BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дәурен Абаев: Келесі фестивальді Қытай жерінде өткізуді ұсынамын

Фото: Ержан Жаубай

Үш күннен соң әлем назарын аударған «ЭКСПО-2017» көрмесі өз шымылдығын түреді. Осыған орай бүгін «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы мен ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасының ұйымдастыруымен Астанадағы Қытай киносының апталығы басталды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Шара барысында әйгілі актер Джеки Чан Астанаға ат басын бұрған болатын. Бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Ұлттық арна бірлесіп Джеки Чанмен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге келген аңыз актерге Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев алғысын білдіріп, ықылас танытты.

«Құрметті әріптестер, бүгінгі кинофестиваль еліміз үшін, халықаралық «ЭКСПО» көрмесі аясында өтуімен маңызды. Осы шараға әйгілі Джеки Чан мырзаның арнайы келгеніне айрықша қуаныштымыз. Біздің халқымыз Джеки мырзаны кино әлемінде әділдік, ізгілік, достық сияқты құндылықтарды насихаттаушы, әрі өнердің шынайы жанашыры деп таниды. Сондықтан бұл оқиға фестивальдің маңыздылығын арттыра түсетіні сөзсіз» - дейді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар ол биыл Қазақстанда өткен фестиваль алдағы уақытта, келесі жылдары Қытай жерінде жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.

«Осы фестиваль қос мемлекеттің арасындағы мәдени байланысты одан ары нығайта түсетініне сенімдімін. Сол себепті осындай шараны жүйелі түрде өткізу қажет деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қытайлық әріптестерге келесі фестивальді Қытай жерінде «Қазақстандық кино фестивалі» атымен өткізуді ұсынамын. Өз кезегінде қытайлық әріптестер осы ұсынысты қолдайды деп сенемін. Кинофестивальдің жұмысына сәттілік тілеймін» - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі.

Осы орайда Қытай кино саласының мамандары қазақстанға 7 фильм әкелгенін айта кеткен дұрыс. Оның үшеуі сол жақтағы қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін көрсететін картиналар. Кинолар алдағы аптадан бастап көрсетіле бастайды. Барлығына кіру тегін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер