BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Төрт күндік жұмыс аптасының ауылы алыс па?

Фото: Schools.by

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат беске дейін – міне, біз осы тұйық шеңбердің ішінде қамалып қалдық. Тіпті, бұл тәртіп қашан енгізілгені де көпшіліктің есінде жоқ. Дегенмен, барлығы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы BBC Three басылымы хабарлайды.

Бүгінгі таңда баршамыз бес күндік жұмыс аптасы қызметкерлер үшін де, жұмыс берушілер үшін де дұрыс екеніне күмәнмен қарай бастадық. Ал кейбіреулері ойлап қана қоймай, іске кірісіп те кетті. Мысалы, жақында Жаңа Зеландия компанияларының бірі барлық қызметкерлеріне аптасына төрт күндік жұмысты міндеттеді. Prospect Guardian компаниясы қызметкерлер аптасына бір рет қосымша демалыс алғанда күйзеліске ұшырамайтынын, жұмыс пен жеке өмір арасындағы балансты сақтап тұра алатынын анықтады. Сонымен қатар қызметкерлер қалған күндері кеңседе өткізген уақыттарын тиімді пайдаланып, жұмыс өнімділігінің артқанын байқады. Сол себепті жыл басында компания бес күндік жұмыс аптасының жалақысын сақтай отырып төрт күндік жұмыс тәртібін енгізді.

«Біздің компания жұмыс орнындағы тиімділікті арттыру арқылы жұмыс өнімділігін жоғары деңгейге көтеруді көздейді. Бұл тәртіп кемшілік емес», - дейді компанияның негізін салушы Эндрю Барнс.

Жақында жүргізілген зерттеулердің бірінде жас қызметкерлер жасы үлкен әріптестеріне қарағанда жұмыс орнында өздерін психологиялық тұрғыда сенімсіз сезінетінін анықтады. Бұған олардың жұмыстан күйзеліс алудан және қателік жіберуден қорқуы себеп болған.

2016 жылғы есепте қазіргі мыңжылдықтағы ұрпақ өзін жұмыстың астында қалғандай сезінетіні айтылған. Тіпті, баяндамада бұл ұрпақ өздеріне заңды түрде тиесілі жыл сайынғы еңбек демалысын алғанда да өзін кінәлі сезінуі мүмкін екені де жазылған. Ал Ұлыбританияның қауіпсіздік техникасы және денсаулықты қорғау басқармасының айтуынша, мемлекет жұмысқа байланысты пайда болған стресс пен депрессия кесірінен 2016/17 жылдары 12,5 миллион жұмыс күнін жоғалтқан. Бұл рас болса, онда жұмыс аптасының қысқаруы күйзелісті төмендетіп, қызметкерлердің психикалық денсаулығына оң әсер етеді деген сөз.

Әрине, бұл идея бұрыннан бар және соңғы кездері өте жиі айтылып жүр. Ал Time журналының 1965 жылғы сандарының бірінде дербес компьютерлердің пайда болуы жұмыс аптасын қысқартатыны, тіпті технологиялардың арқасында аптасына 20 сағат жұмыс істеу тәжірибесі енгізілетіні жазылған. «Болашақта жұмыс күшінің 2% ғана адамдар болады. Автоматтандыру адамның тауар өндіруші, қызмет көрсетуші ретінде жұмыс істеуін азайтады. Автоматтандырылудың артуынан миллиондаған адамдар баяу тірлікке бейімделе бастайды», - деп жазылған мақалада.

Әрине, мақалада айтылғандар толық жүзеге асырылмады. Тіпті, барлығымыздың өмірімізді жеңілдетіп, бос уақытымызды арттырудың орнына технология керісінше әсер ете бастады. Яғни, біз үйге барсақ та, жұмыстың бітпейтініне, тоқтамайтынына алып келді.

Ұлыбританияда төрт күндік жұмыс аптасын қолдайтын 4DayWeek кампаниясы екі жыл қызмет етіп келеді. «Біздің қазіргі бес күндік жұмыс аптамыздың құрылымы сәтсіз жұмыс істейді», - дейді кампанияны қолдаушы Айдан Харпер.

Зерттеулер көрсеткендей, әйелдердің жұмыс аптасы көбіне ұзағырақ болады, себебі әйелдер мен ер адамдардың жұмыс сағаты бірдей болады деп күтілгенімен, әйелдер жұмыс күнін бала күтімі мен үй шаруасына қарай бейімдейтін көрінеді. Айдан Харпердің айтуынша, бұл жүйе ата-аналарға, ерлер мен әйелдерге кері әсерін тигізеді.

«Бүгінгі күні жас әкелер балаларына көбірек көңіл бөлгісі келеді. 2017 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сенсек, әкелердің 69%-ы балаларына көп уақыт бөлгісі келетінін, бірақ бес күндік жұмыс аптасы бұған мүмкіндік бермейтінін айтқан», - дейді Айдан Харпер.

Оның айтуынша, сол себепті де Ұлыбританияда кейбір компаниялар жұмыс аптасын азайта бастаған.

Лондондағы цифрлық агенттіктің басшысы Джонни Тоозе өз компаниясын екі ай бұрын төрт күндік жұмыс аптасына ауыстырған.

«Бұл шешімді қабылдауыма не әсер етті? Мерекелердегі үш күндік демалыстардан соң мен командамның энергиясы мен энтузиазмы күрт артқанын байқадым. Қызметкерлер арасында төрт күндік жұмыс аптасының адамдардың күйзелісі мен бақытына қалай әсер ететінін сұрастырдым. Менің командам идеямды жақсы қабылдады. Олар демалыстарда өздерінің жаны қалаған іспен айналысады. Бұған қосымша демалыстың берілуі де белгілі бір деңгейде әсер етті», - дейді Д.Тоозе.

Оның айтуынша, бұл шешім жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізбеген әрі болашақта бұл жұмыс тәртібіне көшетіндер қатары міндетті түрде артатын болады.

Өткен айда Ұлыбританияның кәсіподақтары жұмыс аптасын қысқартуға шақырды.

«Технологиялардың біздің өмірімізді қалай өзгертетініне кейбір адамдар теріс көзқарасты ұстанады, бірақ технология жақсы күшке айнала алады. Оның көмегімен біз өз өмірімізді де, басқалардың өмірін де жақсарта аламыз. Бірақ ол үшін адам жұмыс орнында өзін жақсы сезінуі әрі өзінің жұмысына көңілі толуы керек», - дейді Фрэнсис О'Грейди.

Әрине, «үш күндік демалыс» деген сөз қай қайсымыздың болмасын құлағымызға жағымды естіледі. Дегенмен, барлығы дерлік қысқа жұмыс аптасын қолдайды деп ойласаңыз – қателесесіз.

Бірнеше компанияның инвесторы, жазушы Джейми Уоллер жұмыста табысқа жеткісі келетіндермен жұмыс істегенді қалайтынын айтты. «Инвестор ретінде мен 100% өз жұмысына берілген, өз істерін жақсы көретін қызметкерлері бар компаниялармен жұмыс істегім келеді. Олар қосымша демалыс күнін емес, бес күн бойы өз жұмысын жақсы көріп, соны ғана ойлауы керек», - дейді ол.

Ал кәсіпкер, басқарма мәселелері бойынша кеңесші Сью Эндрюс технология адамның жұмысын алмастыра алмайтынын айтты. «Технология әзірге адамдардың жұмысын толығымен алмастыра алмайды. Сол себепті қысқа жұмыс аптасы бизнеске кері әсерін тигізеді. Жұмыссыздықтың төмен деңгейі жұмыс күшіне сұранысты арттырды. Яғни, жұмыс уақытын қысқарту үшін экономика әрдайым қауқарлы бола бермейді», - дейді Сью Эндрюс.

Оның айтуынша, қысқа жұмыс аптасын тек қызметкерлердің психикалық денсаулығын алаңдағаннан енгізуге тырысқанның орнына, бұл проблеманы шешудің басқа да жолдарын қарастыру керек.

«Қызметкердің психикалық денсаулығының жақсы болуы үшін ортасы дұрыс болуы керек. Адамда проблема азайып, оған көрсетілетін қысым да соған сай азайғаны жөн. Ал төрт күндік жұмыс аптасын енгізу керісінше, қысымды күшейтеді. Себебі қызметкерге түсетін ауыртпалық артады. Қызметкердің психикалық денсаулығы дұрыс болуы үшін жұмыс орнында қысым көрсетілмей, күн сайын жұмыс арасында демалуға мүмкіндік беруге болады. Ал егер қысқа жұмыс аптасы расымен енгізілетін болса, компаниялар сол уақыт арасында бұрынғы жұмыс көлемі орындалатынына нақты көз жеткізуі керек», - дейді ол.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер