BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Этномәдени орталық төрағасы: Қазақстанда барлық ұлттың құқығы тең Эксклюзив

Қазақстанда барлық ұлт өкілінің құқығы тең, ешқайсысына қатысты кемсітуге орын жоқ. Бұл жөнінде Астана қаласындағы «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Салман Героев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен қазір біздің дәстүріміз жоғалып бара жатыр дей алмаймын. Еліміз егемендік алған соң біз өзіміздің этономәдени орталығымызды құрдық та, өз мәдениетімізді «Вайнах» ансамблі арқылы дамытып келеміз. Оның құрамында 120 адам бар. Бұл ингуштер мен шешендер ғана емес, бұл қазақтар, орыстар, украиндер де. Осы ансамбль арқылы біз өсіп келе жатқан ұрпақты өзге ұлттың мәдениетін құрметтеуге, толеранттылыққа тәрбиелейміз. Сонымен қатар, біз мәдениет кештерін ұйымдастырып, оған басқа ұлт өкілдерін шақырамыз. Бұл кеште біздің сахнамызда домбыра ойналып, украин мен орыс және тағы басқа ұлттардың әндері айтылады», - деді орталық төрағасы.

Сонымен қатар, Салман Героев ингуш халқы да қазақтар секілді қонақжай халық екенін айтты.

«Келген қонақты төрге шығарып, үй иесі есік аузында отырады. Бұл өз қонақтарын төнер қауіптен қорғап отырғанын, қонақтардың өз дастарханынан аман-есен тұруына жауап беруін білдіреді. Біз қонақжайлылықты аса құрмет тұтамыз, келген қонақты ешқашан бетінен қақпаймыз. Қонақ үйге береке алып келеді деген сенім бар. Егер, келген қонақ біздің тілді білмесе, біз оған қолжетімді тілде сөйлесіп, астың дәмдісін, сүйектің еттісін, бар тәттіні алдына қоямыз. Қонақты құдайындай көретін халықтардың біріміз. Жалпы, басқа ұлттармен достық қарым-қатынаста болу біздің қанымызда бар қасиет. Сол сияқты, бізде де үлкенге құрмет көрсетуге баса назар аударылады және жастарды осыған тәрбиелейміз.

Сондықтан болса керек, Ингушетияда қарттар үйі, балалар үйі жоқ. Шаңырағының қариясын қарттар үйіне қалдырып, перзентінен бас тарту бізде нағыз масқара болып саналады. Осы дәстүрлер бізде өте берік ұсталады, қатаң сақталады. Ал қазақ халқы мен ингуштер арасындағы ұқсастыққа келер болсақ, онда тағы да сол қонақжайлылықты айтар едім. Мен қазақтардың дастарханынан дәм татып, қазақтардың шаңырағында көп қонақта боламын. Дәмнің тәттісін ұсынып, қонаққа барынша құрмет көрсету жағынан ұқсастығымыз көп. Себебі, біздің дәстүрлі дініміз бір, бізде суннитерміз. Сондықтан, салт-дәстүрде де біршама ұқсастықтар бар», - деді ол.

Шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Қазақстанда барлық ұлттың конституциялық құқығы тең болып тіршілік етуі Елбасының оң саясатының арқасы екенін атап өтті.

«Қазақстан халықтарының бірлігі күні болып табылатын 1 мамыр – бұл біздің еліміздегі барлық ұлттарды бір шаңырақ астына ұйыстыратын берекелі мейрам. Бұл - бірлік пен достық мерекесі. Бұл - көктем мерекесі. Біз Конституцияға сәйкес өз құқықтарымыз бен теңдігімізді белгіледік. Қазақстанда барлық ұлт өкілінің құқығы тең. Ешкімге қатысты әділетсіздік көрсетуге немесе кемсітуге орын жоқ. Қазақстанда 18 мың ингуш тұрады. Бүгінгі күні ингуштер өз мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамытуға мүмкіндігі зор. Осының барлығы Елбасының оң саясатының арқасында», - деді Салман Героев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер