BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Балуан Шолақ туралы көркем фильм түсіріледі

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Дулат Исабековтің сценарийі негізінде Балуан Шолақ туралы толықметражды көркем фильм түсірмек. Сценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша жазылған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазіргі таңда түсірілім тобы толықтай жасақталған. Дайындық кезеңінде тұрған түсірілім фильмге қажетті киімдерді тігіп, реквизиттер әзірлеп, декорациялар тұрғызып жатыр. Фильмнің түсірілімдері Алматы облысы және Солтүстік Қазақстан облысында өтеді.

Фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов. Оның айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыруды көптен бері армандаған.

«Мен Балуан Шолақ тұлғасына 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүргенімде қатты қызықтым. Сол кезден бастап осы кісі жайлы фильм түсіргім келді. Балуан Шолақтың бойында ақындық, серілік, әншілік және алып қара күш те бар. Оның еліне, жеріне, отанға деген махаббаты әрқайсымызға үлгі боларлық. Менің ойымша бүгінгінің жастары Балуан Шолақтай ерді білуі тиіс», - деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.

Фильмнің сценариі бірнеше жыл бойы жазылған және қайта өңделген. Түсірілім тобы фильмнің сапалы шығуы мақсатында кеңесшілерді тартқан, көркемдік жетекшісі С.Нарымбетов, көркемдік кеңесшілері Е.Төлеутай, Б.Ыстыбаев, Б.Беделхандар бар.

Фильмге танымал актерлермен қатар экранға алғаш шығып жатқан актерлер де түсетін болады. Фильмнің режиссері әзірге фильмге түсетін актерлердің есімдерін атаудан бас тартып, қысқа қайырды.

«Актерлер іріктелді. Алайда бас кейіпкерді әзір айта алмаймын. Себебі екі актердің арасында таңдау үстіндемін», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер