BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚХА-20жыл: Поляк халқының ұлттық мерекесі

Астана. 21 мамыр. Baq.kz – Қазақ елі мен жерінің қоғамдық-әлеуметтік ортасында тату-тәтті өмір сүріп жатқан поляк ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бір жағынан біздікіне ұқсас келеді. Әрине өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары да жеткілікті. Алғаш рет жер аударылған поляк революционерлері қазақ халқының мәдениеті мен рухани байлығына үлкен баға берген болатын. Олар қазақ халқының тарихы мен дәстүріне аса мән беріп, қазақтың түрлі саласында құнды еңбектер қалдырып кеткен. 

Поляктар тамақ ішер алдында бір-біріне жақсы ниеттер айтады. Міндетті түрде бірінші наннан дәм татады. Астан кейін діни, тұрмыстық, сәуегейлік, тілектестік және әзілқойлық сипаттағы жарапазан, өлең айту жосықтары басталады. Жыл сайын қыс мезгілінің 25 желтоқсанында католиктердің Рождество Христовоның Бірінші күні мейрамын тойлатады. Мейрам күні көңіл-күйлерінің көтеріңкі болып жүрге тырысады. Ондай күйді жақсылықтың нышанына балап, жыл бойына сол қалыпта қалатындарына сенеді. Поляктардың қыз-келіншектері түні бойы жұмыртқа, бәліш түрлері, тәттілер тағы да басқа тағамдар дайындайды. Отбасы мүшелері бірін-бірі Христовоның дүниеге келген күнімен құттықтап, Рождество мейрамындағы басты әрі міндетті түрде жасалатын «кутья» тағамынан дәм татады. Кутья – бал, мейіз, көкнәр т.б қоспалар қосылып, қант қайнатпасында бидайдан пісірілетін тағам түрі.

Кутьянын дәмін татқан соң ғана майлы қайнатылған, пісірілген ет және одан жасалған әр түрлі тағамдарды жеуге болады.

Қазақстанда өмір сүретін христиандар үшін тойланатын тағы бір мейрам – Пасха. Пасха десе көз алдыңа аса шеберлікпен салынған суреттерімен ерекшеленетін, әдемілеп әрленген жұмыртқа және куличтер елестейді. Азандағы ас мәзірі боялған жұмыртқалардың кішкене бөлігін болса да татып көруден басталуы керек. Поляктар олай істеудің мақсатын ұзақ ғұмыр мен молшылыққа балайды. Дәмді астан кейін балалар мен жастар далаға шығып, боялған жұмыртқаларды жарудан жарыс өткізеді. Жеңген адам жарылған жұмыртқаны алып кетуге құқылы болады.

Поляктар Жаңа Жылда күн шықпастан көршілерінің үйіне барып, бар ізгі тілектерін айтады екен. Шын жүректен білдірген ниеттері үшін үй иесі ақша немесе тәтті-дәмділерден беруге міндеттенеді. Бұл ырымды қазақтың жарапазан айту мейрамына ұқсастыруға болады.

Поляктар қарашаның бірінші жұлдызында әулиелер күнін атап өтеді. Өлгендерді еске алу поляк ұлты үшін маңызды күндердің бірі болып табылады. Олар зират басына барып, онда еске алу шырақтарын жағады. 

 

Дана Сағынбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер