BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ҚХА-20 жыл: Корей халқының салт-дәстүрі

 Астана. 4 маусым. Baq.kz – Қазақстанға тарихи депортация кезінде қоныс аударған коре сарам корейлері бүгінде өзіндік тарихи-мәдени мұраға бай, халықтық элементтері мен санғасырлық ұлттық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өз дәрежесінде сақтап қалған, ата салтының мол қазынасын дәріптей білген ұлт ретінде қадірлі.

 Қазақстандағы корейлер христиан дінін ұстанады. Ал негізінен корей ұлтының көп бөлігі будда дінінің өкілдері. Ежелгі дәуірде корейлер шаман дінін ұстанып, табиғат құдіретіне табынған. III-IV ғасырларда Кореяға будда діні таралып, орта ғасырларда Конфуцийшілдік күшті ықпал еткен. Корейлердің отбасы әдетте көп балалы болып келеді. Баланың дүниеге келуін үлкен мереке етіп тойлайды. Тұрмыстың ауырлығынан балалар нәресте кезінде көп шетіней берген. Осындай кесапаттан сақтау үшін балаларға түрліше ырымдар жасауды әдетке айналдырған. Мәселен, ерте кезде ер баланың бірнеше есімі болған. Егер бала ауқатты отбасынан шыққан болса жақсы аттар қоятын болған. (Маржан, Әселе, Айдаһар т.б.). Ал егер шаруа адамының баласы болса – Шошқа, Бақа, Ит т.б. деп қойылған. Баланың есімі неғұрлым тұрпайы болса, соғұрлым оның өмірі жеңіл болады деген түсінік орнаған. Бұл баланы көз тиюден сақтайды деген түсініктен туған. Кейде ер балаға қыз баланың атын берушілік те болған. Кейінде нәрестенің сырт бейнесіне, мінезіне қарай лайықты есімдер берген. Мысалы бүркіт – батылдық бейнесі. Шелпек – жалпақ бет бала. Бала осылайша уақытша аттарды пайдаланып келіп, кейін кәмелетке толғанда тиісті құжат алу кезінде тұрақты атқа ие болады. Дәстүр бойынша немерелердің есімін ата тегіне қарай оның атасы қоятын болған. Осылайша ата текке байланысты аттар онша көп болмай корей халқында Цой, Пак, Ким, Ли деген аттар бүкіл ру, тайпалардың балаларына ортақ ат болып тараған.

Қазақстандық корейлер де корейліктер де олардың ата-бабалары сияқты некеге тұруға ерекше мән береді. Бұл адамның өміріндегі төрт басты оқиғаның бірі және салтанатты түрде өткізіліп, оған барлық руластарының назары аударылады. Неке алдында құда түсу рәсімі өтеді. Күйеу жігіт руластарының ішіндегі үлкендері – әкесі, үлкен ағасы, кейбір жағдайда ғана күйеу жігіттің анасы құда бола алады. Қалыңдықтың ата-анасының келісімін, екі жақ ченчи – некелестіру рәсімін өткізуге келіседі, некелесуді толығымен күйеу жігіт қаржыландырады, бірақ ол қалыңдықтың үйінде өтеді. Ченчи рәсіміне күйеу жігіт пен қалыңдықтың жақын туыстары мен достары шақырылады. Қалыңдықтың туыстарына ерлі-зайыптылар арасындағы адалдықтың белгісі ретінде – қаз, күріштің желімді сортынан жасалған ерекше нан – чалпыпэги, сонымен қатар ақ күріш шелпектер – тимпени ұсыну міндетті болып есептеледі.

Корейлер отбасындағы қарт адамдарды құрметтеп, балалары олардың мерейтойларын тойлайды. Соның ішінде ең маңыздысы балалардың ата-анасының 61 жасқа толу мерейтойын тойлауы болып табылады. Бұл мерейтой егер отбасындағы балалардың барлығы ер жетіп, отбасын құрып, олардың тойлары жасалып, отбасында ешқандай қайғылы жағдай болмаса ғана тойланады. Егер ондай болмаса, мерейтой кейінге қалдырылып 2, 4, 6 жылдан кейін тойланады.

Корейлердің садақ тарту жарысы, белбеу тақпай күресу, матадан жасалған белбеу тағып күресу секілді ұлттық ойындары мен спорт жарыстары мереке қарсаңында дәстүрлі түрде өткізіліп отырады. Жалпы, корейлердің осы тұстағы дәстүрлі ұлттық ойындары қазақ халқының төл ойындарына ұқсас келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер