BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Беделді ғалым отандық кәсіпкерлерді тоқмейілсімеуге шақырды

Фото: Абзал ҚАЛИЕВ

Профессор, халықаралық сапа жүйесінің сарапшысы, эксперт-аудитор Азат Әбдірахманов отандық кәсіпкерлерді республикалық байқауларда жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімей, өз өнімдерінің сапасын арттырып халықаралық нарыққа шығу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның пікірінше, қазақстандық бизнесмендер тек ұлттық «Алтын сапа» конкурсы мен «Қазақстанның үздік тауар өндірушісі» байқауына ғана қатысып үйреніп қалған.

«Біздің кәсіпкерлердің арасында үлкен кемшілік бар. Олар жылда «осы (байқауларды – автор) науқан ретінде көктемде бастап, жаз бойы қатысып, күзде соның нәтижесін көреміз» деп ойлайды. Содан кейін барлығы тынышталады. Келесі жылы барлығы қайтадан басталады. Бұл дұрыс емес», - дейді ғалым.

Осы орайда ол бұл республикалық байқаулардың қандай мақсатта ұйымдастырылатындығын түсіндірді.

«Ұлттық «Алтын сапа» конкурсы және «Қазақстанның үздік тауар өндірушісі» деген конкурстар халықаралық тәжірибе негізінде ұйымдастырылады. Экономикасы дамыған мемлекеттердің бәрінде осындай ұлттық конкурстар бар. Мақсат - елде шығарылатын тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, әрі алдыңғы қатарлы кәсіпорындарға, компанияларға өздерінің тауарларын халықаралық деңгейге көтеруге жағдай жасау», - деді профессор.

Сонымен қатар Азат Әбдірахманов шетелге өз тауарын шығарып жатқан отандық кәсіпорындар бар екендігін алға тартты. Алайда сарапшы бұл компанияларда менеджментті дамыту керек деген пікірде.

«Біздің кәсіпорындардың арасында Қытай Халық Республикасына, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Түркияға сапалы тауар жіберетіндер бар. Бірақ, олардың менеджментін дамыту керек. Себебі, отандық кәсіпкерлердің, кәсіпорындардың бір кемшілігі оларға менеджмент жетіспейді. Ал халықаралық деңгейде қойылатын талап жоғары. Сондықтан ең бірінші мәселе ол компанияның менеджментін дамыту қажет. Екінші мәселе халықаралық конкурстар арқылы танымал болу шарт. Өйткені, республикалық деңгейде отандық тауарлар танымал болғанымен, халықаралық деңгейде біздің көп тауарларды ешкім білмейді. Ал сапа және тағы басқа талаптар бойынша біздің тауарларымыздың кемшілігі жоқ. Әр компания өз бизнесін тұрақты жүргізетін болса, онда біздің экономикамызда тұрақты болады», - деді ол.

Сөз соңында сарапшы қазақстандық кәсіпкерлерге өз кеңесін берді.

«Біз үлкен нарыққа шығуымыз керек. Мысалы, бізде кейбір кәсіпорындар өз тауарларын елімізде шығаруды ғана ойлайды. Немесе олар өз жеткен жетістіктерін қанағат тұтады. Ол дұрыс емес. Отандық тауарларды алыңдар деу аз. Мен шетелден келген тауардың сапасы жоғары әрі оның бағасы отандық өнімге қарағанда арзандау болса, мен бәрібір сол өнімді аламын. Жалпы нарық құбылмалы. Сондықтан кәсіпкерлерде күн сайын білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Біздің кәсіпорындар бір жетістікке жетсе, біз тұра береміз дей ойлайды. Олай емес. Тұтынушылардың талаптары күн сайын өзгеріп жатыр. Ал шетел тауарларының сапасы күн өткен сайын жақсаруда. Осыны ескере келе, біз көштен қалмай, еңбектенуіміз керек», - деп түйіндеді сөзін Азат Әбдірахманов.

Фото: Абзал ҚАЛИЕВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер