BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Димаш Құдайберген туралы мультфильм түсіріледі

Бейжіңдегі «Jebe» компаниясы Қытайдың «Singer» ән байқауының финалына жеткен қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов туралы анимациялық фильм түсіреді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

«Димаш танымалдылыққа ие болған кезде, барлық танысым мен де қазақ қызы екенімді еске сала бастады. Димаш үшін және барша қазақ халқы үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Сол кезде Димаштың аниме-образын жасап, ол туралы, оның әндері туралы 3-4 минуттық анимациялық фильм түсіру идеясы туындады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Jebe Visual arts studio»-ның тең құрылтайшысы Жарқын Мұратқызы.

Жарқынның айтуынша, ол 6 жыл бұрын Шыңжаң университетін бітіргеннен кейін Бейжіңге келіп, ниеттес бірнеше адаммен анимациялық студияларда жұмыс істей бастаған. 2013 жылы Се Госюнмен бірлесіп, жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрған.

«Қазіргі уақытта бізде 13 адам жұмыс істейді, өнімдеріміздің дені жарнамалық роликтер, 3D-форматқа өңделген көркем және мультипликациялық фильмдердің эпизодтары. Алдағы уақытта өскелең қазақ жастары үшін халқымыздың мәдениетін, дәстүрін насихаттайтын мультфильмдер сериясын жасауды жоспарлап отырмыз. Мультфильмдер арқылы балаларға ұлттық мәдениетке деген махаббатты тиімді сіңіруге болады. Қазақ ертегілері экранда көрсетіліп жүрген «Дисней» мультфильмдерінен еш кем түспейді», - деді Ж.Мұратқызы.

Жарқынның бизнес бойынша серіктесі Се Госюн «Jebe» командасының жас екенін және оларды анимацияға деген махаббат біріктіретінін айтты. Димаштың аниме-образынан бөлек, Jebe аниматорлары Қытайға танылған қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекованың да образын жасаған. Қытай қазақтарының анимация саласында үлкен табыстарға қол жеткізгені атап өтуге тұрарлық. 2015 жылдың маусым айында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономды өлкесі, Үрімші қаласында Абай атындағы анимация академиясы жоғары оқу орны ашылды.

Оның студенттері «Абайдың балалық шағы» мультфильмін әзірлеп жатқан «Абай жолы» компаниясында жұмыс істеуде. Фильм тұсаукесері ЭКСПО-2017 барысында әлемнің бірқатар елінде өтеді деп жоспарланған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, этникалық қазақ Арысбек Нұханұлы Қытайдың үздік аниматоры атанды.

Еске сала кетсек, бүгін кешке Хунан спутниктік арнасының эфирінен «Singer» байқауының 9-кезеңі көрсетіледі. Онда Димаштың екінші орын алғаны белгілі. Бұл кезеңде қазақстандық әнші танымал канадалық әнші Селин Дионның «All by myself» әнін орындады. 10-кезеңде Димаш Құдайбергенов Орал Байсеңгірдің «Ұмытылмас күн» әнін шырқап, үшінші орын иеленді және «Singer» байқауының ақтық сынына жолдама алды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
29 Қыркүйек 2017, 09:19
Ақтөбеге Димаш келді
Пікірлер