BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Асанәлі Әшімов «Қазақфильмнің» киносында басты рөлді сомдайды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жаңа жобаны қолға алды. «Беткейдегі бұталар көлеңкесінде» (шартты атауы) атты жаңа толықметражды көркем фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілмек. Фильмде басты рөлді КСРО және Қазақстан Халық артисі Асанәлі Әшімов сомдайды, деп хабарлайды Baq.kz.

Фильмнің режиссері − «Сіз кімсіз, Ка мырза?» (2010 ж.) фильмімен танымал Қуат Ахметов.

«Идея авторы – Асанәлі Әшімов. Ол 2014 жылы маған елден шалғай тұратын жалғызбасты қарт туралы фильм түсіруді ұсынды. Асанәлі ағаның ойы бойынша қария – дала философы, түрлі ғылымға қызығатын адам», - дейді фильмнің режиссері Қуат Ахметов.

Қазіргі таңда картина дайындық кезеңінде: актерлер таңдау, реквизиттер дайындау және декорация тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Түсірілім жұмыстары осы жылдың мамыр-маусым айларына жоспарланған. Сценарийін Қуат Ахметов пен ресейлік кинодраматург Одельша Агишев түркі халықтарының аңыз-әңгімелері негізінде жазған. Осы орайда Асанәлі Әшімов жобаға қатысты өз ойын айтты:

«Бұл жоба туралы айтқалы бері түрлі жанрда талай сценарий жазылды. Алайда ол сценарийлерде менің көрермендерге айтар ойым дұрыс жеткізілмеген болатын. Сондықтан да Қуат екеуміз драматургты көп іздедік. Ақыры драматург табылып, бұл мәселе оң шешімін тапты. Қазір түсірілім жұмыстарын асыға күтіп отырмыз».

Фильм желісі былай: Ағатай есімді қарттың ешкімі жоқ. Сүйген жары қайтыс болған. Араларында балалары болмаған. Ағайын-туысқандары да қалмаған. Фильмге өз ортасынан безіп, далаға барып тұруды көздеген қарт кісінің өмірі арқау болған. Әйтсе де данагөй қартқа балалар үйінен қашып шыққан Бөбек есімді кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның бастапқы жоспарын бұзып кетеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер