BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

4 өңірде халықтың табысы азайды – министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 10 айда төрт өңірдегі халықтың табысы азайғанын мәлім етті.

Бүгінгі отырыста Тимур Сүлейменов Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді.

«Еңбек нарығындағы жағдай бұрынғыдай жағымды. Осы жылдың басынан 414,5 мың адам жұмысқа орналасты. Қазанда жұмыссыздық деңгейі 4,8% дейін төмендеді. Жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйекте орташа айлық жалақы 158,2 мың теңгеге дейін ұлғайды. Жалақының өсуі және инфляциялық процесстердің бәсеңдеуінің аясында нақты ақшалай табыс осы жылғы қаңтар-тамызда 3,5% өсті», - деді министр.

Оның айтуынша халық табысының өсу көрсеткіші әр өңірде әртүрлі екен.

«Осы жылдың қаңтар-маусым айында 17 өңірдің 13-де нақты табыстардың өсуі байқалды. Сондай-ақ 4 өңірде қысқару байқалды. Бұл – Маңғыстау (-4,5%), Қызылорда (-2,6%), Алматы (-0,4%) облыстары және Алматы қаласы (-0,6%)», - деп түйіндеді сөзін Тимур Сүлейменов.

Осыған дейін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Энергетика және Ұлттық экономика министрліктеріне тарифтертерді төмендетуге бағытталған жүйелі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырғанын, Ұлттық экономика вице-министріне сөгіс жариялағанын, бағаны негізсіз өсіруге жол берген монополистерді жазалауды тапсырғанын, Ұлттық экономика министріне арнайы тапсырма бергенін, көмір мен тауарлардың бағасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырғанын, әрі халықты толғандырған мәселелерге назар аударуға шақырғанын жазғанбыз.

Айта кетейік, өткен аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиында электр және жылу энергияларының қолданыстағы тарифі мен энергетикалық қызмет нарығындағы бағаның белгіленуіне бақылау жасайтын мемлекеттік органдардың жұмысы сынға алынды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер