BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеге инвесторлар 200 миллиард теңге құймақ

Фото: автордікі

«Aktobe Invest – 2017» халықаралық инвестициялық форумы аяқталды. Меймандар «ЭКСПО-2017: өңірлер дамуының импульсі» тақырыбында пленарлық отырысқа қатысып, кейін құны 200 миллиард теңге болатын 11 меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Aktobe Invest – 2017» халықаралық инвестициялық форумының негізгі пленарлық отырысына 20 елден 400-ден астам адам қатысты. Бас модератор – «Атамекен» ҰКП комитет төрағасы Мұрат Әбенов. «ЭКСПО-2017: өңірлердің даму импульсі» басты тақырып ретінде алынған. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне апарған жобалардан ақтөбелік кәсіпкерлер жиырмасын таңдап алды. Қазір оларды жүзеге асыру шаралары жүріп жатыр.

«ТМД елдерінің арасында тұғыш рет Қазақстанда «ЭКСПО» өтті. 140 мың ақтөбелік биылғы жылдың басты шарасын көріп қайтты. Өңір кәсіпкерлері қазіргі заманның талабына сай құны 128 миллион доллар болатын 20 жобаны таңдап, қазір жүзеге асыруды бастады. Жыл басынан бері өңірде 800 млн. теңгеге инвестиция тартылған. Алайда, мұнымен тоқтап қалуға болмайды»,-деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе - инвестор тартудан ел бойынша көш бастап тұр. ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров осындай баға берді.

«Статистика бойынша Ақтөбе облысы инвестиция бойынша негізгі капиталда алғашқы орында тұр. Біз ең бастысы инвестициялық климат табуымыз керек. Яғни, инвестицияны «қайдан, қалай, қайда тартамыз» деген сұрақтарға жауап болуы қажет. Барлық механизмі құрылуы тиіс. Елімізде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Қолдау да бар. Қазір 200-ден астам біріккен жоба бар»,-деді ҚР инвестициялар және даму вице-министрі.

Көршілес Қостанай облысы да Ақтөбемен медицина саласында байланыс жасамақ. Марат Оспанов атындағы БҚММУ мен Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы арасында келісім орнайды. Көрші өңірде медицина мамандары тапшы. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа электрлі жанар май бекетінің құрылысы туралы да ұсыныс тастады. Орынбор облысы және Италиямен де байланыс нығаймақ. Италияның Қазақстандағы елшісінің айтуынша, ЭКСПО-ның пайдасы зор.

««ЭКСПО» біздің Миланда да өтті. Үлкен халықаралық шара «бізге не берді? не қалады?» десек, ең бастысы инвестиция қалды. Инвесторлар тартылды. Миландағы ЭКСПО-ға 21 миллиард адам қатысты. Біз Ақтөбемен бизнес, мәдениет және білім салалары бойынша серіктестік орнатқымыз келеді»,- деді Италияның Қазақстандағы елшісі Стефано Раваньян.

Биыл 5-ші рет өткізіліп отырған «Aktobe Invest – 2017» халықаралық инвестициялық форумы аясында құны 200 миллиард теңге болатын 11 меморандумға қол қойылды. Ақтөбе мен Қостанай облыстары аймақаралық ынтымақтастық пен өнеркәсіп кооперациясын бірлесе дамытуға уағдаласты. Сонымен қатар, форум аясында жел генераторын шығаратын зауыт салу, фармацевтикалық өндірістің аумағын кеңейту құрылысы, техникалық селитра мен карбамид, яғни, тыңайтқыш шығару зауытының құрылысын жүргізу келісімі жасалды. Мұнай-газ жабдықтарын шығару кластерін құру, құс фабрикасын, жылыжай, нан комбинатын салу меморандумдарына қол қойылды.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер