BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Балалар киносының атасы Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 90 жыл

Кино үшін жаралған жан. Биыл атақты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қазақ кино өнеріне тыңнан түрен салған Абдолла Қарсақбаев өзінің аз ғана ғұмырында өшпес із қалдырды. Мерейлі күнге орай Алматыда режиссерді еске алуға арналған бірқатар шара өтті.

Абдолла Қарсақбаевтың кинодағы алғашқы қадамы «Алитет тауға кетіп барады» фильміндегі эпизодтық рөлден басталған. Кейін режиссер мамандығын алып, 1963 жылы жарты әлемді шарлаған «Менің атым Қожа» фильмін түсіреді. Мұнда режиссер алғаш мультипликациялық тәсілді қолданады. Кейін оны ресейлік режиссерлер пайдалана бастапты. «Алпамыс мектепке барады» фильмі де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Абдолла ағаның талабы өте күшті болатын. Шын жүрегіңмен беріліп, образға кірмесең, ол кісі риза болмайды. Бір түсіреді. Бір дубль, екі дубль, үшеу, төртеу, ары қарай кете береді», - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендікеліні.

Қазақ балалар киносының атасы атанған Абдолла Қарсақбаев шытырман оқиғалы фильм де түсірді. Оның «Бандыны қуған Хамиті» 17 миллион көрермен жинаған. Айтпақшы, сол рекорд әлі күнге дейін бұзылған жоқ. Отбасындағы 16-шы бала, ашаршылық пен соғыста бауырларынан айырылған Абдолла тарихи тақырыптарды да айналып өтпеді. Оның «Балалық шаққа саяхаты» қазақ киносына неореализм жанрын алып келді. Ал, «Қилы кезең» фильмі ХХ ғасырдың басындағы ащы шындықты көрсеткендіктен кеңестік цензураның қатаң сынына ілігеді.

«Абдолла ағаның рухани тамыры сондай тереңде жатыр. Қазақ халқының мінезінің сөлін сол тереңнен сорады. Ал ол кез келген режиссердің қолынан келмейді. Бұл кісі – керемет оқыған адам. Оның қолынан кітап түспейтін», - деп еске алды Қазақстанның халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев.

Режиссер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын экранға шығаруды армандапты. Бірақ, кино саласының шенеуніктері бұл картинаны Болат Мансұровқа тапсырады. Аз ғана ғұмырында Абдолла Қарсақбаев 8 фильм түсіріп үлгереді. Бұл фильмдердің қай-қайсысы болсын қазақ кино өнерінің алтын қорына айналды.

24.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер