BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Нигериялық студент: Қазақстандағы ұлттар достығына тәнтімін

Ертіс өңірі - жүзі басқа, тілегі бір ұлттардың алтын бесігі. Бүгінде облыста 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өзгелерге, тіпті Африка елдеріне үлгі боларлық іс. Бұл - сонау Нигериядан Павлодарға білім қуып келген студенттің пікірі. Қазақстан халқы бірлігі күні Ноа Салакомен Baq.kz аймақтағы тілшісі жүздескен еді.

Павлодар мен Нигерия елі арасындағы қашықтық 8 мың шақырымға жуықтайды. 18 жасар Ноаның сонау қара құрлықтан Павлодарға не іздеп келді? Осындай сұрақтың туындауын заңды құбылыс деп білеміз.

«Қазақстандық жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі туралы таныстарымнан білдім. Неге екенін білмеймін, бұл идея маған ұнап қалды. Осыдан үш жыл бұрын Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне шақырту алдым. Мен үшін белгісіз елдің топырағын басу зор қызығушылық тудырды. Ойланбастан Қазақстанға ұшып келдім. Бастапқыда жергілікті климатқа үйренсіне алмағанмын, қазіргі уақытта бейімделіп кеттім», - дейді Ноа Салако.

Бүгінгі таңда нигериялық азамат машина жасау, металлургия және көлік факультетінің студенті атанды.

«Біздің университетте түрлі ұлт өкілі білім алады. Біздің ортақ мақсатымыз – сапалы білім алып, кәсіби маман атану. Жоғары оқу орнында студенттік Ассамблея жұмыс істейді. Білім ғана емес, тәжірибе алмасуға да зор мүмкіндіктер бар. Менің болашақ мамандығым туған жерімде жоғары сұранысқа ие», - дейді ол.

Еліміздің тілі мен мәдениетін білмегендіктен, алдымен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Foundation факультетінде бір жыл бойы орыс тілін меңгерді. Қазіргі уақытта орыс тілі тәп-тәуір. Қазақ тіліне деген талпынысы жақсы.

«Павлодарға келгенде не орыс, не қазақ тілін білмедім. Бүгінде біраз үйрендім. Қазақ тілінде алғаш рет естігенім «Қалайсың?» деген сөз еді. Жаңа достарымның арқасында жергілікті жұрттың тіліне, мәдениетіне және мінез-құлқына сіңісіп кеттім. Бүгінде қазақ ауызекі тілін меңгеріп алдым. Отбасым туралы айтып кетсем. Анам – ағылшын тілі пәнінің оқытушысы. Әкем – бухгалтер маманы. Мен – отбасымның кенжесімін», - дейді Ноа.

Студент қазақ халқының қонақжайлылығына тәнті екенін жеткізді.

«Шыны керек, Қазақстандағы ұлттар достастығы туралы білгенде, таң қалдым. Себебі, Қазақ еліндегі Ассамблея туралы естігенде қатты таңдандым. Бұл – баршамызға үлгі боларлық іс қой. Біздің елде осындай бірегей институт жоқ. Қазақстанда алғаш рет жылқы етін жегенімді ешқашан ұмытпаспын. Наурыз және Бірлік күні мерекелерінді дәстүрлі түрде орталық алаңға шығып, атап өтемін. Қазақстандағы өзге ұлттардың бірлігі нығая беруіне тілектеспін!» - дейді африкандық.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ҚХА Павлодар облыстық филиалының жанында 24 этномәдени бірлестік бар. Ұлттар туған тілдері мен мәдениеттерін жаңғырту мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, ұлттық жаңғыру мектебі бар. Бұл мектепте ұлттар туған тілдерін меңгеруде. Тіпті, чуваш тілі сияқты сирек кездесетін тілдерді оқыту үйірмелері бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер