Жапония: жер сілкінісі қайталануда - Әлем|24 Наурыз 2011, 00:55
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жапония: жер сілкінісі қайталануда

Жапондар тағы шулады, жер қайта тулады. Қуатты зілзала бүгін Хонсю аралын теңселткен. 9 балдық дүмпудің салдарымен күрес мардымсыз. Ал, жер сілкінісі кезінде апатқа ұшыраған атом электр станциясынан радиация әлі үздіксіз бөлініп жатыр. Улы заттар енді ауыз су мен бақша дақылдарынан да табылған.

 

Онсыз да қара жамылған Жапония жерін бүгін бір күннің өзінде-ақ 3 бірдей қуатты дүмпу теңселтті. Ең қуаттысы 6 балды құрайды. Жер сілкінісі Хонсю аралындағы бірнеше префектура мен ел астанасы Токиода да білінді. Абырой болғанда, бұл дүмпулерден ешкім зардап шеккен жоқ. Ал, апатты «Фукусима» атом электр станциясындағы жарылыстан бөлінген радиация ауыз су, сүт пен бақша өнімдерінен де табылып отыр. Сол себепті орамжапырақ және басқа да көкөністердің 11 түрін пайдалануға тыйым салынды.
 
Юкио Эдано, Жапон үкіметінің бас хатшысы:
 
Өкінішке орай, бұл жағдай ұзаққа созылуы мүмкін. Қандай да бір зардаптарды болдырмас үшін құрамында радиация уыты бар көкөністер саудасына тыйым салып отырмыз.
 
Шамадан тыс радиация ел астанасы Токиодағы ауыз судан да анықталды. Бірақ жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, бұл су тек сәбилер үшін қауіпті. Ал, ондағы радиация мөлшері ересек адамдардың ағзасына әсер етпейді. Дегенмен, құрамына улы заттар сіңген суды шектеулі мөлшерде пайдаланған абзал.
 
Эй Йошида, Токио су тазарту басқармасының басшысы:
 
Орын алған жағдайды ескере отырып, Токиодағы 23 балабақша мен Тама қаласының кей бөліктерінде ауыз суды қолданбауға кеңес береміз.
 
Елдің есін шығарған зілзала залалынан жапон жұртының қашан құтылары белгісіз. Жарылыс болған атом электр станциясындағы жағдай да оңайлықпен түзелер емес. Табиғи апат кезінде із-түссіз кеткен 13 мың адамның тағдыры да беймәлім. Десе де, ел үкіметі орасан шығынға ұшыраған жапон экономикасы мен әлеуметтік ахуалды оңалту үшін қыруар қаржы бөлуге дайын екендігін айтып отыр. 
 
Арай Төлегенқызы

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер