BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада сал балаларға ота жасайтын сауықтыру орталығы бой көтереді

Қызылордада сал балаларға ота жасайтын сауықтыру орталығы бой көтереді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Церебральды сал ауруы» диагнозымен ауыратын балаларға арналған «Қанат» спорттық-сауықтыру орталығы мемлекеттік қолдауға ие болды. Республика бойынша теңдесі жоқ бірегей орталықтың негізін қалаушы Сәкен Темірқұлов өзінің әдістемесі бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеумен айналысады. Орталықтағы ем-шаралардың тиімділігі нәтижесінде аймаққа емделушілер өзге өңірлерден ғана емес, сондай-ақ шетелдерден де келуде. Сауықтыру орталығының ерекшелігі Сәкен Темірқұлов 70-тен аса жаттығу құрылғыларын ойлап тауып, оларды қисайған буындарды түзеу ем-шараларына қолданып келеді. Сонымен қатар корсеттер тігіліп, БЦС-мен ауыратын бөбектерге қайтарымсыз негізде сыйға берілуде.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Сәкен Темірқұлов БЦС-мен ауыратын балаларға ота жасауға мүмкіндік беретін спорттық-сауықтыру орталығына арналған жаңа ғимараттың құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Жобаны «ЦеснаБанк» АҚ және «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қолдап, банктен несие рәсімдеу мақсатында Сәкен Темірқұловқа «Даму» Қоры тарапынан 50% кепілдеме берілді.

Орталықтың жаңа ғимаратында 200 емделушіге арналған 2 жаттығу залы, шеберхана, егу-емдеу бөлімі, ота жасау бөлмесі мен қысқы бақ орналасатын болады. Сәкен Темірқұловтың сөзінше, ол ота жасайтын зал ашу жоспарын жүзеге асыруды және Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнертапқышы, медицина ғылымдарының докторы, профессор В.Б. Ульзибаттың (Ульзибаттың әдістемесі) әдістемесі бойынша отаны жүргізуді көптен армандаса, міне енді мемлекеттік қолдау аясында бұл жоспар жүзеге асатын күн де алыс емес. Ульзибат әдісі – бұл құрастырылуы бұлшықеттегі бірнеше тыртықшаларға килікпей ота жасауға мүмкіндік беретін скальпель арқылы бұлшықет тыртықшасын кесу. Ульзибат әдісін енгізу үшін сауықтыру орталығына Ресейлік үздік хирург дәрігерлер шақыртылатын болады.

Церебральды сал ауруы бүгінгі таңда балалар арасында жиі кездесетін ауру және жыл өткен сайын науқастар саны артуда. Дегенмен біздің елімізде тиімді ем-шаралар көрсететін арнайы мамандандырылған сауықтыру орталықтарының жетіспеушілігі аса байқалуда. Кәсіпкер Сәкен Темірқұловтың жобасы табысты жүзеге асса «Қанат» сауықтыру орталығы базасына бір уақытта екі жүзден аса БЦС диагнозымен ауыратын балалардың емделуіне мүмкіндік туады.

«Қанат» спорттық-сауықтыру орталығындағы кешенді емдеу шаралары массаж, физиотерапия, бобат-терапия және арнайы жаттығу құрылғыларындағы емдік дене шынықтыруды жоғары білікті мамандар жүргізетін болады. Кәсіпкер Сәкен Темірқұлов сауықтыру орталығының базасында жаңадан 38 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер