BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандықтардың Польшаның алмасын жоғары бағалайтынына қуаныштымыз – Хоубовски

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін Астанада Қазақстан-Польша бизнес форумы өтіп жатыр. Оған 450-ге жуық кәсіпкер мен қос елдің ірі компанияларының басшылары қатысуда. Аталған шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Польша президенті Анджей Дуда келеді деп күтілуде, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бизнес форумды ҚР Инвеситициялар және даму министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық палатаның еншілес ұйымы Қазақстанның сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды.

Жиында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хайыров екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстың тұрақты дамып келе жатқанын алға тартты.

«Форумға 350-ге жуық кәсіпкер қатысуда. Қазақстан Польшамен сауда-экономикалық байланысын нығайтуға баса мән беруде. Біздің кездесуіміз –бір-бірімізге деген екіжақты қызығушылықты білдіреді. Статистикалық деректерге тоқталсақ, соңғы 10 жылда Польшадан Қазақстанға 200 млн доллар инвестиция тартылды. Ал 2016 жылы қос ел арасындағы сауда айналымы 783 млн долларды құрады. Қазақстанда польшалық кәсіпкерлермен біріккен 115-ке тарта кәсіпорын жұмыс істейді», - деді министрдің орынбасары.

Осы орайда Польша аграрлық нарығы агенттігінің төрағасы Лукаш Хоубовски өз елінің Қазақстанды сенімді серіктес ретінде бағалайтынын атап өтті.

«Польшалық кәсіпкерлер Қазақстанды Орталық Азиядағы сенімді серіктес ретінде бағалайды. Біз Қазақстанның соңғы жылдары қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар елдеріңіздің ішкі инвестиция саласындағы ашықтығын жоғары бағалаймыз. Мұнда кәсібін ашқысы келетін шетелдік кәсіпкерлерге жақсы жеңілдіктер жасалған», - деді ол.

Сондай-ақ, аталмыш агенттік төрағасы қос мемлекет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.

«Соңғы бірнеше жылда Польша-Қазақстан экономикалық диалогының жанданып келе жатқанына куәміз. Біз қос тарап арасындағы диалогтың экономикалық әсері болғанын қалаймыз. Бұл диалог Қазақстан мен Польшаның қарым-қатынасын нығайта түседі. Себебі, екі мемлекет те Жібек жолында орналасқан. Біз қос ел арасында біріккен жобалар бойынша байланыс көпірін орнатып, тауар айналымын кеңейте аламыз. Осы орайда басымдық берілетін сала – тамақ өндірісі», - деді ол.

Осы орайда Лукаш Хоубовски Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында болашағы зор екенін тілге тиек етті.

«Польшаның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанды болашағы зор нарық ретінде бағалайды. Сондықтан біз байланысты нығайта түскіміз келеді. Ғылыми кооперация да бізді қызықтырады. Біз тек польшалық өнімдерді насихаттамай, бірқалыпты байланысты дамытқымыз келеді. Қазақстан нарығында өзге де салаларда польшалық кәсіпкерлер жұмыс істейді. Бізде польшалық инвестицияның үлгілері бар. Бұл ауыл шаруашылығы техникасына қатысты. Осы базада біз өз қарым-қатынасымызды дамытпақпыз», - деді агенттік төрағасы.

Сөз соңында ол Қазақстан мен Польшаның сауда-экономикалық байланысындағы көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін бірқатар жұмыс жүргізу қажеттігін айтты. Лукаш Хоубовскидің пікірінше, қазақстандықтар польшалық өнімдерді жоғары бағалайды екен.

«Польша нарығы Қазақстаннан өнімдерді импорттауға ашық. Осы орайда Қазақстан Польша аграрлық секторының сенімді серіктесі ретінде бағаланады. Біз сіздерден ұзақ жылдар бойы теңіз өнімдерін, балық, тұқым, май импорттаймыз. Осымен үшінші жыл қос ел арасында ауыл шаруашылығы саласында импорт бір деңгейде келеді. Бірақ біз бұл көрсеткіштің жылдан жылға өскенін қалаймыз. Қазақстандық тұтынушылардың польшалық өнімдерді, әсіресе алмаға жоғары баға беретініне қуаныштымыз», - деді ол.

Сонымен қатар бизнес форумда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов польшалық кәсіпкелерді Қазақстанға жұмыс істеуге шақырды.

«Мен польшалық кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында біріккен кәсіпорындар құру мәселесін қарауды ұсынамын. Біз Польшада өнімдерді өңдеу саласының қандай деңгейде дамығанын білеміз. Сондықтан кәсібін ашқысы келетін кәсіпкерлерді Қазақстанға шақырамыз. Себебі, мұнда тауарларды өткізуге үлкен мүмкіндік бар», - деді ол.

Бизнес форумның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін, Қазақстан мен Польшаның бірқатар компаниясы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Нақтырақ айтсақ, Павлодар облысында «Агроқалашық» бағдарламасын іске асыру, «KazakhInvest» пен «PolPharma» арасындағы ынтымақтастық, «Қазпошта» мен «Польша поштасы» арасындағы әріптестік, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен PTAK Warsaw EXPO арасында байланыс орнату және тағы басқа құжаттар бекітілді. Жалпы бизнес форумда барлығы 10 құжат рәсімделді. Соның ішінде FTC Equity мен Soldir арасында алма бақтарына тамшылап суару жүйесін жеткізу келісімі де бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер