BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Назарбаев Трампқа: Қазақстан ешбір елмен жанжалдасқан емес

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылым соңында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Бірлік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Құрметті астаналық ағайын, баршаларыңызды өз атымнан, Парламент пен Үкімет атынан бүгінгі ұлық мерекеміз Қазақстанның бірлік мейрамымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Ата-бабамыздан қалған «бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөз бар. Тірлік деген сөз – адамның аман болуы, еңбек. Еңбек арқылы мемлекетті қолдап, өркендеп өсу деген сөз. Біз тағдырдың талқысына түскен халықпыз. Кең байтақ Отанымызда көп ұлт пен ұлыстың адамдары жиналып, бір қазанның ішінде қайнап, соның ішінде бірлікпенен, ерлікпенен осындай жағдайға жетік. Бірліктің арқасында мемлекет құрдық. Бірліктің арқасында біздің бірлігіміз арқылы мемлекетімізді өркендетіп өсірдік, экономикасын көтердік», - деді Мемлекет басшысы «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өткен театрландырылған қойылым соңында.

Президент өз сөзінде жыл сайын халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеп келе жатқанын, соның ішінде бес бастама айқын дәлел болып отырғанын атап өтті.

«Біріншіден, халыққа баспана беру; екіншіден, салықты төмендету; үшіншіден, жастарға жатақхана, жаңадан мемлекет тарапынан оқуға мүмкіншілік беру; шағын бизнеске ауыл адамдарын көтеру; газдандыру – осының барлығы бірлігіміздің арқасында болып жатыр. Бірлігіміздің арқасында тапқан табысымыздың барлығын халыққа қайтарып жатырмыз. Біздің бірлігіміздің арқасында бізді бүкіл дүниежүзі сыйлайды. Барлық дін өкілдері келіп біздің елімізде ғана жиналады, барлық жанжалдасқанда табысу мәселесі бізге жиналады. Төңірегіміздің барлығымен тынышпыз», - деді Назарбаев.

Елбасы жыл басында АҚШ-қа ресми сапарын кезінде Дональд Трамппен болған әңгімені еске алды.

«Осы қаңтарда мен Америкада сапармен болдым. АҚШ Президенті Дональд Трамп мырза «сендердің қай елмен жанжалдарың бар?» деп менен сұрады. Мен ешбір елмен Қазақстанның ешқандай жанжалы жоқ, барлығы бізді сыйлайды деп жауап бердім. Сондай Трамп «қарашы, ешкіммен ешқандай жанжалы жоқ, ал біздің төңірегіміздің бәрі жанжал» деді. Құрметті отандастар, жастар, мынадай концерт, кешегі өткен Ассамблея ненің үлгісі? Осының бәрі болмаса, біздің үйлеріміз неше түрлі гүлменен жайқалып көңіліміз көтерілмес еді. Көп мәдениет, көп пікір, көп халық болса соның бәрі қайнап қосылған кезде осындай әдемі гүл болып шығады. Сондықтан ешқашан Алла осыдан айырмасын бізді. Бірлік болса біз талайға жетеміз. Болашақ ұрпағымыз бізге риза болады, айтатын болады. Тағы да мерекемен құттықтаймын», - деді ҚР Президенті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер