Жаратқан Ием Жапонияны неге жылатты? - Әлем|17 Наурыз 2011, 14:59
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жаратқан Ием Жапонияны неге жылатты?

Қандай шыңға шыққан прогресс болса да жер сілкінісі секілді табиғи апаттардың алдында дәрменсіз екенін тағы бір рет көрсетті. Жұмыр жер жай ғана «дөңбекшіп еді», «хондасы» мен «тойотасымен-ақ» таңдай қақтырған жапон ғажайыбы жалаңаш тәнін көрсетіп алды. Құдай сақтасын, Жер-Ана екінші бүйіріне аунаунап түссе не болар еді?!.



«Жапон ғажайыбының» күні бітті ме?
1973 жылы «Жапонияның күй­реуі» деген кино шыққан. Түсірген -жапондардың өздері. Кеңес за­манында кинотеатрлардан түс­пе­ген осы киноны аға буынның бәрі де көрген болар. Осы қырық жыл бұрынғы фильмдегі кадрлар кеше ғана болған сұмдық оқиғаларды жүз пайыз қайталайды деуге бо­лады. Өртеніп жатқан зауыттар, қи­раған үйлер мен көпірлер, зәу­лім үйлерді жалмаған жал-жал тол­қындар. Атқылаған жанартау. Жер сілкінісі мен цунамиден төң­керілген дүние... Әй, осы жаман­дық шақырған да жақсы емес-ау...
«Жапониядағы табиғи апат - жаңа мұз дәуірінің басы» деп жа­тыр физик-ғалымдар. Қатты жер сілкінуден Тынық мұхит астындағы тектоникалық тақталар арасында ені 400 шақырымды құрайтын жа­рық пайда болған. Осының әсе­рінен тәулік ұзақтығы қысқарып, Жер осі жылжыған. Нәтижесінде планетаның айналу жылдамдығы артқан. Бұл уақыт өте келе кли­матқа әсер етіп, жер бетінің суы­нуына алып келеді дейді оқымыс­тылар. Бұл да Жаратушының соң­ғы жылдары мұз қабаттары еріп, орман өртеніп жатқан ғаламдық жы­лыну құбылысына қарсы жа­са­ған әрекеті шығар, кім білсін...
Жапондар - ядролық бомба жарылысын да басынан өткерген ер халық. Оның қасында жер сіл­кі­нісі оларға бұйым емес. Қиыны - су тасқыны болып тұр. Цунами атом бомбасынан да қауіпті. Қатты буырқанғанда сағатына 1000 ша­қырым жылдамдықпен жүйт­киді екен. Бұл дегенің «Боингтің» жыл­дамдығы ғой. Ал кейде цунамидің биіктігі 15 қабатты үймен теңеседі. Енді, әлгіндей жылдамдықпен әрі сонша батпан салмақпен соққан суды елестете беріңіз. 2004 жылы 26 желтоқсанда Бенгаль шыға­на­ғын­да жер сілкінуден туған цу­на­мидің энергиясы Хиросима мен На­гасакиге тасталған 10000 атом бомбасына тең келіпті. Нәти­жесінде 300 мың адам қарып бол­ған. Судың көзі соқыр деген сол.

Жер сілкінуі жұма күніне сәйкес келді
Бір айта кетер нәрсе, Жапо­ниядағы жер сілкінісін мұсыл­ман­дардың қасиетті жұма күніне, хрис­тиандардың Ұлы пост мей­рамына сәйкес келді. Мұны дін­дар­лар кездейсоқтық емес деп отыр. Әрине, бұл дінге сенбейтін адам­дардың қарсылығын тудырар. Бірақ Жаратушының ықтия­рын­сыз адамның басынан бір тал шаш, ағаштың басынан бір тал жапырақ өздігінен түспейді емес пе?! Ен­де­ше, болып жатқан сұмдық оқиға­лар Жаратқанның Күншығыс елі­не ескертуі емес деп айта аламыз ба?
Жаратушы жапондарды не үшін жазалауы тиіс? Оны Алла Та­ғаланың өзі ғана біледі. Құдай­дың құқына қол сұғып, күнә арқа­лар жайымыз жоқ. Десек те... пен­дешілікпен біз де долбарлап кө­релік. Мәселен, Жапония әлемдік тәртіп орнатушы лидер-елдердің бірі. Суперэлектронды бұл ел адам миына чип орнатуға дейінгі тә­сілдерді ойлап тапты. Адам миын кәдімгідей компьютерге қосып қойып, ойын оқи береді. Мал мен құсты нөмірлегеніміздей бола­шақта адамзат миына жаппай чип қондырылып жүрмесіне кім кепіл? Чип деген не? Ол - діндарлардың айтуынша «шайтанның қара таң­басы». Мұндай таңбасы бар адам Құран оқи алмайды. Жаратушыға бұл сірә да ұнамас...
Жапондар жылап жатқанда, Сахалин мен Куриль аралдарына қатысты табалап күлгендер де та­былды. Орыстың кейбір сая­сат­кер­лерін айтып отырмыз. Ресей президентінің таяуда Курильге табаны тигенде Жапон премьері мұны «кешірілмейтін қорлау» деп салған. Нағыз самурай заңы бо­йынша мұндай сөзден кейін екінің бірі өлуі тиіс. Осы оқиғадан кейін жапондар Медведов пен Путиннің портреттерін таптап, орыс жала­уын өртегені белгілі. Кейбір басы­лымдар Жапония Ресейге қарсы соғыс алдында тұр деп те жазып жатты. Оны тоқтатқан тағы да Қ­ұ­дай болып шығады. Құдай жа­пон­ның жаман ниеттен қызып тұрған ба­сына суық суды құя салды. Аюға азуын ақситқаны үшін. Орыстың кейбір саясаткерлері осылай да соғып жатыр.
Әлде Жаратқан Иемізге жапон жастарының батыстың батпағына батып, бұзыла бастағаны ұнамады ма екен? Қазіргі 20-25 жастағы жа­пондардың әке-шешелері таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін фирмалар мен компанияларға қызмет етіп, үй бетін, отбасы мүшелерін көрмей күн-түн қатып еңбектенген. Себебі 25 жыл бойы сол фирмаға қызмет етуге міндетті, себебі сонша уақыт ішінде әлгі фирмадан қарызға алған үйінің құнын өтеуі тиіс. Сон­дықтан күн-түн демей тер тө­геді. Ол фирмадан кетсе, бірін­ші­ден, тұрып жатқан үйінен айыры­лады, екіншіден, басқа фирма жұмысқа қабылдамайды. Себебі «құйрығы» бар. Осылайша жапон тұрғындарының дені, былайша айтқанда өз еркімен құлдық қа­мытын киген. Бұл Маршалдың жос­парын соғыстан кейін жапон­дықтарға жапсырып берген аме­рикандықтар болатын. Әрине, ол кезде Жапония соғыстан есеңгіреп шыққан ел еді. Батыс ықпалындағы жаңа индустриялық мәдениет ү­с­темдік құрған соң, жапондардың екі-үш ұрпағы үй бетін, туған ба­лаларын көрмей, қажет болса жұ­мыс орнында жан тапсыру үшін жан аямай робот сынды еңбектенді. Компания отбасыдан биік тұрды. Себебі автомат-роботтар үстемдік құрған елде адам баласына жұмыс табу қиынның қиыны. Ал жұмыс­сызбын дегенше аштан өлмесең де, көштен қалдым дей бер. Нә­тижесінде, Жапонияның эко­номикасы болсын, экологиясы болсын, барынша гүлденіп, әлем­нің аузын аштырды. Ал қазір Жа­по­нияны шын мәнінде қатты дағ­дарысқа ұшыраған ел деп айтуға болады. Ол қандай дағдарыс? Ол - рухани дағдарыс. «Жапон таңға­жа­йыбынан» туған ұрпақтары­ның, балалардың дағдарысы. Ғылыми-техникалық төңкерістен туған олар енді әке-шешелеріндей ұжымдық психологиямен өмір сүргісі келмейді. Бұрын бір фир­маға, корпорацияға, компанияға немесе бірлестікке бауыр басып, өмірін соған арнап үйренген ұр­пақ­тың бостандыққа шығып, есең­гіреп қалғанындай. Түрмеден босанған адам бостандыққа бірден үйренге алмайды деседі. Мынау да тап сол сияқты. Осылайша Жапо­нияның басты трагедиясы табиғат апаттары емес, керісінше әлеу­мет­тік трагедия болып отыр. 140 мил­лион халқы бар Жапонияда жылына 30 мың суицид (өз-өзін өлтіру) орын алады екен. Мұның бәрі жапондардың көбісінің әлеуметтік жағынан қорғалма­ғанын аңғартпай ма.


Табиғатты қару ету тоқтар емес
Жаратушы жалғыз Жапония емес, түрлі табиғат апаттарымен адам­затты жазалап жатқандай. 2004 жылғы Азиядағы 225 мың адам­ды жалмаған цунами, 2005 жыл­ғы АҚШ-та жүз мыңдаған үйді қиратқан «Катрина» дауылы, 2006 жылғы Филиппиндегі апат, Еуропадағы алапат нөсер, Рес­ей­дегі орман өрті жұртты ойланды­рып тастады. «Адамға табын, Жер енді!» деп даурыққанымыздай, мұның бәрі адамзаттың пиғылына қарсы Жаратушының ескертуі шығар. Десек те, мұның бәрі та­би­ғи апат емес, адамның табиғатты қару етіп қолдануынан болып жа­тыр дейтіндер де бар. Мәселен, бе­луардан қар жаудыру, жойқын дауыл тұрғызу, алапат ыстық ту­дыру, топан су қаптату бүгінгі озық әскери техниканың қолынан әб­ден келетін көрінеді. Мұның бәрі ауа-райына әсер ету арқылы ға­рыштан жасалады. Осылайша ауа райы ең күшті қару болып тұр. Мұ­ның өзі өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастау алған секілді. Ақпарат көздері осылай дейді. Әскери әуе кұштері сол кезде-ақ жасанды жаңбыр жаудыра алған. Сол үшін түрлі сынақтар өткізген. Сағаттап нөсер жаңбыр тудыру, магниттік дауыл тудыру түк емес сияқты. Қазір табиғат құбылысы орын ала қалса, оны алпауыт елдер бір-бірінен көретін болды. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының өткен ға­сырдың 70-жылдары «әскери және жаулық мақсатта табиғатты қару ретінде қолдануға тыйым салы­на­ды» деген қарар қабылдауы да те­гін емес-ау.
Орыстың «жынды» көсемі Жириновский жер сілкінуден есеңгіреп қалған жапондықтарды Қиыр Шығысқа көшіп келуге шақырды. Сөйтіп, екі қолы мен басына ғана сенетін жапондықтар арқылы Ресейдің экономикасын көтеріп алмақ ойы барын жаһанға жайып салды. Тіпті, ол, Жапония­ны алда теңіз жұтып қояды деп қор­­қытып та қойды.
Күншығыс елінің қысық көз ғалымдары «арғы бабамыз қазіргі жыл санауымыздан 300 жылдай бұрын Алтай тауы мен Балқаш көлінің оңтүстігінен ауып келген» деген пікірге қатты ден қойып жүр­генін ескерсек, жапондарға керегі қайдағы бір Қиыр Шығыс емес, Қазақстан сияқты. Бірақ оған «Бабаңның байырғы жері еді» деп, Жириновский сынды жер ұсынып жатқан қазақ баласы әл-әзір шыға қойған жоқ. Не десек те, ядролық сынақ зардабын тартқан тағдырлас халықтар екеніміз рас қой. Жанартаудың үстінде отыр­ғандай халыққа Жаратушының жа­нары түзу болсын дейміз. Басы­нан небір нәуметті өткерген жапон жұрты ертең-ақ ауып бара жатқан көшін түзеп алары анық.

Төреғали ТӘШЕНОВ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6784&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер