BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Екі отандық кинотуынды халықаралық кинофестивальде жүлдеге ие болды

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Миры Мориса Симашко» деректі фильмі үстіміздегі жылдың 15 мен 17 мамыр аралығында өткен Польша Халықаралық фестивальінде «Ең үздік деректі фильм» жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Baq.kz.

Қазақстандық режиссер Александр Головинский түсірген деректі фильм Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Президенті бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты (І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын орыс тіліне аударғаны үшін) Морис Симашконың өмірі мен шығармашылығына арналған.

Осыған дейін аталмыш фильм Мәскеуде өткен 19-шы DetectiveFest Халықаралық шытырман оқиғалы фильмдер фестивалінде арнайы жүлдеге, сондай-ақ «Вместе» XVII Халықаралық телекинофорумда «Литературная газета» басылымының атынан «Орталық Азиядағы жаңа тарихи роман мектебінің негізін салушылардың бірі және майдангер өмірінің беймәлім парақтарын ашқаны және шеберлігі үшін» арнайы жүлдемен марапатталған.

Әлемнің тәуелсіз кинематографистерін қолдауға бағытталған Польшаның Халықаралық кинофестивалі онлайн түрде өтеді. Фестиваль шеңберінде көркем, деректі, анимациялық және қысқаметражды фильмдер де бақ сынайды.

Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Сенім жолында» атты деректі фильм Ресейдің Севастополь қаласында өткен XIII Халықаралық «Победили вместе» атты деректі фильмдер және телебағдарламалар фестивалінде Джемма Фирсова атындағы «Үздік әлеуметтік-философиялық телевизиялық жұмыс» жүлдесіне қол жеткізді.

Режиссер Әсия Байғожина түсірген «Сенім жолында» фильмі қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – дін жолындағы адасушылық туралы баяндайды.

«Победили вместе» фестивалінің бағдарламасына қатысуға 24 мемлекеттен (Ресей, Австрия, Армения, Беларусь, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Грузия, Германия, Ирландия, Қазақстан, Қытай, Польша, Украина, Чехия, Франция, Эстония және т.б.) бар жоғы 250 фильм үміт білдірген екен. Іріктеу комиссиясы 16 елден 65 фильмді таңдап алған екен.

Айта кетсек, белгілі кинорежиссер, сценарист, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Қайырбеков деректі фильмдер бағдарламасының халықаралық қазылар алқасының құрамында болды.

Естеріңізге сала кетсек, режиссердің «316-я стрелковая» деректі фильмі 2007 жылы осы фестивальде Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Бақыт Ғафуұлымен бірге фестивальдің үздігін анықтаған қазылар алқасы: актриса Наталья Гагина (Ресей), сценарист және сыншы Татьяна Иенсен (Ресей), продюсер Наталья Иванова (Ресей), режиссер және продюсер У Цзян (Қытай).


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер