BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тың идеялар декреттік демалысымда пайда болды – суретші  Эксклюзив

Адам баласы өз бойындағы қандай да бір дарыны мен қасиетін шыңдай түспесе, уақыт өте келе әлгі дарынның да солғын тартып, ғайып болуы хақ. Жалпы, әрбір азамат әркез ізденіс үстінде болуы керек. Сонда ғана ол діттеген мақсатына жете алады. Baq.kz тілшісі сұхбат алған суретші, Жас суретшілер одағының мүшесі, дизайнер Айдана Мыңайдарова дәл осындай ұстаныммен еңбектеніп келеді.

- Шығармашылық жолыңыз қалай басталды?

- Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, бір жыл бойы еркін суретші ретінде айналыспаған шаруам жоқ. Мысалы, боди арт, қабырғаларға сурет салу, дизайн, әшекей бұйымдарының дизайны сияқты салаларда қызмет еттім. Мен осы уақыт кезеңінде бейнелеудің өзіме тән техникасын іздеген сияқтымын. Алайда, ол жақта шығармашылыққа бөлетін уақыт тапшы болған соң және қатаң бір шеңбер аясында ғана қызмет ету талап етілгеннен кейін ол қызметтердің ешқайсысы маған ұнамады. Артынша-ақ, осы «Арбис-ART» студиясына жұмысқа келдім. Дәл осы студияда менде өзімнің барлық мүмкіндіктерімді пайдалануға, бар тәжірибемді іске қосып еңбектенуге деген құлшыныс пайда болды. Бұл менің өз дамуымды қолға алуға деген таптырмас мүмкіндік болатын.

- Сонда киімдерге сурет салуды да осы студиядан бастадыңыз ба?

- Иә, шамамен екі жыл бұрын мен дәл осы студияда киім-кешекке сурет салуды алғаш рет жасап көрдім. Маған өте ұнады. Алайда, мен оған аса қатты көңіл аудармадым. Себебі, бұл бір толқын секілді, уақыт өте келе адамдардың мұндай хэнд-мейдке деген қызығушылығы азая түсетіндей көрінді. Қалай айтсам екен, бұл мен үшін жай ермек сияқты болатын. Алайда, қазірдің өзінде көптеген адамдар сурет салған киімдерді сұрап жатады. Аса көңіл бөле қоймағаныммен, ара-тұра айналысып жүрдім. Сол аралықта мен жұктілігіме байланысты еңбек демалысына шықтым. Дәл осы декреттік демалыста мен шығармашылықтағы өз биігіме қол жеткізуге тиіс екенімді, шындығында еш нәрсемен айналыспайтын декреттік демалыста бір нәрсемен айналысу керек екенімді түсіндім. Сол уақытта мен киімге сурет салуға ден қоя бастадым. Егер, оған дейін тек тапсырыс берген бірді-екілі адамның тапсырысын орындасам, бұл кезде жаңа киімдерді арнайы сатып алып, соларды сәндеуге көштім.

- Тапсырыстар көп болды ма? Бастапқыда қандай киімдерге сурет салдыңыз?

- Тапсырыстар болды. Алайда, бұл іс маған қаражат жағынан ешқандай табыс әкелген жоқ. Бұл өзіндік менің бір портфолиом болды деген дұрыс шығар. Осы бағытта өзіндік бір жаңа ойларымды жүзеге асыруға талпындым. Менде жағаларды сәндеу идеясы пайда болды. Яғни, жағаларға сурет салып, оларды өзіндік бір аксессуарға айналдырдым. Көпшілік ұнатты. Осы уақыт ішінде мен Алия Валерьевна атты дизайнермен («AV» брендінің иесі – агенттік ескертпесі) танысып, оның шоу-румында өз дүниелерімді тұтынушылар назарына ұсындым. Ол кісі көзілдірік пен бас киім дизайнері. Сондықтан, біз екеуміз бірлесіп көзілдіріктерге колабрация жасадық. Кейіннен ол көзілдіріктер Миландағы көрмеге қойылды. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды. Уақыт өте келе, күз мезгілі қарсаңында мен жағаларды сәндеуді ысыра тұрып, орамалдарға сурет салуға кірістім. Осы уақытта трансформер-орамал пайда болды. Тұтынушылар бұл орамалдарды жақсы қабылдап, тапсырыстар түсе бастады. Бірақ, өз басым тапсырыс алмауға тырысамын. Әрине, тапсырыспен жұмыс жасасаң, бұл ақша да, күнкөріс те. Бірақ, ол тапсырыста суретші ретінде менің өз қызығушылығым болуы керек. Олай болмаған жағдайда, тапсырыстар суретшінің бойындағы суретшіні өлтіреді. Сондықтан, уақыт өте келе мен тапсырыс алуды мүлде доғардым. Тек өз шабытыммен, шын қалап тұрсам ғана киім сәндеуге кірісемін деп шештім.

- Ал қазір қандай да бір жаңа әрі тың идеялар бар ма?

- Қазір мен әшекей тастармен көмкерілген түйреуіштер топтамасын әзірлеудемін. Қазір дайындалып жатыр. Әзірше, Астанада күн жыли қоймағандықтан, нағыз көктем келгенше, үлгереміз деп ойлаймын. Сол сияқты, бас киімдерді немесе қысқа жең жейделерді сәндеуді де қолға алғым келеді. Әзірше, нақты таңдау жасаған жоқпын. Жалпы, мен эксклюзивті дүниелерді жасағым келеді.

- Бір киімге сурет салу қанша уақытты талап етеді?

- Жалпы, киімге сурет салу ешқашанда жылдам бола қоймайды. Себебі, сіз матаға сурет салуыңыз керек. Ал, өзіңіз білесіз, матаның сіңіргіштігі өте жоғары. Сондықтан, сурет қанық түсті болып шығуы үшін бояуды бірнеше рет жағуға тура келеді. Шамамен, 3-4 күн уақыт кетеді.

- Ал сурет салынған киімдерді қалай жуу керек? Қандай да бір күтімді қажет етеді ме?

- Әлбетте, бұл киімдерді тек қолмен жуу керек. Себебі, кір машинасында жиі жуу қалай болғанда да суреттің оңып кетуіне алып келеді. Әрине, егер, киіміңіз ұзақ уақыт сәнінен айырылмасын десеңіз, киімді қолмен жуып, біршама әуреленуге тура келеді.

- Сіз әрлеп-сәндеген дүниелердің бағалары жөнінде не айта аласыз?

- Жаға 15 мың, шарф пен трансформер орамал 30 мың теңге тұратын. Қазір мен табыс табуды емес, өз атымды қалыптастыруды ойлап жүрмін. Ақша мен үшін тек жұмсалған шығындардың орнын толтыру ғана. Жалпы, декреттік демалыс әйел баласына өзін жоғалтып алмауға барынша тырысуы үшін түрткі болады екен. Мен де адамдар мені ұмытып кетеді ме деп қорықтым. Әрине, мен соншалықты үлкен жетістікке қол жеткізе қойған жоқпын. Сонда да, менде бір қорқыныш болды. Осы қорқыныш менің идеяларымды жүзеге асыруыма күш берді.

- Сіз суретшісіз ғой. Сондықтан, шығармашылығыңыз киімдердің айналасында шектеліп қалмаған болар. Бұдан бөлек, қазір қандай картинамен жұмыс жасап жатырсыз?

- Әрине, мен Жас суретшілер одағының мүшесі болғандықтан, ол жақты да қамтуым керек, қолды сілтеп қоюға болмайды. Алдағы уақытта Астанада одақтағы жас суретшілердің көрмесі өтеді. Сол көрмеге менің екі картинам қойылады. Сондықтан, қызу еңбек үстіндемін десем де болады. Жалпы, өзімді әлеуметтік проблемаларға көзі ашық адам ретінде көрсеткім келеді. Әрине, Сириядағы соғыс секілді тым ауқымды дүниелерді өз туындыларымда көрсетуге маған әлі ерте шығар. Әйткенмен, алысқа бармай-ақ, өз еліміздегі бірқатар әлеуметтік проблемаларды қозғағым келеді. Олар жоқ емес, бар, мойындау керек. Қазір сол картиналарды көрмеге дайындап жатырмын.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер