BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түрік инвесторлары Қазақстанда жалпы құны 590 млн долларды құрайтын 9 жобаны іске асырмақ

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін «Kazakh Invest» компаниясы мен түрік инвесторлары жалпы сомасы 590 млн АҚШ долларын құрайтын 9 инвестициялық құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Келісімдер мен меморандумдар «Calik Holding», «Аgrobest Group», «Yildirim Holding», «Yildizlar SSS Holding» және басқа да түрік холдингтері арасында жасалды. Бұл компаниялар Қазақстан аумағында қыш тақтайша зауытын, газ-электр станциясын, кальций қосылған сода зауытын, гебицид өндірісі, ойын-сауық орталықтары секілді бірқатар жобаны жүзеге асырмақ.

«Бүгін біз ҚР Премьер-министрімен бірге үлкен түрік компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Олардың кейбірі бұрыннан осында жұмыс істейді, кейбірі Қазақстандағы энергетика, ауыл шаруашылығы салаларын сырттан бақылап, қызығушылық танытып отыр. Бүгінгі меморандум бойынша «Calik Holding» энергетикалық нысандар салмақшы. «Аgrobest Group» болса жыл соңына дейін Алматы облысында гербицид өндіретін жобаны іске қоспақ. «Yildirim Holding» Жамбыл облысында кальций қосылған сода өндірісін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Түрік инвесторларының мұндай бастамалары Қазақстан экономикасына оң үлесін қосады деп ойлаймыз. «Kazakh Invest» компаниясының міндеті – инвесторларға көмек беру, Қазақстанда бизнесін жүргізуге мүмкіндік беру. Мұндай жобалар еліміздің гүлденуіне әсер етеді», - деді «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма басшысы Мақсат Қабашев.

Сонымен бірге ол барлық жобалар Қазақстан нарығын қамтып, экспортқа да шығатынын атап өтті. Өз сөзінде гербицид өндіретін зауыт құрылысы қараша айында басталып, 12 айдан соң іске қосылады деп мәлімдеді.

Инвестициялық құжаттарға қол қойылған соң мұндай жобалар бірден іске қосылмайды. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ инвестиция тарту департаментінің директоры Жандос Оразалиннің айтуынша, толықтай жобалардың іске қосылуы 5 жылға дейін уақыт алады.

«Мұндай келісімге келу үшін біраз жұмыстар атқарылды. Түркияға да бардық, өзімізде де кездесулер өтті. «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген түрік компанияларымен келіссөздер жүрді. Бүгін жалпы сомасы 590 млн АҚШ долларын құрайтын 9 құжатқа қол қойылды. Әр жобаның өзінің орындалу мерзімі болады. Түрік инвесторлары бірінші елге келіп, ұжымдарын құру, құрылыс жұмыстарын жүргізу жұмыстары 3 жылдан 5 жылға дейін уақытты алады. Кейбір жобалар 1-2 жылда жүзеге асады деп ойлаймын», - деді Жандос Оразалин.

Түрік инвесторлары жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде шетелдік жұмыс күшін Қазақстанға әкеледі. Олар өндіріс нысандарының құрылысын салу, құралдармен жабдықтау секілді жұмыстарды атқарады. Содан соң қазақстандық жұмыс күші пайдаланылады. Инвестициялық жобалар Қазақстанның барлық облысын қамтиды.

ҚР Президенті 2016 жылдың сәуірінде Ыстанбұлға барған сапарынан кейін Түркиядағы шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан, сондай-ақ трансұлттық компаниялар тарапынан да Қазақстанға деген қызығушылықтың жылдам өскенін атап өткен жөн. Түрік инвесторлары дайын өнімді ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне экспорттау мен өз өнеркәсіптерін орналастыру алаңы ретінде қарастырады. Соңғы үш жылда Түркиядан келген инвесторлар Қазақстанда қайта инвестициялауды және өндірістік қуаттарын арттыруды белсенді түрде жүргізіп отыр.

Соңғы бес жылда түрік инвесторларымен 667,5 млн. АҚШ доллары сомасына 18 жоба іске асқан. Алдағы уақытта жаңа 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық бастамалардың жалпы пакеті 2,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 70 жоба іске еніп, соның ішінде 31 жоба іске қосылды. Ал 40 жоба алдағы уақытта жүзеге асырылуы мүмкін. 2017 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 925,1 млн теңгені құрады.

Фото: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер