BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Президенттің қатысуымен мерекеге арналған театрландырылған қойылым басталды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылымы өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

1 мамыр мерекесіне арналған халықтық серуен «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда сағат 11.00-де басталды. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы артистерінің және отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Рухани жаңғыру – бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Концерттік бағдарламаны Турецкий хорының «Праздник песни» ән кеші жалғастырады. Ерлер ұжымымен бірге сахна төрінде Турецкийдің SOPRANO әйелдер тобы өнер көрсетпек. Әйгілі ресейлік топтан кейін сахна төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өнер көрсетеді.

Одан басқа «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда қазақ күресі, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру және қол күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.

Осы күні сағат 13.00-де «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда «Достық шеруі» велошеруі бастау алады. Шара елордада велосипед тебу маусымын ашады. Сонымен қатар сағат 15:00-де домбырашылардың орындауында «Ұлы дала үні» атты флешмоб ұйымдастырылады. Шара барысында 500 адам Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйін көпшілік назарына ұсынатын болады.

Бұдан басқа, қаланың кітапханаларында, музейлерінде, театрларында және басқа да мәдениет мекемелерінде бірлік пен достық мерекесіне арналған тақырыптық көрмелер, спектакльдер мен концерттер өткізіледі.

1 мамырда Қуыршақ театры өз көрермендеріне «Вместе мы одна страна» атты қуыршақтар концертін ұсынады. М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында «Золотой цыпленок» спектаклінің, ал Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында «Қызыл алма» комедиясы өтеді.

2 мамырда Сәкен Сейфуллин музейінің ұжымы қалалық мәдениет орталықтарының өкілдерімен «Бақыт мекені – Астана» тақырыбында кездесу өткізеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер