BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Анаға апарар жол» фильмі Грекияда көрсетіледі

24 мамыр күні «Анаға апарар жол» фильмі Грекияда көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz.

Грекияның Ахарнон қаласында Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қатынастарының 25-жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және «Новый мир» ЖШС-сімен бірлесе түсірілген «Анаға апарар жол» фильмі көрсетіледі. Мәдени іс-шараны еліміздің Грекия Республикасындағы Елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйымдастырып отыр.

Режиссер Ақан Сатаев түсірген фильм өмірдің ауыртпалығына төтеп берген, қиын қыстау күндері сұрапыл соғыстың мехнатын көрген басты кейіпкердің тағдырын баяндайды. Оқиғаның негізгі желісі қазақ халқының басына түскен ауыр кезеңді – ұжымдастыру, жұт, соғыс және соғыстан кейінгі жылдарды қамтиды.

Аталған тарихи туынды 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде және «Еуразиялық көпір» атты фестивальге қатысып, Бас жүлдені, сонымен қатар актриса Алтынай Нөгербек «Үздік әйел адам рөлі» номинациясында жеңіске жетті.

Одан бөлек, бұл туынды биыл Қазақстан киносыншылар ассоциациясы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде үш бірдей жүлдені иемденді. Атап айтсақ, «Ең үздік актриса» - Алтынай Нөгербек; «Екінші пландағы үздік актриса» Аружан Жазылбекова; «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясын аталмыш фильмнің композиторлары Әлім Заиров пен Роман Вишневский иемденді.

Айта кетейік, кинотуынды жақында ғана Бішкекте өткен «Ақ ілбіріс» атты VI ұлттық киножүлдесінде Орталық Азияның үздік фильмі атанды.

Еске сала кетсек, «Анаға апарар жол» фильмі 24 мамырда сағат 19:00-де Ахарнон әкімдігі залында көрсетіледі. Кіру тегін.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер