BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Кімнен үлгі аларымызды білмедік». Табысты кәсіпкер қиындықтарды қалай жеңгенін айтып берді

Астана қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары оқушылармен шығармашылық кездесу өткізді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚХА төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко аталған шараның қандай мақсатта ұйымдастырылғанын түсіндірді.

«ҚХА «100 жаңа есім» жобасының келесі кезеңін жүзеге асыруда. Біз шығармашылық кездесуімізді «100 жаңа есім» жобасында жеңіске жеткен азаматтардан үлгі алсын деп осы шараны ұйымдастырдық. Олардан әрбір қазақстандық оның ішінде жастар үлгі алуы қажет. Аталған жобада жеңіске жеткен әрбір азаматтың өмір жолы – дайын фильмнің сценарийі іспетті немесе көркем шығармадай», - деді ол.

Сонымен қатар іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы директорының орынбасары Амерхан Рахимжанов, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Кездесу барысында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Исламбек Салжанов өзінің қалай табысты кәсіпкер атанғанын айтып берді.

«90 жылдар. Елімізде экономикалық дағдарыс болды. Сол уақытта Қазақстанда екінші деңгейлі банк те және «жеке бизнес» деген атымен болған жоқ. Мен 1993 жылы медициналық университетті бітірдім. Содан кейін жеке кәсібімді ашуға бел будым. Жағдай өте ауыр болды. Себебі, біз кімнен үлгі аларымызды білмедік. Тіпті осы салаға арналған әдебиет те болған жоқ. Тек қолымызда ескі Дейл Карнегидің кітабы болатын. Соны оқып, капитализмнің не екенін түсіндік. Сол уақытта жас болдық әрі бойымызда өз-өзімізге деген сенімділік болды», - дейді ол оқушыларға.

Осы орайда кәсіпкер өмір жолындағы қиындықтарды еңсеруге кітаптар көп көмегін тигізгенін атап өтті.

«Маған табысқа жетуге кітаптардың көмегі көп тиді. Алдыңа үлкен мақсат қойып, мықты компаниялар мен табысты кәсіпкерлерден үлгі алу керек. Мен көп оқыдым және қазір де көп кітап оқимын. Кітап оқу өмір сүруге деген құштарлықты оятады. Өмірде көп қиындықты басымнан өткіздім. Бірақ мен сол қиындықтарды жеңе білдім», - деді Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ ол жастарға ағылшын тілін үйренуге кеңес берді.

«Жаңа нарықтарға шығу үшін ағылшын тілін үйрену керек. Мен еліміздегі үш тұғырлы саясатты қолдаймын. Үш тілде сөйлейтін қазақстандық жастарды мақтан тұтамын. Ағылшын тілі - халықаралық тіл әрі бизнестің тілі. Оны меңгерсеңдер жаңа мүмкіндіктерге ие боласыңдар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында гуманитария саласындағы 100 үздік оқулықты қазақ тіліне аударып жатырмыз. Бірақ барлық кітапты аудару мүмкін емес. Сондықтан сіздерді кітапты түпнұсқада оқуларыңызға кеңес беремін. Ол үшін ағылшын тілін білу керек. Себебі, ағылшын тілі заман ағымына ілесуге жол ашады», - деп түйіндеді сөзін кәсіпкер.

Сонымен қатар кездесуде «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары Наталья Дементьева, Нұржан Жолдыбалинов, Максим Чернуцкий де студенттер мен оқушыларға өздерінің қалай табысқа жеткенін айтып,олардың сұрақтарына жауап берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер