BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақмолада 38 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Фото: Автор

Ақмола облысында Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында 38 жоба іске асырылуда, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тiлшiсi.

Индустрияландыру картасының алғашқы бесжылдығында ауылшаруашылығы саласына басымдық берілсе, екінші бесжылдықта ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының, яғни, дайын өнім шығаратын цехтардың дамуына көңіл бөлінуде. Жаңа кәсіпорындар өндірістік көрсеткіштердің артуына ғана емес, қосымша жұмыс орындарының ашылуына да зор ықпал етіп отыр.

«Өңірде Индустрияландыру картасы бойынша 38 жобаның 35-і жүзеге асырылды. «Родина» ЖШС, «Астана агропродукт», «Агример астық», «Бижан» ет өңдеу комбинаты сияқты ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеуші кәсіпорындар өңірдегі ең ірі жобалар болып саналады. Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауға алынған», - дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жетекшісінің орынбасары Александр Загребин.

Индустрияландыру картасына жалпы құны 671,9 миллиард теңгені құрайтын 107 жоба енгізілген. Оның 49-ы бағдарламаның алғашқы бесжылдығында, яғни 2010-2014-ші жылдары жүзеге асырылды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар 545,5 миллиард теңге сомасына тауарлық өнімдер өндірді.

«Индустрияландыру картасы» аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі – Көкшетаудағы «Бижан» ет өңдеу зауыты. Тәулігіне 70 тонна ірі қара мал союға арналған Германияның заманауи озық технологиясымен жабдықталған.

«Біз бұл бағытқа он жылымызды сарп еттік. Алғашқы уақытта еттің өңделген екі түрін: терең мұздату мен салқындатудан бастадық. Тәжірибе жинақтай келе, өнім түрін көбейттік, осылайша шұжықтың 20 түрін, деликатес пен жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қойдық. Шұжық, жартылай шикізат, консерві жасайтын және тоңазытқыш жасайтын цехтардың құрылысы қолға алынды. Қазіргі уақытта тәулігіне 5 тонна шұжық пен 2 тонна жартылай фабрикат шығарамыз. Бұқтырылған ет пен ботқа консервілерін жасауды да қолға алдық»,–дейді кәсіпорын жетекшісі Шакихан Антаев.

Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, «Бижанның» бұқтырылған еті мен консерві өнімдері елімізбен қатар ТМД-ға танымал брендке айналып үлгерген. Қазір Көкшетау қаласында бірнеше дүкені бар. Дайын өнім Астана қаласында «Рамстор» мен «Смолл» желілік дүкендерінде, сондай-ақ облыстың бірнеше аудандарындағы сауда нүктелеріне сатылымға шығарылады. Ресейдің Түмен, Челябинск қалалары мен Башқұртстан Республикасы тұтынушыларының жылы лебіздеріне бөленуде.

«Халал» стандартымен жұмыс істейтін кәсіпорынның өндірістік желісінің жалпы құны 98 миллион теңгені құрайды. Ет, шұжық өнімдерінің 70 түрін шығарып, «Қазақстанның азық-түлік рыногы көрмесінің 10 алтын медалін жеңіп алған іргелі кәсіпорын өңір дамуына жаңа леп қосуда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер