BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Еламан Ерғалиев: Келесі жылы да «Қазақстан барысы» атану үшін дайындықты бастап кеттім

Фото: Егемен Қазақстан

Ұлттық турнирге айналған «Қазақстан барысы» бәсекесі биыл көрермендерімен жетінші мәрте қауышты. Осы жолы турнирдің деңгейі өсе түскенін, кәсібилігі артқанын, абыройы асқақтағанын байқадық. Биыл көпшілік көрермен барыстардың күресін дәл жанында отырып тамашалап, айыздары қанды. Бұл жарыстың «Сарыарқа» велотрегінен «Барыс Аренаға» ауысқандығының арқасы. Залға кіре алатын көрермендер саны да артты. Осыған дейін чемпион атанған барыстардың танымалдылығы олимпиада чемпиондарынан бір мысқал да кем емес. Биыл да жанкүйерлер кімнің оза шабарын болжамдаса да, нақты кесіп айта алмай тұқырған. Өйткені, барлығы да кіл «сен тұр, мен атайын» мықтылар. Бірі «Осы жолы қайта чемпион боламын» деп мәлімдеме жасаған Ұлан Рысқұлды басты көзір етсе, бірі Мұхит Тұрсыновқа, енді бірі Руслан Әбдіразаққа сенім артқан. Алайда олардың ешбірі де алтын тайтұяққа қол жеткізе алмай, жеңісті сыр елінің жас балуаны Еламан Ерғали жұлып әкетті. Жарыстан кейін Еламан елінің құшағына еніп кетіп, балуанмен ә дегеннен ақтарыла сөйлесе кетудің сәті түскен жоқ. Спортшымен тек оқу-жаттығу жиынына аттанардың алдында кездестік. Ендеше, жаңа чемпионның сұхбатын оқыңыз.

Еламан, «Қазақстан барысы» атануыңмен шын жүректен құттықтаймын! Жарыстан алған әсеріңмен бөліссең. Сұхбатымызды осыдан бастайық?

  • "Қазақстан барысына" былтыр да қатысқан едім. Алайда өздеріңіз білетіндей, үшінші белдесуімде сәтсіздікке ұшырап, кері қайтуға мәжбүр болдым. Ал биылғы жолым "Әскер барысынан" басталды. Астана қаласында өткен сол бір айтулы додада топ жарғаннан кейін, "Қазақстан барысына" қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Жалпы, бұл турнирдің жылдан-жылға ұйымдастырушылық деңгейі де, сайыстың дәрежесі де өсіп келе жатыр. Қазақстанды айтпағанда, біздің күрескенімізді әлемнің әр түкпірінен миллиондаған көрермен тамашалап отырады екен. Оның өзі үлкен қуаныш ғой.

Сен үшін қай қарсылас мықты секілді көрінді? Кімнен сескендің іштей болса да?

  • "Қазақстан барысына" ешкімнің де бей-жай қарап, жәй әшейін келе салмасы анық. 33 балуанның барлығы да үлкен дайындықтан, үлкен іріктеуден өтіп келіп отыр. Оның үстіне бәріміз бір-бірімізді білеміз. Спортта мына спортшы осалдау ғой, мұны айналып өтемін деген ұғымның талай мәрте теріске шығатынын көріп те, біліп те жүрміз. "Ой, мына қарсыласты қалпақпен ұрып аламын ғой" деп тұрып, жеңіліп қалуың мүмкін. Сол үшін барлық қарсыласқа бірдей дайындық, бірдей бап болды. Ешкімді бөліп-жармай, ешкімнен сескенбей тек алдымнан шыққан қарсыласпен барымды салып күрестім, содан кейін әлбетте тек жеңуім керек деген ой тұрды. Осының арқасында жеңіске жеттім.

Турнирге дайындық қанша уақытқа созылды?

  • Бұл турнирге бір-екі ай ғана дайындалып келе салған жоқпын. Бұл жеңіс қаншама ай мен қаншама жыл бойы төгілген тердің жемісі деуге болады. Әркім де жеңісті армандайтындықтан, бәрі де солай ұзақ уақыт жаттығып барып қатысады. Негізі мені дайындайтын бірінші бапкерім - әкемнің ағасы Дархан Алмаханов деген кісі. Ал қазір мені турнирге жетелеп шығып, осы күндері де білгенін үйретіп баптап жүрген Арсен Хасиев деген жеке бапкерім. 2012 жылдан бері сол кісінің қол астында жаттығып, шыңдалып жатқан жайым бар.

Қазақ күресінде өзіңнің сүйсіне жасайтын әдісің қандай?

  • Өзім жақсы жасайтын, қолайыма келе кететін 4-5 әдісім бар: Бұттың ортасынан көтеріп лақтыру, шалып лақтыру, іліп қалу деген сияқты. Мысалы бұл әдістерді Мұхит ағаға, Асыл Барменовке, финалда Ұлан ағамызға қарсы қолдандым. Және ол әдістер өзінің сәтті нәтижесін берді. Бұл менің сүйікті тәсілдерім.

Еламан, сен белдескен балуандардың біразы дерлік күрес барысында жарақат алып қалып жатты. Бұл кездейсоқтық па, әлде сенің тарапыңнан дөрекілік болды ма?

  • Біз енді кілем үстінде қанша жерден қарсылас болсақ та, кілемнен тыс жерде ағалы-ініліміз ғой. Сондықтан күресіп жатқан кезде әдейі дөрекілік көрсетіп, айламды асырып кетейінші деген арам ой болмайды. Қазақ күресіндегі кілем татами секілді емес. Сәл-пәл сусиды. Сол себепті Асылдың аяғы жоғарыға қарай қатты көтеріліп кетті. Болмаса оны әдейі ауыр әдіспен құлатайын, жарақат салып тастайын демедім. Ол деген жан алысып-жан берісіп жатқан қас-қағым сәтте болатын нәрсе ғой. Не жасағаныңды, әдістің қалай жүзеге асып кеткенін қас пен көздің арасында өзіңде бағамдап үлгере алмай қаласың. Ал бағана айтып өткенімдей, былайғы өмірде ағамен ағадай, інімен інідей, құрдаспен достай қарым-қатынасым өте жақсы деп айта аламын. Бұл ағаларыммен бұрыннан күресіп жүрмін. Мұхитпен де, Ұланмен де екі рет кездесіп, екеуінде де жеңген болатынмын. Сондықтан мен осы жолы өз-өзіме сенімді келдім. Оларды жеңетінімді, басым түсетінімді іштей біліп тұрдым. Ондай үлкен жарыс кезінде адамның өз-өзіне деген іштей сенімділігі де үлкен маңызға ие. Егер сен жарыста жеңіп шығатыныңа өзің сенбей тұрсаң, басқаларды қалай иландырасың. Осы тұрғыда өзімді қатты дайындап, рухани мықтылықпен кілем үстінде физикалық күштілігімді үйлестіре білдім-ау деймін. Әрине, осал қарсылас жоқ. Жеңіс оңай да келген жоқ. Қатты қиналған кездерім болды. Бірақ, бәрі сәтімен жүзеге асып кетті мен үшін. Финалға шыққан кезде менде бір ой болды, "жеңу" деген. Әрине, Ұлан ағамыз өте мықты әрі тәжірибеге бай қарсылас. Бірақ, оның жарыс алдында "осы жолы "Қазақстан барысын" мен ұтып аламын" деген үндеуі де, атағы да мені сескендіре алған жоқ. Ал ұтқаннан кейін өзіме біртүрлі сене алмадым. Шындығында 33 балуаннан озып, алтын тайтұяққа қол жеткізіп тұрмын ба деген ой бір қызық ойларға жетелеп кетеді екен. Халықтың қолпаштауы, айналамның у-шуы түсім сияқты болып тұрды. Одан кейін біртіндеп үйрене бастадық ғой (күліп).

Өзіңнің дзюдо спортымен айналысатыныңды білеміз. Ұлттық құрама сапындағы жәй-күйің қалай болып жатыр?

  • Қазіргі таңда дзюдо спорты бойынша шеберлігімді шыңдап жатырмын. Осы уақытта 100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша ұлттық құрама сапында Ержан Шынкеев ағамыздан кейін екінші нөмірлі спортшымын. Міне, жыл ортасынан асып бара жатыр. Біз жыл басынан бері бірнеше жаттығу мен жарысқа қатысып, тәжірибе жинадық. Келесі жылы бірінші нөмір болуға тырысып, бар күш-жігерімді салып дайындалып жатырмын. Ал негізі биылғы дзюдо сайыстары мен үшін қатты сәтті болды деп айтуға келмейді. Екі бірдей халықаралық сайыста есе жіберіп қойдым, тек Бакуде өткен ислам ойындарында үшінші орын алған болатынмын. Одан кейін Азия біріншілігінде бесінші орын алып қалдым. Енді алдағы уақытта қандай жарыс болмасын еліміздің атын шығарып, мықтылығымды көрсетіп, жеңіске жетуге тырысамын. "Қазақстан барысы" аяқталған соң төрт күн демалдық та, дереу дайындық басталып кетті. 25 шілдеде оқу-жаттығу жиындары басталады. Негізінде қазақ күресі мен дзюдоның ұқсастығы көп қой. Дзюдомен айналысқан адам қазақ күресімен, қазақ күресімен айналысқан адам дзюдомен еркін айналысып кете алады. Бұл жердегі айырмашылық екі спорттың киім үлгісінде. Және қазақ күресінде отырып, жатып әдіс жасауға рұқсат берілмеген. Сондай-ақ, дзюдода қылғындыру арқылы жеңуге, қолын ауыртып тастауға, жатып күресуге мүмкіндік бар.

Өзің жас болғанмен, салмағың ауыр нар тұлғалы балуансың ғой. Дене бітіміңді лайықты күйде ұстап тұру үшін қандай режим ұстанасың?

  • Мұндай ауыр салмақты ұстап тұру үшін уақытылы тамақтанып, уақытылы ұйықтау керек. Өзіміз қазақ болғаннан кейін етке жақынбыз ғой. Шетелге бір аптаға кетіп қалсақ, ет тамақты, шұбат пен қымызды сағынып тұрамыз. Енді тамақты талғамай жей беремін. Бірақ, бапкерлерім көбінесе майлы тамақтан аулақ бол дегенді айтады. Өйткені майлылығы жоғары тағамдар тыныс алуға, еркін жүгіруге кедергі келтіреді. Ал асылған тамақтардың зияны жоқ. Бапкерлерім мен дәрігерлердің айтқандарын орындап, кейде тамақтардан да шектеліп отыратын кез болады.

Өзіңнің өскен ортаң, туған жерің туралы айта кетсең?

  • Мен 1995 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келдім. Сол жерде жүріп 3-сыныптан бастап күреспен айналыса бастадым. Ата-анам, әжем барлығы сол жақта тұрады әлі күнге. Өзім үйдің үлкенімін. Менен кейін екі інім мен қарындасым бар. Мектепті Қызылордада оқығаныммен, қазіргі кезде Алматы қаласында тұрып жатырмын. Осы жақтағы спорт және туризм академиясын бітіріп шыққанмын. Осы ретте сол жоғарғы оқу орынында ұстаз болып қызмет атқаратын, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Мұхитденов ағамыздың маған көрсеткен көмегі мен қамқорлығы орасан зор. Сол кісіге алғысымды білдіре кеткім келеді.

Енді келер жылы да «Қазақстан барысында» өзіңді чемпиондыққа үміткерлердің қатарынан көреміз деген үміттемін?

  • Алла қаласа әлбетте келесі жылы "Қазақстан барысына" іріктеусіз қатысамын ғой. Қазірден бастап осы атақты қорғап қалу үшін дайындықты бастап кеттім десем болады. Бір аптада 10 жаттығу жасаймыз. Енді біз ауыр салмақта болғандықтан күш пен қозғалысқа негізделген физикалық жаттығуларды көбірек жасауға мән беремін. Сосын бапкерлерімнің тапсырмасы, тактикасы бойынша әдістерді қайталау жаттығулары бар. Соларды жиі жүзеге асырып, шынығамын. Сосын қасымда өзім секілді ірі-ірі жігіттер бар. Солармен белдесіп, дайындаламыз. Жалпы, бос уақытым жоқ деп айтар едім. Аптасына тынбастан 10 жаттығу жасайтындықтан, тек демалуға ғана уақыт табамыз. Ал кейде ірі турнирлерден кейін еңбек демалысын беріп жатса, онда суға түсіп, тауға шыққан ұнайды. Ал 24 сағат бойы бар ойлайтыным – тек күрес ғана.

Рахмет Еламан! Сәттілік тілеймін!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер