BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада қыш тақтайша өндіретін зауыт пен газ-электр станциясы салынады

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін «ЭКСПО-2017» көрмесінде «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы АҚ мен түрік инвесторлары инвестициялық құжаттарға қол қойды. Бұл құжаттарға сәйкес түрік инвесторлары Қызылордада газ-электр станциясы мен қыш тақтайша өндіретін зауыт, тау-кен өндірісін дамыту жобаларын іске асырмақ, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Yildizlar SSS Holding» басқарма басшысы Себахаттин Йылдыз бен «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма басшысы Мақсат Қабашев Қазақстанда үш жобаны іске асыру мақсатында өзара меморандумға қол қойды.

«Біз өз елімізде энергетика, ауыл шаруашылығы сияқты әртүрлі салаларда қызмет атқарамыз. Қазақстанда үш жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Біріншісі ол – Қызылорда облысында қыш тақтайшаларын өндіретін зауыт ашу. Екіншісі – газ-электр станциясын салу. Үшіншісі – тау кен өндірісі. Бұл жобалар алдағы уақытта жүзеге асырылады. Жергілікті билік өкілдерімен талқылап жатырмыз. Біздің ел бұл жобаларды жүзеге асыруға әзір. Барлық техникамыз дайын тұр, құжаттарды аяқтаған соң жобалардың құрылысына бірден кірісіп кетеміз», - деді «Yildizlar SSS Holding» басқарма басшысы Себахаттин Йылдыз.

Инвестор энергетика саласындағы жобаны Қазақстанмен бірлесе отырып, ал қалған екі жобаны тек түрік тарапы жүргізетінін атап өтті. Сонымен бірге «Yildizlar SSS Holding» басқарма басшысы Қазақстан нарығында 20 млн шаршы метр қыш тақтайша өндіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Түркияда 80 млн шаршы метр қыш тақтайша өндіреміз. Қазақстанға бұрындары да келіп тұратынмын. Ал келіссөздер жүргізуге жақында ғана келдім. Бұл елдің инвестициялық климаты жақсы», - деді инвестор.

Соңғы бес жылда түрік инвесторлары 667,5 млн АҚШ доллары сомасына 18 жобаны іске асырған. Алдағы уақытта жаңа 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық бастамалардың жалпы пакеті 2,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 70 жобаны іске енгізіп, соның ішінде 31 жоба іске қосылды. Ал 40 жоба алдағы уақытта жүзеге асырылуы мүмкін. 2017 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 925,1 млн теңгені құрады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер