BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Алғашқылар дәуірі» – сапалы қазақ тілді киноның алғашқы дәуірі

Кеше Астанада Тимур Бекманбетовтің «Алғашқылар дәуірі» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

«Алғашқылар дәуірі» – адамзаттың тұңғыш рет ғарыш кеңістігіне аттанған сәтін бейнелейтін блокбастер. Басты рөлдердегі Евгений Миронов (Алексей Леонов) пен Константин Хабенскийдің (Павел Беляев) актерлік шеберлігі мен Тимур Бекмамбетовтің режиссерлік ерекшелігін ұштастырған өте сәтті фильм деп бағалауға тұрарлық картина.

«Алғашқылар дәуірі» – биылғы жылдың алғашқы, ал 2011 жылдан бері қазақ тілінде дубляждалған 18-кинокартина.

Қазақша дябляжының режиссері Айжан Жамшитова болды. Басты кейіпкерлерге Азамат Қанапия (Алексей Леонов), Ғани Құлжанов (Константин Хабенский), Бақытжан Нұрпейісов (Сергей Королев) т.б. дауыс берді. Барлығы дубляжға 25 актер қатысқан.

Алғашқы көрсетілімге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, ғарышкерлер Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов және депутаттар, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты.

Фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Константин Хабенскийдің (Павел Беляев) дауысына дубляж жасаған Ғани Құлжанов өз ойымен бөлісті.

«Шынымды айтсам, өзім киноға түсіп, сахнаға шығушы едім, бұл фильмде Константин Хабенскийдің дауысына дубляж жасап, сахнаға шығып тұрмын. Бұл да үлкен мәртебе. «Болашақ» қауымдастығына алғыс айтқым келеді. Неге десеңіз, осы күнге дейін 18 фильмді қазақ тіліне аударып, біздің көрермендерімізге паш еткен екен» - дейді актер.

Көрсетілім соңында еліміздің мақтанышы екі бірдей ғарышкер ағамыздан кинодан қандай әсер алғанын сұрадық.

«Ғарышта тура осылай болады. Киноның шынайылығы тәнті етті. Менің өзім ашық кеңістікке 8 рет шыққан ғарышкермін. Сол кездерім көз алдыма келді. Көруге тұрарлық фильм дер едім» - дейді Талғат Мұсабаев.

Айдын Айымбетов Халық қаһарманының айтқанын мақұлдады.

Фильм туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да өзінің оң пікірін жасырып қала алмады.

«Тимур Бекмамбетовтың шақыруымен ол продюсерлік жасаған "Алғашқылар дәуірі" фильмін зайыбым екеуміз аса қызығушылықпен көріп шықтық. Адамзат ғасырлар бойы Космосты игеруді армандады, қазірдің өзінде ғарыш кеңістігіне шығып, Жерден жоғары қалықтау таңғажайып болып көрінеді. 1965 жыл, "Восход-2" ғарыш кемесінің ұшуы, Алексей Леоновтың ашық кеңістікке шығуы, штаттан тыс жағдай... Гагариннің ұшуы, Леоновтың ерлігі - бəрі біздің Байқоңырдан басталып еді... Фильмнің сюжеті нақты оқиғаларға негізделген, оператор түсірілімі де өте қызықты. Бұл көруге тұрарлық дүние, достар, біз ерекше əсер алып шықтық» - дейді министр.

Осы фильмнің көрсетілімі барысында көңіл толқытқан бір жайға куә болдық. Ол – екі актер мен бір ғарышкердің (Евгений Миронов, Алексей Леонов, Константин Хабенский) қазақ тілі туралы, қазақ халқы мен қазақ жері туралы айтқан көңіл толқытарлық пікірлері еді. Оны киноны көруге барған кезде өздеріңіз де естисіздер.

Ашық ғарыш кеңістігі туралы алғашқы фильм бұл емес, дегенмен қазақ даласы – Байқоңырға тікелей қатысты тарихи дүниенің қазақ тілінде сөйлеуі бізді шын қуантты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер