Жарты ғасырдан кейін: Жер адамзатты асырай ала ма? - Әлем|07 Сәуір 2011, 09:44
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жарты ғасырдан кейін: Жер адамзатты асырай ала ма?

2050 жылға қарай жер тұрғындарының саны 9,2 миллиардқа жететін көрінеді. Ал БҰҰ-ның есебінше, 2150 жылы жоқ дегенде бұл сан 12 миллиардқа жуықтайды. Ғалымдар: «Жер - Ана мұнша адамды асырай алмайды» деп әлден дабыл қағуда. Сондықтан «2050 жылға қарай 4 миллиардтан астам «жатып ішер арамтамақ» сұрапыл соғыс пен қолдан таратылатын неше бәлекет жұқпалы аурулардан, жедел ажал құштыратын қауіпті кеселдерден, қолдан жасалатын ашаршылықтан жойылып бітуі шарт. Сайып келгенде жер бетінде бір миллиардтай адам ғана өмір сүруге құқылы. Оның да тең жартысы жапондықтар мен қытайлықтар болуы керек. Себебі олар ғасырлар бойы билікке шексіз бағынып үйренген халықтар. Яғни қалған жарты миллиард жоғары нәсілділерге құлдық қызмет көрсететін болады». «300-дің комитеті. Әлемдік үкіметтің құпиялары» деген кітабында ағылшын барлаушысы Джон Колеман осылай дейді.

Жер бетіндегі халықты қа­лайда бір миллиардқа азайту мәселесі бұдан 10 жыл бұрын Ұлыбританияның премьер-министрі Маргарет Тетчердің де аузынан шыққан көрінеді. Сол кезде «темір ханшайым» «Ре­сейде 15 (он бес) миллион адам ғана өмір сүрсе жетеді, оның 2 миллионын темір жол салуға, қалғандарын химиялық және металлургиялық өндіріс сияқты лас жұмыстарға пай­далану керек» депті.
1200 жылы жер тұрғындары 360-450 млн, ал 1400 жылы - 350-374 млн адам болған деп есеп­теледі. Содан бергі өткен 600 жыл ішінде әлгі сан 6,5 мил­лиардқа жетіп отыр. Не ке­рек, бүгінде демография әлем­дік қауымдастықтың ба­сын ауыртатын басты сұрақ­тардың біріне айналды. Бұл орайда мұсылман халықтардың жылдам өсу феномені әлем ға­лымдарының ерекше қы­зығу­шылығын тудырып отыр. Ис­лам еліндегі туудың көптігі Ба­тыс саясаткерлерінің көзіне де­мографиялық бомба болып кө­рінуде. Бәрінен бұрын олар­дың Батыс елдерін жайлап бара жатқаны алаңдатып отыр.
1950 жылы мұсылмандар­дың саны әлемде 330-350 млн адамды, яғни жер тұрғын­да­ры­ның 13-14 пайызын құраса, бү­гінде орта есеппен 1,2 - 1,4 мил­лиард делінеді. Яғни 50 жыл­да төрт есе өскен болып шы­ғады. Осылай кете берсе, 2025 жылға қарай мұсылмандар саны 2 миллиардқа жетеді. Кей­бір діни есептеулер бойын­ша, 2025 жылы мұсылмандар әлем халқының 30 пайызын, христиандар болса 25 пайызын құрайтын болады (2000 жылы 30 пайыз христиан мен 19 пайыз мұсылман болған). Ал осы ғасырдың ортасында мұ­сылмандар әлем тұрғындары­ның 33 пайызын құрайды, бұл деген - планетадағы әрбір үшін­ші тұрғын мұсылман бо­ла­ды, жалпы саны 3 мил­лиардты құрайды деген сөз. Таяу жылдарда мұсыл­ман­дар­дың үш ірі ошағы: Таяу және Орта Шығыста (Батыс Азия мен Солтүстік Африка) - 733 млн, Оңтүстік және Орталық Азияда - 671 млн, Оңтүстік Аф­рикада - 618 млн және Оң­түстік-Шығыс Азияда - 564 млн мұсылман болатынын әлем­дік демографтар қаттап-шот­тап отыр. Ал осы ғасыр ая­ғында мұсылмандардың са­ны 3 млрд 300 миллионнан асып түседі делінуде.
Міне, мұсылмандардың осыншалықты өсімі Батыстың жы­мысқы саясаткерлерін шо­шытып отыр. Сондықтан олар­­ды адам санын қалай азай­­туға болады деген сұрақ ал­ды­мен мазалайды. Мұндайда ең бірінші ауызға алынатыны - соғыс, әрине. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен әлемде 250 млн адам көз жұмыпты. Қарапайым есепке салсақ, сонда орта есеп­­пен 40 жыл ішінде күн сайын 12 мың адам өлген бо­лып шығады.
Әлемдік Жаңа Тәртіп - Бі­рыңғай Әлемдік Үкімет сая­сатының да бір көздегені - жер бетіндегі адам санын рет­теп отыру. Ашық соғыс бол­ма­ған жағдайда есірткі, қару-жа­рақ, алтын, алмаз сату, мұнай­ға, ақша мен БАҚ-қа үстемдік құру, мәдени азғыру деген секілді «кіші соғыстар» да бар. 1700 жылдан бастап, Анг­лия­ның лордтары «демократия» деген сылтаумен әлем елде­рі­нің ұлттық байлықтарын суша сорып келе жатқанын көзі ашық адамның бәрі біледі. Қа­зір болып жатқан, Араб ел­деріндегі толқулар да аме­ри­кандық аристок­рат­тардың әлем­ді үлкен масштабтағы қай­та бөліске салуының басы деп ашық айтуға болады. Бұл - алыстан ойластырылған, тың­ғылықты дайындықпен басталған «үлкен ойын». Тунис пен Мысырдағы жағдай бар­лық араб елдерінде қайта­ланып, революцияның соңғы нүктесі Сауд Арабиясында қойылады. Болжам солай.
Әрине, АҚШ-тың араб елдеріндегі «ойынына» басты қарсыласы Қытайға қарсы жоспары да кіреді. Қытайдың да араб елдерінің мұнайында қарпып отырған үлесі бар. Қазір Пәкстанмен тіл та­бысып жатқан Қытай олардың территориясы арқылы Үнді мұхитына шығуды көздеп отыр. Сондықтан АҚШ-тың арабтарға жіберген «толқыны» Пәкстанға жетіп, Қытай жа­ғалауын да шарпиды. Осы­ған орай Орталық Азия елдерінде де жаз бен күзде проблемалар туындайды делінуде. Қырғыз ағайын қайта тулап, айыр қалпақтың шуы ала шапан­дыларды да үркітетін сияқты. Қай жерде тұрақсыздық болса, сол жерге әскери қоныс сала­тын америкалықтарға бұл тиім­ді.
Иілмейтін Иран ше? Иран­ға қарсы АҚШ ескі досы Из­раильдің қолымен от кө­се­мек. Сонау 1966 жылдың өзінде алғашқы атом бомбасын сынау мүмкіндігіне ие болған Из­раиль­дің қару құдіреті қай елді болсын жасқауға жетеді. ЦРУ сияқты құзырлы агенттіктер Иранға қимайтын ядролық қаруды Израиль жасап жат­қанда қыңбады. 1967 жылы ал­ты күндік соғыстан кейін Тел­лер ЦРУ басшысына Из­раиль атом бомбасына ие еке­нін мәлімдеген. Бұл хабар пре­зидент Джонсонның құ­лағына да жеткен. Алайда мән берген жан болмады. Тіпті қазір де АҚШ «Атом бомба­сына деген Израильдің ұс­танымы жаһанда қауіпсіздікті азайтпаса көбейтпейді. Өйт­кені ол ел ешуақытта ядролық шоқпарының бар екенін жар­намалап, біреуді үркітіп, не­месе біреуден қорғануға жа­ратқан жоқ» дейді. Сондай-ақ «Израильдің атом бомбасынан Саддам кезінде Израильге басып кіруге жасқанған, қазір Иранның Тель-Авивті жер бетінен құртып жіберуіне де қалқан бола алады» деп қор­ғайды. Қазіргі деректерге қа­рағанда, Израильдің ядролық арсеналы 100-200 дана деп ай­тылады. Израиль қалай бол­ған­да да АҚШ-тың Таяу Шы­ғыстағы ең сенімді одақтасы. Ва­шигтон Тель-Авивке сен­гендей ол аймақтағы араб ел­дерінің ешқайсысына сен­бейді. Және қара алтынға бел­шесінен батқан ол аймақта үстем­дік жүргізу үшін қолында өзінің айтағына еретін мықты шоқ­пары бар Израиль керек-ақ.
Саясаттанушылар араб ел­деріндегі төңкерістерді бір жа­ғынан АҚШ-тың Еуропаға жа­сап отырған саяси және энер­гетикалық қысымымен де бай­ланыстырады. Бұл жерде Еуропағаға газ Солтүстік Аф­рика мен Таяу Шығыс елде­рінен жеткізілетінін айта ке­телік. АҚШ-тың араб елде­рінде жүзеге асырып жатқан «сценарийінде» мигранттарды Еуропаға одан сайын қаптату саясаты жатыр. Алжир мен Ту­нистен босқындар Фран­цияға қаптаса, Ливиядан Италияға, Мороккодан Испанияға қарай қаптауда. Мұның бәрі бір-бі­рімен тығыз байланысты ел­дер. Қазірдің өзінде біртіндеп «қара құрлыққа» айналып бара жатқан Еуропа енді мұсыл­ман­дарға қарсы қатаң саясат ұстануға, сол арқылы әскери кү­шін арттыруға мәжбүр. Еу­ропаның күшейгені болашақ соғыс үшін АҚШ-қа қажет. Осыған қарап отырып, дәл қазіргі жағдайды Екінші дү­ниежүзілік соғыстың алдын­дағы жағдаймен салыстыруға болады. Қатты ұқсайды. Бі­рін­ші және екінші дүние­жүзілік соғысты да немістер бастаған болатын, үшінші дүнижүзілік соғысты да Германия бастап жіберуі әбден мүмкін. Әлемдік соғыс арқылы одан сайын байып алуды, экономикалық, әлеуметтік, мәдени пробле­ма­ларын шешіп алуды көздейтін АҚШ Еуропа билігін сатып алу арқылы халқын үлкен со­ғысқа итермелеп алып келе жат­қандай. Болашақта Еу­роодақ­тан жаңа Гитлер өсіп шы­ғып жатса, оған таңғалуға бол­майды. Немістің қуатты экономикасына француздың ядролық қуаты бар мықты ар­миясы қосылған жағдайда, бәрін күтуге болады дейді сая­си сарапшылар. Соңғы жылдары АҚШ пен Еуропаның болашақ соғысы туралы баян­дайтын фильмдер де пайда болыпты. Кезінде Иракқа кірген АҚШ танкілерінің бүйірінде «Парижге» деген жазу болған, осы жазу көптеген француздардың америка­лық­тарға қарсы ашу-ызасын ту­дырғанын білеміз.
Осының бәрін сараптай келгенде, Болгариядан шық­қан соқыр кемпір Ванганың сандырағы келіп жүрмесін деп қорқасыз. Ванга не деп еді? 2010 жылы күзде үшінші дү­ние­жүзілік соғыс басталып, ол 2014 жылы аяқталады деген. Алдымен жай ғана басталған соғыста артынан ядролық, сосын химиялық қару қолда­нылатынын айтқан. 2011 жы­лы Солтүстік жартышарда ра­диоактивті заттардан жан-жануарлар мен өсімдік әлемі зардап шегетінін жария еткен (Жапониядағы «Фукусимо» атом стансасы бұған кіре ме, кірмей ме, білмейміз). Алды­мен мұсылмандар еуропа­лық­тарға қарсы химиялық қару қолданады, соның арқасында 2016 жылы Еуропада тірі жан қалмайды деген. Кейін ел қо­ныстанып, 2043 жылдан бастап Еуропаны мұсылмандар би­лейтінін айтқан.
Әрине, «Адамның ойын­дағысы Алланың қолында» демекші, болашақты бір Жа­ратушы ғана біледі. Саяси «сан­дырақтарға» қарап, жақ­сылықтан, нұрлы болашақтан кү­дер үзуге болмайды.

Төреғали ТӘШЕН
http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=7086&Itemid=2

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер