BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Адасқандар мекені

Фото: Автор

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы әлеуметтік бейімдеу орталығында 47 адам тұрып жатыр. Олардың арасында баспанасы жоқ мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, шетелден жұмыс істеу үшін келгендер мен ішімдікке салынған адамдар да бар.

Қоғамдағы ең ауыр әрі жауапкершілігі жоғары жұмыс әлеуметтік сала қызметкерлеріне тиесілі. Өйткені олар көмекке мұқтаж жандарға рухани дем беріп, көмек көрсетеді. Солардың бірі – Көкшетаудағы әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкерлері. Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау саласы мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, жазда жаппай еркіндік іздеп, өз бетімен кеткен баспанасы жоқ жандар күн суыта әлеуметтік бейімдеу орталығына орала бастайды.

Әлеуметтік бейімдеу орталығына келіп, оңалып кететіндер – аз

Орталықты паналап жүргендердің тағдыры әрқилы. Қай-қайсысын сөзге тартсаң да өмірлеріне өкпелі екенін түсінесің. Бірі ішімдіктің кесірінен отбасынан айырылып, үй-күйсіз далада қалса, енді бірінің іздеушісі жоқ, баспанасы жоқ болғандықтан осы жерді паналауға мәжбүр.

«Орталықта 36 адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері орталық 157 адамды қабылдады. Тіркеуге алынған азаматтың жуынып, үсті-басын қалыпқа келтіруге мүмкіндік беріледі. Медициналық бөлімде дәрігерлер жаңадан келген қоныстанушыны мұқият қарап шығады. Күн суытқаннан кейін осы орталықты паналайтындар саны көбейеді: бірі мұнда өз еркімен келсе, енді бірі әлеуметтік күзет қызметкерлерінің көмегімен келген. Мұндағы тұрақты баспанасы жоқтардың көбі аудандар мен өзге елдерден жұмыс іздеп келгендер, сондай-ақ ішімдікке салынғандар», - дейді орталық директоры Әлия Әшімова.

Орталыққа келген соң қалыпты өмірге оралып, оңалып кететіндері өте аз. Онда да тума-туыстарының күштеуімен болмаса, ішімдікті қоятындардың саны санаулы ғана екен.

«Жеке куәліктері мен төлқұжаттары жоқтары қаншама. Өткен рейдте арбаға таңылған үш мүгедек жанның біреуі қарттар үйіне орналастыруды өтінді. Екінші азаматқа мүгедектігін ресімдеуге көмектесеміз. Орталыққа түскен кез келген жанның тағдырына бей-жай қарамаймыз», -дейді ол.

«БОМЖ»-дардың ең жасы – 30-да, ең үлкені – 80-де

Осындағы заңгер Гүлнәр Серікжанованың айтуынша, мекемедегі ең жас азаматтың жасы 30-да болса, ең кәрісі 80-де.

«Орталықты бірнеше жылдан бері паналап келе жатқан шетел азаматтары да бар. Олардың да құжаттары жоқ. Ал оларды еліне қайтару мақсатында көрші елге ресми хат жіберіледі», - дейді ол.

Мекеме қызметкерлері мұндағы тұрғындардың тілін табу оңай еместігін айтады. Ащы суға жақындықтары былай тұрсын, орталық әзірлеп берген құжаттарын бір бөтелке арақ үшін кепілге қойып, айырылып келетіндер де жетерлік.

Жыл басынан бері 78 адамның 49-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Газбен дәнекерлеуші, аспаз мамандықтарына оқытылған. Көпшілігі қоғамдық жұмыстарға тартылады. Олардың әрқайсысымен еңбек келісімшарты жасалады.

«Орталықтағылардан жылы орын мен тамағы үшін ешқандай ақы талап етілмейді. Сондай-ақ, оларды қоғамдық жұмыстарға араластырамыз. Өз қалаулары бойынша біздегі өндірістік шеберханаларға орналастырылады. Ережеге сәйкес, мұнда бір жылға ғана қоныстануға рұқсат беріледі. Осы аралықта құжаты жоқтарға төлқұжат жасап, оқуға құлық танытқандарды қайта оқытып, өмірге бейімдеп шығарып жібереміз, - дейді әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Әлия Әшімова.

Жыл басынан бері 35 адамның құжаты қайта жасалды

Аптасына бірнеше рет рейд ұйымдастырылады. Қайыр сұрайтындар көбейіп кеткенде мобильді патруль қызметі күн сайын шығады. Қыста күшейтілген режимде жұмыс істейді.

«Кейбір адамдар құжаттарын әдейі жоғалтады. І, ІІ топ мүгедектері мен жалғызбасты қариялар қарттар үйіне жіберіледі. Құжаттары дайын болғанша орталықта тұрады», - дейді әлеуметтік бейімдеу орталығы жанындағы түнгі бөлімшенің меңгерушісі Ақылбек Бекмағамбетов.

Мекеме қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, қанғыбастарға мемлекет тарапынан ішкиім, шұлық, гигиеналық заттар ғана беріледі. Ал, оларды киім-кешекпен қамтамасыз етуге қайырымды жандар көмектеседі.

«Кез келген адам үйіндегі қажетсіз киім-кешектерді осында өткізулеріне болады. Ол үшін 77-49-89, 77-02-61 телефондарына хабарласып, көмектескіңіз келетінін айтасыз», - дейді орталық директоры Ә.Әшімова.

Фотолар: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер