Жапон сабағы - Әлем|31 Наурыз 2011, 08:56
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жапон сабағы

Соңғы кездегі әлемдік БАҚ хабарларының өзегіне айналған екі тақырып болса, бірі - Жапониядағы, екіншісі - Солтүстік Африка елдеріндегі жағдай. Солтүстік Африка елдері қиыншылықты «өздері қалап алғандар». Ал Жапония табиғаттың тосын мінезімен «күресті». Солтүстік Африка елдеріндегі жағдайға алда талдау жасай жатармыз, осы жолы оқырманға «Жапония сабағын» түсіндіргенді жөн көрдік.
Бұқаралық ақпарат құралдарында өздерін білімді санағандардың ең тауып айтқан теңеуі «самурайлық мінез» деген болып шықты. Ал біз өзіміздің теледидар арқылы көріп, шетелдік сарапшы институттар жасаған мәліметтерге сүйеніп, сөйлеуді жөн көрдік. Өйткені тағдырдың дәл осы сыны «нарықтық қоғамдағы ұлт, жеке тұлға қандай болуы керек» деген сұраққа жауап бергендей болды. Сондықтан сол жауап жапондардың қандай істерінен, қасиеттерінен көрініс тапты деген мәселе төңірегінде рет-ретімен әңгімемізді өрбітейік.

1. Дүкен сөрелері бос қалғанда да баға неге өспеді?
Қазір бүкіл телеарналардың көрсетіп жатқан бейнетас­па­ла­рында басқаны былай қойғанда Токио супермаркеттеріндегі бос қалған сөрелер бейнеленген. Осыны көрермендеріне ұсынған жур­налистер жағдай солай болып тұрғанның өзінде бағаның та­­биғат апатына дейінгі кез­де­гі­ден еш өзгермегенін, яғни тауар­дың қымбаттамағанын баса ай­тып жатады. Тіпті қалалар кө­ше­леріндегі таксистердің өзі де жо­лаушыларға көрсеткен қыз­мет­­тері үшін алатын ақысын өсі­р­меген екен. Жапа шеккен­дерді тонау деген мүлде жоқ. Керісінше бір-біріне қайырым жасап жатқандарды жиі көр­сетеді. Тіпті ажалдан қашып, бас сау­ғалау қажет болған тұстың өзін­де, қалың бұқара өзінен гөрі, өз­геге жол бергенді жөн санайды екен. Мұның бәрін журналист қауым «самурайлық мінез» деп жа­тыр. Біреудің теңеуіне мін айту­дан аулақпыз, ал өзіміздің дәл осы көріністерден байқа­ға­нымыз, жапондардың нарықтық қоғамда өмір сүріп жатқанын, өмір сүре беретінін толық тү­сін­ген халық екендігі. Бі­ріншіден, бұл елде инфляциямен емес, дефляциямен күреседі. Яғни ие­наның құны өсіп кетпеуі керек. Ал қалың бұқараның ақшасы бір қолға жиналған жағдайға иена­ның құны түсетіні белгілі. Демек, әркім және барша халық тауарды қымбаттатуға ешқашанда ықы­лас білдірмейді. Керісінше, ар­зандатуға ықыласты болар еді, бі­рақ нарықтық қоғамда өмір сүр­ген соң, «кемедегінің жаны бір» дегендей, басқаға кесірі тиюі мүмкінін күні бұрын білгендіктен олай істеуге бармайды. Мінеки, тауар мен қызмет бағалары өс­пеуі­нің себебі осында. Енді қа­лың бұқара бір-біріне неге қайы­рымды, неге тілекші болды де­генге келетін болсақ, ол да осы бір «қатыгез нарықтық қоғам» де­­геннің жапон санасына сіңір­ген бір қағидасы. Жапондар «адам­­сыз адамның күні жоқ» де­генді толық мағынасында түсін­ген халық болып шықты. Ай­та­лық, біреуі автокөлік құрастыру зауытында, енді бірі сұлулық салонында, келесісі наубай­ха­на­да жұмыс істейтін жапондардың бір-біріне көмек қолын созатын себебі осы «адамсыз адамның күні жоқ» деген қағиданың эко­номика ғылымындағы нақты мәнін түсінгендік. Өйткені ав­токөлік құрастыру зауытын­дағы жұмысшы табыс таппаса, шаш басушы жұмысы жүрмейді. Бұл екеуі ақша таба алмаса, наубай­хана «тауары» да өтпейді. Яғни өмір сүру дегеннің адам мен адам­ның арасындағы бір-біріне тығыз байланысты тізбекті реак­ция түрінде болатынын жапондар әбден ұғынған сыңайлы. Біздің жағдайда ауылдағы бір Мыр­қым­бай келесі бір Мырқым­бай­дың малы неге көбейіп кетті деп күн­дейді. Ал егер осының ор­нын­­да жапондық болса, онда ол қуа­нар еді. Себебі малы көбей­ген адам бұған жұмыс береді ғой. Мінеки, бар гәп осы жерде жат­қан сыңайлы. Сонымен, жапон­дар­дың осы табиғи апат арқылы адам­заттың санасына сіңірген бір сабағы - қатыгез нарықтық қо­ғамда әр адам баршаға, барша әр адамға күні қараулы екенін ес­те сақтап, «ортақ өгізден оңа­ша бұзау артық» деген қазақ ұстанымының күні өткендігін ұғын­­дыру болды десем, еш қате­леспеймін. Жаһандану жағ­дайын­да дербестік, еркіндік, тәуел­сіздік деген, ұғым өзінің бас­тапқы сипатынан айырылады. Яғни адамдар адамға, мемле­кет­тер мемлекеттерге тәуелді. Мұ­ны есте ұстағандар ғана еш­қа­шанда ұтылмайды. Жеке-дара баю мүлде мүмкін емес. Сон­дық­тан да «сұранысты ұсыныс қана­ғаттандырмаса, тауардың бағасы өседі» деген сандырақ сөз қанағатсыздардың сылтауы ғана екенін ұмытпау керек. Тауар мен қызмет бағасының өсімі әрқа­шанда инфляцияны қоздырушы, дағдарысты ақиқатқа айнал­дырушы екенін ұмытсақ ұтыла­мыз. Тіпті сол бағаны өсірген­дер­дің, сол арқылы пайда тапқы­сы келгендердің өздері ең алды­мен ұтылады. Бұған өмірдің нақ­ты мысалы әлемге әйгілі мил­лиардер Уоррен Баффеттің осы дағдарыстың бір жылында 20 миллиард доллардан айы­рыл­ғандығы, сондай-ақ үлескер ре­тінде ипотекадан тұрғын үй баға­сын өсіріп, пайда табамыз деген­дердің біздің елде әлі күнге дейін жылап жүргені де осының айқын дәлелі. Мінеки, жапонның ал­ғаш­қы сабағын осылай түсінсек, біз­дің де көш түзелер.


2. Неге ұрлық пен кісі тонаушылық болмады?
Әлемдегі барлық мораль, бар­лық философия мен дін, ұрлық пен кісі тонаушылық се­кілді әрекеттерді «қасиетсіздіктің өзі» деп уағыздайды. Осыған қарап, кейбір сарапшылар алас-күлес, үргін-сүргін жағдай орын алып жатса да, Жапонияда кісі то­наушылық (әсіресе, опат бол­ған­дардың дүние мүлкіне, ақша­сына қол сұғушылық - моро­дерства), ұрлық болмағаны тұтас­тай ұлттың ерекше жақсы қа­сиетімен байланыстырғысы ке­леді. Біз де ұлттың жақсы қа­сиетін жоққа шығармаймыз. Де­сек те, Жапониядағы апат ке­зінде ұрлық-қарлық, кісі тон­ау­шы­лық секілді азғындыққа жол бе­рілмеуінің себебіне басқа қы­рынан қарадық. Біздің білетіні-міз - жапондар «өмірім бүгінмен бітті» деп ойламайтын, яғни қо­лын­да барын бүгіні үшін жұм­са­май­тын, ертеңгі күнін ерекше дайын­дықпен қарсы алу керек­тігін ұққан халық. Олар ертең бү­гінгіден жақсырақ болады деп өз­дерін өздері жұбатпайды. Әр­қашанда тосын жағдайға, қа­тер­лер мен қиындықтарға кезiгуі мүм­кін екенін естен шығар­май­ды. Сондықтан да сол ертеңгі күн­дері үшін қам жасап, қаражат жинақтайды. Бұлары банктердегі депозиттік салымдар, IPO эми­тент компанияларының құнды қа­ғаздары, өмірді, мүлікті, ден­сау­лықты сақтандыру келісім­шарттары арқылы көрініс таба­ды. Демек, олар бүгін үйі қираса немесе егістігін сел басып кетсе, аяғы сынып, басы жарылса, ер­тең қиындыққа тап болмайды. Бәрі сақтандырылған. Сондық­тан да қиындық көрген біреудің үстінен күн көріп, заң бұзып, түр­меге қамалғанынша бас аман­дығын бірінші кезекке қояды. Ба­сы аман болса, бәрі болатынын бі­леді. Өйткені қатерлердің ал­дын алып, өзін-өзі сақтандырып қойған. Ал біздің жағдайда хал­қымыз әлі күнге «үкімет өлтір­мей­ді», «мемлекет асырайды» де­ген масылдық есек дәмеден әлі арыла алмай жүр. Орайы кел­генде айта кетейік, бізде де апат­тар орын алды. Бірақ содан кел­ген шығынның бәрін дерлік ха­лыққа мемлекет қайтарды. Қы­зы­лағашта тұрғындарға үй салып бер­ген де мемлекет. Мемлекет - халықты жұмылдырып, қайы­рым­дылық көмек көрсетті. Ал сол кеселден өздерінің сақтан­дыру полюстері арқылы бәрін түгендеп алған бір бауырымыз бол­ды ма екен? Білмейміз. Кө­біне көп болмаған шығар деген ой санадан кетпейді. Демек, Жа­понияның қазақтарға оқы деп тұр­ған екінші сабағы - бүгінің емес, ертеңіңнің жағдайын ойла де­ген сөз. Мұны осы уақытқа дейін талай данышпандар айт­қан. Тіпті дәл қазір барлық қазақ бір-біріне осындай ақыл айтады дей аламыз. Солай бола тұрса да, өз­дері солай өмір сүруге әлі бейім­делген жоқ. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» де­ген мақал біздің өмірлік жауы­мыз­ға айналып кеткендей. Одан қа­шан құтыламыз, белгісіз.

3. Әр іспен нақты маман айналыссын
Еске Чернобыль оқиғасы ора­ла береді. Бұл бір Кеңестер ода­ғы деп аталатын алып дер­жа­ваның үлкен қасіреті болған Оқиға. Апат орын алған кезде-ақ ком­партия мен Кеңес үкіметі үлкен «мобилизация» ұйымдас­тыр­ды. Одақтың барлық рес­пуб­ликаларынан «еріктілер жасағы» құ­рылып, олар апатты тоқтату ісі­не жұмылдырылды. Кейбір де­ректерде осы іске қатыс­қан­дардың саны 600 мыңнан асады дег­ен дәйек айтылады. Одан аз ба, көп пе, мәселе онда емес, ең бастысы - қалай десек те орасан зор мөлшердегі адам саны осы іске қатыстырылғандығында. Солардың бәрі дерлік ауруға шалдығып, ауруы асқынғандары дүниеден озып, қалғандары күні бүгінге дейін ем-домның кү­шімен өмір сүріп жатыр. Қыруар мемлекеттік шығын деген осы. Ең бастысы, өмір мен денсаулық болса соның өзі де мол мөлшер­мен өлшеніп тұр. Ал Жапонияда күні бүгінге дейін апатпен күрес­ке 400 адам жұмылдырылған екен. Нақты сандардың ара­сындағы айырмашылық жер мен көктей. Неге бұлай? Жапонияда әр іспен нақты маман айна­лыс­сын деген ұстаным өмірдің заң­дылығына айналған. Мемлекет маман емес адамды жұмысқа тартпайды. Мамандығы жоқ не­месе сәйкеспейтін адам келесі бір саладан табыс табуы үшін жұ­мысқа тұрмайды. Яғни шо­пыр машина жүргізумен, дәрігер адамды емдеумен, заңгер өз саласымен ғана айналысады. Сон­дықтан да Фукусимо апатын жою үшін бар болғаны 400 ғана осы саланың маманы жұмыл­ды­рылды. Басқаларға онда баруға жол жоқ. Жапонияның бізге оқыт­қан үшінші сабағы осы бол­са керек. Ал әзірге біздің елде жур­налистиканы заңгер басқа­рып, теміржолды дәрігер басқа­рып жүргендей жай бар. Бір са­лаға бір басшы келсе, маман­ды­ғына лайық па, жоқ па оған қа­рап жатпай, өзінің жақын жуы­ғын тарту әдетке айналған. Бұл жай­лы Елбасымыз да қатаң ес­керт­кен болатын. Бірақ әлі күнге сең бұзылмай тұр. Алда не бола­ды уақыт көрсете жатар. Ең бас­тысы, АЭС салатын ел болған­дық­тан күні бүгіннен бастап, осы ны­санда жұмыс істейтін және мұн­дай болуы мүмкін қатерді жою жұмыстарын жүргізе алатын ма­мандарды қазірден бастап даяр­лауды ұмытпасақ болғаны.


4. Неге төрткүл дүние түгелдей дерлік «иенге болысты»?
Жапониядағы апаттың ал­ғаш­қы күнінен кейінгі бир­жа­дағы сатылымда иена бағасы күрт өсіп шыға келді. Жапония үкі­ме­ті мұндай келеңсіздікті болдыр­мау үшін сол күні ай­налымға 130 миллиард доллардай иена шы­ғар­ды. Әзірге иенаны тұрақты дең­гейде ұстап тұру үшін Жапо­нияның айналымға шығарған ақшасының мөлшері 700 мил­лиард долларға жет­кен­дей.
Жапония үкіметі осындай «жан­таласқа» түскен кезде, АҚШ оқи­ғадан сырт қала алмады. Ие­наны тұрақтандыру мақсатында бұл мемлекетте мол мөлшерде дол­лар шығарып жіберді. Екінші ке­зекте еуроодақ елдері «іске кірісті». Не керек әлемнің бәрі жа­былып иенаны тұрақты жағ­дайда сақтау үшін Жапонияға кө­мекке келді. Неге бүйтті? Жо­ға­рыда айтқанымыздай иена апат­тан кейінгі алғашқы сауда ба­рысында-ақ мол мөлшерде қым­баттап, екінші дүниежүзілік со­ғыстан кейінгі жағдайына же­тіп үлгерген еді. Ал бұл жапон тауа­рының әлемдік рынокта бә­секелестігін төмендететін жағ­дай. Демек, Жапония эконо­ми­касы адам айтқысыз рецессияға ұшырауы мүмкін. Бұл Жапония үшін ғана емес, АҚШ, Еуроодақ, Қытай және басқа елдер үшін де аса қауіпті. Өйткені Жапония «ақ­шаның қадірін білетін ел» бол­ғандықтан да, жиған-терген бай­лығын, қазынасын да сақта­май «жұмысқа қосқан». Бір АҚШ мемлекеттік құнды қағаз­да­рына салынған жапон ақшасы 750 миллиард доллардан асады. Сондай-ақ Жапония әлемдегі ең алып биржалардың инвесторы. Не керек әлемдік қор биржа­ла­рын­да ең кемі 2 триллион дол­лардай жапон ақшасы жүр. Мі­не­ки, осы ақшаны Жапония өз эко­номикасын түзеу үшін бир­жалардан «сыпырып-сиырып» жинап алуы мүмкін. Мұндай жағдайда дағдарыс бүкіл дүниені түгел қамтитын дертке айналады. Міне, осыны болдырмау үшін төрт­кіл дүние түгелдей дерлік «ие­наға болысты». Ал біздің елде 66 миллиард доллар ешқандай жұ­мыс істемей, табыс таппай мем­лекеттік меншікті сақтайтын «сан­дығымызда» тығулы жатыр. Ал­тын қымбаттаған сайын сол бай­лығымыз құнсызданып бара­ды. Мұны ойлайтын кез қашан келеді, ол белгісіз. Бәлкім, бан­кир болып кибернетиктер жүр­ген­діктен де солай шығар. Десек те, қолда бар байлыққа жұмыс іс­тету - Жапонияның осы жолы бар­ша әлемге үйреткен төртінші са­бағы. Мұны қалай ұға алдық, оны уақыт көрсетер.

Жџмабек ЖАНДIЛДИН

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=6981&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер