BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құрметті спорт сүйер қауым!

Спорттың тек денсаулық кепілі ғана емес, сонымен қатар әлем елдері мен мемлекеттерінің арасындағы достастықты нығайтудағы алар орны мен атқаратын қызметінің де орасан зор екені баршамызға аян!

Кешегі кеңес өкіметі кезінде спортқа айрықша көңіл бөлінгені, оның өзіндік бір даму сатысынан өткені де белгілі. Сол кеңес елінің даңқын бүкіл әлемге паш етуге қазақтың ұл-қыздарының да қосқан үлесі мол.

Мәселен, Ғұсман Қосановтың 1964 жылы Токиодағы Олимпиадада жеңіл атлетикадан Қазақстанға ең алғашқы күміс медальді әкелгенін де білеміз. Сонау 1980 жылғы өткен Москва Олимпиадасында Серік Қонақбаевтай саңлағымызға қиянат жасалып, күміс жүлдегер атанған кезде он бестегі бала болсақ та көзімізге жас алғанбыз. Өйткені Серік біз үшін зор мақтаныш еді. "Серік жеңілді" дегенге сенбей, балалық қиялымыздағы алтынымызды Серік ағамызға шын жүрегімізбен сыйлаған да едік. Міне - спорттың құдыреті деген!

Мен де спорт десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың бірімін. Мәселен, боксшы Қанат Ислам, дзюдошы Елдос Сметов және т.б. бауыр-қарындастарым жеңіске жетсе, төбем көкке бір елі тимей қалады. Аллаға шүкір! Өз балаларым да спортқа жақын жүр, жетістіктері де жоқ емес. Үлкен ұлым кикбоксингпен айналысса, кенже ұлым дзюдодан спорт шеберіне үміткер.

Маған спортқа деген, салауатты өмір салтына деген насихаттың, тәрбиенің, өскелең ұрпақтың дені сау шыныққан азамат болып өсуінің бір шеті осында жатқандай болып көрінеді. Әйтпесе, қаламсап пен қасықтан басқа ауыр зат көтеріп көрмеген кейбір ағайындарымыз "еңбегім сіңді" деп, мемлекеттен алған ордендері мен медальдарын тойға барса да, жаназаға барса да (қайда барса да) тағып жүреді. Осы біз үлкендер, өзімізді көбірек ойлап, ал жастарға көңілімізді аз бөлетін сияқтымыз.

Сонымызды сезгендей Елбасымыз биылғы 2019 жылды - "Жастар жылы" деп жариялады: "Біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек," - деп үлкендерге, біздерге үміт артып отыр. Жастарға да өз жетістіктерін көрсетуіне неге жағдай жасамаймыз?! Ал жастар мен спорттың арасы тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті емес пе?

Біз Тәуелсіздігін алғанына ширек ғасырдан енді асқан мемлекет болсақ та, спорттағы жетістіктеріміз бүкіл әлемді мойындатып жатқан елміз. Сіздерге түсінікті болу үшін сәл шегініс жасай кетейін. Кеңес өкіметі кезінде спортпен айналысатын мектеп қабырғасындағы балалар мен жасөспірімдерге спортта жетістіктеріне қарай «1- Разряд», «2- Разряд», «3- Разряд», және «Кандидат в мастера спорта», «Мастер спорта» т.б. төсбелгілері берілетін.

Мектеп пен жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде спортта жеткен жетістіктерін айғақтайтын төсбелгілерін тағып жүрген құрбыларымызды көргенде, қатты қызығатынымызды неге жасырайын? Ал қазіргі уақытта мен балалардан ондай төсбелгілерді байқай алмай жүрмін. Әрине, куәліктер беріледі (оны ұлым да алды, бірақ төсбелгісі жоқ). Алайда ешкім де куәлігін көрсетіп «мен спорт шеберімін» деп жар салмайды ғой.

Егер спортшы балалар мектепте де өзінің спортта жеткен жетістігін білдіретін төсбелгісін тағып жүрсе - ол дегеніміз жанындағы құрбыларының, артында өсіп келе жатқан іні- қарындастарының қызығушылығын оятып, спортқа жетелер еді (орыс көршілерімізше айтсақ «стимул» болады).

Балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің еңбектеріі бағалануы тиіс! Өйткені, спорттың жетістіктері деген, ол компьютердің алдында отырып алып емес, тамшылап төгілген ащы тердің, үлкен еңбектің, қажымас қайсарлық пен таудай талаптың арқасында ғана келеді. Олай болса, мектеп қабырғасында оқып жүрген, спорт десе ішкен асын жерге қоятын балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт дәрежесін (разрядттар) айғақтайтын төсбелгілерді "қайта жаңғыртуды" ұсынамын.

Бұл Елбасының "Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру" бағдарламасының талаптарына, дамыған елдер қатарына жетуге талпынып отырған еліміздің сарабдал саясатына да тұспа-тұс келіп тұрған игі шара болары анық.

Мен осы ойларымды өзімше салмақтай келе, қаламыздағы "менмін" деген спорт мамандарымен де кеңесіп көріп едім, өкінішке қарай, олардан ауыз толтырып айтарлықтай жарытымды жауап ала алмай, қатты қапаландым (Тіпті қазір басқа жақта жүрсе де, бірақ Семейден шыққан атақты спортшы ағаларыма да осыдан бір жыл бұрын тура осы жобаларымды жіберген болатынмын. Жауап бермеді). Тек ғаламтор арқылы «СПОРТ ШЕБЕРІ» мен «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген төсбелгіні ғана таптым. Ол белгінің өзі де, сол атақты алған спорт майталмандарындарының кеудесінен өз орнын таба алмай жүрген тәрізді. Әйтеуір, мен кездестірген спорт шеберлерінде «Қазақстан спорт шебері» төсбелгілері жоқ! Аға буын өкілдері өздерінің кешегі кеңес дәуіріндегі берілген значоктерінің (төсбелгілері) бар екенін айтады. Ал қазіргі интернетте көрсетілген және қолданыста делінетін әрі бар-жоғы да күмәнді белгінің өзі де маған біздің ұлтымызға тән емес, сол кеңес дәуіріндегі Суворов, Кутузов ордендері мен пионер значогін тағып алғандай кері әсер береді.

Біз ата-бабаларымыздың арманы болған еркіндікке қол жеткізген тәуелсіз Қазақстан мемлекетіміз. Демек, біздің белгілеріміз де ешкімге тәуелді болмауы да, еліктемеуі де тиісті. Және де спорт майталмандарының кеуделеріне тағып жүруіне лайықты болуы керек. Ана «СШ» мен «ХДСШ» аталмыш төсбелгілерінде еліміздің байрағындағы күн мен қыранға орын жетпей қалған ба? Тіпті елтаңбаны айтпағанның өзінде де туымыздың күні мен қыраны болуы керек. Айтыңыздаршы, ірі жарыстарда не үшін ұлттың туын алып шығады? Әлбетте, елдің рухын асқақтату үшін емес пе, сіздер қалай ойлайсыздар?! Қазіргі уақытта қолданыста жүрген төсбелгілерді сол атақты алған майталман спортшы жігіттеріміз бен қыздарымыз кеуделеріне таға қоюы да екіталай. Себебі - ол өзінің жасалуымен көзге қораш көрінеді. Артық айтсам, кешірерсіздер! Расында да, әр кеудеге тағылатын марапат белгілері сол елдің ұлттық ерекшеліктері мен мемлекеттік рәміздерін көрсетіп тұруы тиіс! Ол төс белгілерден ұлттың иісі міндетті түрде аңқып тұруы керек!

Көрші Ресей мемлекетінде ол төсбелгілер сонау тоқсаныншы жылдардан- ақ қабылданып қолданысқа еніп жүр. Демек, олар бұл мәселеге үлкен мән беріп отыр. Ал біз бұл жағына немқұрайлылық танытудамыз. Олар тіпті өздерінің Мемлекеттік Гербіне дейін енгізіп қойған. Бұл өз кезегінде ол төсбелгінің мемлекеттік маңызын айқындап тұр. Ал бізде ше? Бізде "әйтеуір жасалу керек екен" деп салғырт жасай салған сияқты.

Енді, менің ойымша, төсбелгі - деген бір қарағаннан-ақ кімнің қай елден екенін білдіріп, танытып тұруы керек?! Әрине, бұл жеке өз пікірім ғана. Өйткені, Олимпиада, халықаралық дүбірлі жарыста бас жүлде алған жеңімпаздарды мадақтаған кезде сол елдің байрағы көтеріледі. Ал төсбелгі әр спортшының кеудесіндегі сол байрақтың кішкене бір бөлшегі. Сондықтан туды айшықтайтын күн мен қыран белгісі төсбелгіде міндетті түрде болуы керек. Ол ұлттық ою көмкеріліп, «Қазақстан» деген атауды өзінің жасалу ерекшелігімен- ақ білдіріп тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

Осы жаңдайларды ескере келе, мен сіздердің талқыларыңызға дизайнер ретінде өз жобаларымды ұсынамын:

1-ші жоба: мына жасалған жобалар мектеп қабырғасында спорт жетістіктеріне жеткенжасөспірімдерге арналып жасалған жоба (негізгі фонда).

№ 2-ші жоба: Ұлттық нақышта көмкерілген «Спорт шеберіне үміткер», «Спорт шебері», «Халықаралық дірежедегі спорт шебері» арналған жобалар (төменгі суретте).

3-ші жоба: Қазақстан деген жазу алынып тасталса да бір қарағаннан- ақ Қазақстан елін айғақтап тұрған төсбелгілер, салыстырмалы түрде жасалған жобалар (төменгі суретте).

Бұл жасалған жобаларды көрген адам бірден- ақ ол белгілердің Қазақстан Республикасын айғақтап тұрғанын жоққа шығара алмайды, және лавр жапырағы арқылы бүкіл Қазақстан спортына құрмет те көрсетіліп тұр. Сондықтан да, спортшыға көрсетілетін құрмет пионер значогіне ұқсас белгі арқылы емес, салмақты болуы шарт, әрі ұлтымызға тән сипатта болуы керек деп ойлаймын. Әрбір спортшының Олимпиада ойынында биіктен көрініп, жетістікке қол жеткізу арқылы елінің байрағын жеңіс тұғырында желбіретіп, даңқын арттырудағы еңбегі өте зор.

Елдің дамуына, танымал болуына спорттың қосатын қомақты үлесін ешкім де жоққа шығара алмайды. Дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын, спортты серік еткен азаматтары көп елдің болашағы да зор. «Мәңгілік ел» боламыз деп жатырмыз, отыз дамыған елдің қатарына кіруге ұмтылып отырмыз. Ол деңгейден саналы, шыныққан ұрпақ қана көріне алады, сонда ғана біз мәңгілік ел бола аламыз!!!

Ұлы даланың жеті қырын көрсетеміз, елімізді әлемге танытамыз десек оның осындай қарапайым ғана нәрселерден бастау алатынын да ескеруге тиіспіз. Рухани жаңғыру - дегеніміз ол болашақ ұрпақтың келешегін ойлау! Менің де осы жобаларым биылғы жастар жылына арналады!

Біле білген адамға спорттың өзі де үлкен саясат!

Мен, Қазақстан спортының дамуына үлес қосып жүрген және осы саланың тізгінін ұстап отырған азаматтарымыз аталмыш мәселелерге атүсті қарамайды деп сенемін!

Сіздерге деген құрметпен: дизайнер Ерлан Шаяхметұлы,

Семей қаласы

Тел: 8-775-403-38-65

Email: kaharman.kaz@mail.ru


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер