылған. Телехикая түсіріліміне ҚР Қорғаныс министрлігі өзінің атты әскерін ұсынған. Сондай-ақ романтикалық көріністер де өз орнын тапқан. 10 бөлімнен тұратын жобаның қаражатына келсек, бір бөлігі халық қаражатынан, енді бір бөлігі демеушілердің қаражатынан алынса, негізгі қаржы мемлекеттің өзінен бөлінген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер