BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақышев «7-20-25» бағдарламасы бойынша кім баспаналы болатынын түсіндірді

Фото: 7kun.kz

7-20-25 бағдарламасына баспанасы жоқ азаматтар ғана қатыса алады. Бұл жөнінде бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз баспана мәселесін шешуге, қазақстандықтарды баспанамен қалай қамтамасыз етуге болатынына әр кез ерекше назар аударып келесіз. Көптеген бағдарлама енгізілді және олар қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Соңғы екі жылда елімізде 21 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Яғни, салыстырмалы түрде бір жылдың ішінде дәл осы Астана секілді бір қала салынды. Мұндай құрылыс қарқынына, тіпті, кеңестік заман кезінде де қол жетпеген.

Енді бұл қарқынды жыл сайын қолдау керек. Бұл экономика өсіміне үлкен үдеріс беріп, халық шаруашылығындағы барлық салаға тиімді серпін береді. Пайдалануға берілетін баспаналарға деген сұранысты ынталандырмай, құрылыстан экономикалық нәтиже болмайтыны анық. Құрылыс компаниялары жаңа баспаналарды салу үшін тұрғызылып қойған баспаналарды жылдам сатуға әдеттенуі керек. Ал халық ол баспаналарды сатып алу үшін тартымды әрі тиімді механизмдерді дұрыс ұғына білуі керек. Сондықтан, сіздің бастамаңыз сұранысты ынталандыру бойынша жетіспей тұрған элементті толықтырып тұр», - деді банк төрағасы.

Ақышевтың айтуынша, ендігі ретте елімізде тұрғын үй құрылысын мемлекеттік ынталандыру механизмдері мен «7-20-25» бағдарламасы үйлесім табатын болады.

«Екіншіден, бұл бағдарламаға кім қатыса алады? Біз бастапқы кезеңде бірнеше талап болады деп белгілеп отырмыз. Біріншісі – 7-20-25 бағдарламасына баспанасы жоқ адам ғана қатыса алады. Баспаналы болғысы келетін адамдарға жеңілдік механизмін ұсыну қажет. Екіншісі – баспана бастамасының жаңа механизмдері мемлекеттің теңдесі жоқ қадамы болып табылады. Азаматтарға жеңілдікті жағдайлар ұсынылады. Бірақ, бағдарлама масыл болуға мүмкіндік бермеуі керек. Азаматтардың болашақта өз қарыздарын төлеу мүмкіндігі бұл бағдарламаның тұрақтылығына кепіл болады.

Сондықтан, бағдарламаға табысы бар азаматтар қатыса алады. Біз барлығын есептедік, сондықтан, бұл бағдараламаға деген сұраныс өте жоғары болады деп күтудеміз. Үшіншісі – ағашқы кезеңде біз тек бастапқы баспаналарды енгіземіз деп отырмыз. Алдағы уақытта бағдарлама аясы да кеңейтілетін болады. Төртіншісі – бұл әлеуметтік бағдарлама. Сондықтан, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеті. Тұрғын үйдің шекті құны белгіленетін болады. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау мен Атырау секілді қалаларда тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңгені құраса, басқа өңірлерде бұл шама 15 млн теңге шегінде болады. Мұндай шектеулер баспана бағасының шарықтап кетуіне жол бермейді», - деген Ақышевтен Елбасы «мұндай мәліметтердің қандай негізде жасалғанын» сұрады.

«Бұл мәліметтерді біз әкімдіктермен жүргізген жұмыс барысында алдық. Максималды құны бойынша бұл 3 бөлмелі пәтер», - деді Ақышев.

«Басқа қалаларда тіпті басқаша жағдай. Сондықтан, құрылыс жүргізушілерден бұл көлемді арзандатуды талап етуіміз керек. Міне, осы тұста қандай жеңілдіктер жасалатынын, қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндіру керек. Біз бірінші баспана дегенде алдымен жас отбасы жайлы айтамыз. Міне, сондықтан, солар көбірек алсын. Әрине, басқалары үшін қолжетімді болуы керек», - деді Назарбаев.

Ақышев өз кезегінде Ұлттық банк бағдарлама мүмкіндіктерін түсіндіру және халықты баспанамен қамтамасыз ету ісінде бар күшін салатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Елбасы бағдарламаның жұмыс істеу механизмнің қарапайым халық үшін түсініксіз екенін сынады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер