BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сағынтаев баяндама оқып берген басқарма басшысын сынға алды

Фото: Qamshy.kz

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында облыстық балалар ауруханасының жұмысымен танысып, өңірдегі денсаулық сақтау саласы мамандарымен жиын өткізді.

«Халық тарапынан неге шағым түсіп жатыр? Денсаулық сақтау саласындағы көрсетілетін қызмет сапасына неге көңіл толмайды? Мемлекет тарапынан қазір барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысында бірқатар жаңа ауруханалар бой көтерді. Жеке клиникалар тағы бар. Дегенмен, халық арасында сауалнама жүргізген кезде, саладағы қызметті алу үшін облыс халқы басқа аймақтардағы мамандардың көмегіне жүгініп жатқаны анықталуда. Қазір көшіп жатқан цифрлық жүйенің арқасында дәрі-дәрмекті артығымен алып қою фактілері анықталып жатыр. Ұсынылған мәлімет бойынша, сіздерде қоймада 1 млрд жуық дәрі артығымен жатыр», - деген үкімет басшысы мұндай дәрілер сатылымға шығып жатқанын да ескертіп, аталаған мәселелер жөнінде түсініктеме беруді сұрады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов Премьер-министр қозғаған мәселелерге тоқталмай, дайын баяндаманы оқып бергеніне көңілі толмаған Сағынтаев орын алып отырған проблемалар жөнінде нақты түсініктеме беруді талап етті.

«Баяндама оқып бердіңіз. Мұның барлығын маған жазып берген. Ол мәліметтің барлығы менде бар. Мен сіздерге айтып отырмын, халық тарапынан наразылық бар. Неге? Осыны айтып беріңіздер деп отырмын. Бас дәрігерлер, айтсаңыздаршы», - деді Сағынтаев.

Премьердің ескертпесінен кейін сөз алған №5 қалалық емхананың бас дәрігері Динара Сәрсенова адам денсаулығының тек 10 проценті ғана денсаулық сақтау жүйесіне тәуелді екенін және осы тұста адамдар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренуі қажет екенін алға тартты.

Алайда, бұл да жалпылама жауап екенін ескерткен Бақытжан Сағынтаев өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай алмаған азамат дәл осындай денсаулық сақтау ұйымына көмек сұрап келгенде көрсетілетін қызмет сапасы неге төмен екенін нақтылап сауал жолдады.

«Мейлі, ол өзін күтпеді, денсаулығының 90 процентіне өзі жауапты болғанымен, әбден ауру дендеген кезде мамандардың көмегіне жүгінді. Ол медициналық мекемеде болған кезде проблемаларға тап болып отыр. Содан медициналық қызметтердің сапасына шағымданады. Дұрыс емдемейді, дұрыс диагноз қойылмады, ауруым жеңілдемеді деген сияқты мәселелер туындайды. Осы жөнінде айтыңыздар», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министр жеке емханалардағы бағаны да бақылауға алу қажеттілігін атап өтті.

«Неге қызмет бағасы жоғары? Сіздерде жекеменшік емханалар өте көп. Олар бағаны қайдан алып отыр, неге негізделуде. Жекеменшік емхана болса, ойына келген бағаны қоя алады деген рұқсат жоқ», - деді үкімет басшысы.

Осы тұста облыс басшысы Асқар Мырзахметов медициналық қызмет сапасына қатысты мәселе күні кеше облыста өткен жиында қаралғанын мәлім етті.

«Оны екіге бөліп қарастыру керек. Оның біріншісі – облыстағы енсаулық сақтау нысандарының жабдықталуы, тиісті қондырғылардың болуы, мамандардың жетіспеушілігі. Екіншісі – дәрігерлердің білімі мен біліктілігі. Блокқа қатысты шешілмеген мәселелер бар. Облыстағы 95 елді мекенде алғашқы медициналық көмек көрсететін нысан жоқ. Бұл проблема алдағы үш жылда шешілетін болады», - деген Асқар Мырзахметов аймақтағы медициналық мекемелердегі жабдықтардың алгоритмі әзірленгенін айтты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер