Танымал тұлғалардың тірлігі неге түсініксіз? - Әлем|14 Маусым 2011, 11:57
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Танымал тұлғалардың тірлігі неге түсініксіз?

Бақ ішінде ағайынының балаларымен қыдырыстап жүрген Эдвард Каснер есімді әлдебір америкалық математиктің ең үлкен сандар турасындағы әңгімесі қай санда тоқтады дейсіз ғой: онның жүз дәрежесі. Және оны кейінгі еңбектерінде нақтылай келе оған «Гугол» деген ат берді. Үнемі сандар туралы ойлана қалғанда ең бірінші ойға келері нөлдің шексіздігі. Ғажайып нөл! Нөлді ойлап тапқанға құрмет от жағуды ойлап тапқан адамға құрметтен кем болмаса керек. Мәселен, онның жүз бір дәрежесі: ол қалай аталады?

Немесе тоғыз жүз тоқсан тоғыз дәрежесі? Жалпы, онның тоғыз жүз тоқсан тоғыз дәрежесімен өлшенетін дүние бар ма? Мұны мысалға алған себебіміз, кейде адам баласының ерекше қабілеті, я аса дарындылығымен бетпе-бет келген тұсымызда осынау шексіздік мысалы ойға оралады. Басқаша айтқанда, гений - нөл, генийлік - шексіздік. Мұндағы нөл Абайдың «өңкей нөлінен» басқа мазмұнда. Оны түсіну міндетті емес. Қисынды ойға сыйдыру да мүмкін дүниелер санатынан болмай тұр. Нөлдің шексіздігі секілді. Ұлы адамдардың бойындағы шексіз құмарлық пен жанкештілік, яғни мания (грек тілінде) және мешуган (еврей тілінде) немесе ниграта (санскритте) нақұрыстық, есалаңдық ұғымдарымен қатар пайғамбарлық, көрегендік мағынасын да береді екен. Ұлы ақындардың, данышпандардың, музыканттардың, суретшілердің, бір сөзбен айтқанда - ұлы адамдардың іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын түсінуге бола ма? Жоқ, бар болғаны оларға түсіністікпен карауға ғана болады. Әрине, егер қолдан келсе. Келіспейсіз бе? Онда төмендегі мысалдарға көз жүгіртіп көрелік.
Адамзат баласының тарихындағы ең ұлы данышпандардың іс-әрекеттері мен мінез-құлқы, сондай-ақ біртүрлі әдеттеріне тоқталмас бұрын ғалымдардың солардың көбіне қойған диагноздарын айталық: маниакалды-депрессиялық психоз, неврастения, қайталама шизофрения, гипоманиакалды психоз, Моррис синдромы, Марфан синдромы, истерикалық психоз, қояншық, эпилептойд, байланшақтық синдромы, «мания преследование». Бұл не? Махаббат пен жеккөрушілік, ізгілік пен зұлымдық, жарық пен қараңғылық арасының тым жақындығы секілді данышпандық пен нақұрыстықтың арасы соншалық жақын болғаны ма? Нақұрыстардың бір-ақ сәті кем данышпан, данышпандардың бір-ақ сәті кем нақұрыс болғаны ма? Табиғаттың мұндай қатал ойынын немесе әзілін қате түсініп қалмау үшін дерттің данышпандық себебі ме, әлде данышпандық дерттің себебі ме, соны дұрыс түсініп алған абзал. Тәңіріден берілген шексіздікті адамға өлшеліп берілген көлем көтере алмай қалатын болуы керек. Мәселен, Левитан адамдардан қорыққан және жек көрген. Бір сәттік көңіл күйдің жетегінде өзі-өзіне қол жұмсауы да мүмкін болған. Осыған ұқсас сезімдерді Толстой да, Кант та, Фрейд те, Гете де бастан кешірген. Ал атақшы ертекші Ганс Христиан Андерсен көптеген қорқыныш сезімдерін кешкен. Досы жарты сағат кездесуге кешіксе, ол сол уақыт ішінде оның кездейсоқ жағдайдан өлуін және оны жерлеу рәсіміне дейін елестетіп үлгереді екен. Бөлмеден шықпай күні бойы жылап отыру да қолынан келетін Андерсеннің бұл дертін оның атақты ертегілерін оқып отырып сезіне де алмайсыз. Қайталанып отыратын шизофрениямен ауырған суретші Висент Ван Гог бояуларды ішіп, қозғалыссыз қалыпта ұзақ уақыт қала да алатын болған. Эпилептойдпен дерттенген Гойяда өзін-өзі жоғары бағалаушылық байқалса, истерикалық психозы бар Бальзак маңайындағылардың өзіне назар аударғанын ерекше ұнатқан. Ол өзі ерекше құрметтейтін адам туралы сөз болса, қалпағын қолына алады екен, бірақ бір ғана жағдайда: сөз өзі жайлы болса. Неміс сазгері Шуман жас күнінен жабысқан есалаңдықтан зардан шегіп, елуге жетпей жатып ақыл-естен айырылған. Оны сөйлейтін орындықтар қуалап, әуендер көзіне көрінеді екен. Ағылшын жазушысы Гаррингтон болса өзінің ойлары аузынан құстар мен аралардың бейнесінде ұшып шығып жатыр деп елестетіп, оларды қолына сыпырғыш алып қуған. Ал Моцарт «мания преследованиямен» дерттенгендіктен, итальяндықтар оны үнемі улап өлтіргісі келеді деп ойлаған. Сол итальяндық пәлсапашы Кардано «өкімет артымнан тыңшы салды» деп себепсіз күдіктене береді екен.
Генийлер жайлы генийлердің пікір айтқаны қызық. И.Кант «Гений - өз шығармашылығымен бір поэтикалық дәуірді жауып, келесісін ашушы» дейді. Классикалық тұжырым. Енді Жорж Санд пен Шопенгауэрдің пікірін тыңдалық. Жорж Санд: «Осы ұлы адамдар менің алқымымда тұр. Олардың өмірбаяндарын оқу, қола мен мәрмәрдан құйылған мүсіндеріне қарау - тамаша, бірақ олармен істес болудан сақтасын. Олар зұлым, қатыгез, күдікті» дейді. Ал Шопенгауэр болса: «Генийлер қатал және адамдықтан жұрдай, оларға дос табу қиын. Ойларының биігінде жалғыздық қана патшалық құрады» дейді. Шопенгауэрдің өзі бірде бір кемпірдің таяқтап, сот шешімі бойынша кейуанаға өмір бойы зейнетақы төлеп тұрыпты. Сондай-ақ Данте, Руссо, Бетховен, Вольтер, Спиноза және Канттың өмірбойы үйленбей, сүрбойдақ болып өтуінің себептері көп шығар, бірақ негізгісі - олардың шығармашылыққа түбегейлі беріліп, тіпті өз-өздерін ұмытып кетуінде болуы мүмкін. Мысалы, Дени Дидро күнді, айды, жылды, тіпті туған-туыстарының есімдерін ұмытып қала береді екен. Ал Ампер болса үйінен шығып бара жатып есіктің сыртына бормен «Ампер үйде кешкісін ғана болады» деп жазыпты. Бірақ үйіне түс әлетінде-ақ оралады. Есіктің сыртындағы жазуды оқып, қайтадан кетіп қалыпты. Естелік жазушылардың айтуынша, ол өзінің Ампер екенін есінен шығарып алса керек. Эйнштейн өзінің ескі досын кезіктіріп қалып: «Кешкісін үйге қонақ бол. Профессор Стимсон да үйімде болады» дейді. Ескі досы - профессор Стимсон: «Стимсон мен ғой» дегенде, «Оның маңызы жоқ. Сонда да келе бер» деген көрінеді. Ал Нюьтон болса үйіне қонақ шақырып, оларға шарап алып келмекші болып, өз кабинетіне кіріп кетеді. Сол кеткеннен мол кетеді. Әрі күтіп, бері күтіп зеріккен қонақтары кабинетіне кірсе, атақты физик қаннен қаперсіз жұмыс істеп отырыпты. Сонда, есіне әлдебір нәрсе түскен кезде қонақтарын ұмытып кеткен ғой. Ол тіпті бірде жұмыртқа қайнатпақшы болып, су ысытып, оған қолсағатын салып, қолындағы жұмыртқаға қарап тұрыпты. Тағы бірде Ньютон жұмыс істеп отырып, бейсаналы түрде түскі асын ішіп келіпті. Содан кейін түскі ас ішу керектігі есіне түсіп, асханасына барса, түскі асын әлдекім ішіп кеткен. Яғни соның алдында ғана өзінің ішкені есінде қалмаған. Ұлы адамдардың мұндай жаңғалақтығы мен ұмытшақтығы туралы аңыздар аз емес. Ал біртүрлі әдеттері тіптен көп. Мысалы, орыстың атақты қолбасшысы Суворов тауықша «Ку-ка-ри-ку» деп шақыратын болған. Онысымен қоймай сабан шөптің үстіне ұйықтаған. Иоганнес Брамс шабыт шақыру үшін себепсізден-себепсіз аяқ киімін тазалай береді екен. Бетховенді ешқашан қырынбаған дейді. Жұмысқа отырар алдында төбесінен төмен қарай мұздай су құйып жіберуді әдетке айналдырып алған. Чарльз Диккенс романының әрбір елу жолын жазғаннан кейін ыстық су ұрттап отыратын болған. Бальзак жұмыс столына отырмас бұрын міндетті түрде 5-6 шыныаяқ кофе ішкен. Оның барлық шығармаларын жазу барысында 50 мың шынаяқ кофе ішкенін кейінгі зерттеушілер айтады. Ол ештеңе емес. Вольтер бір күннің ішінде 50 шыныаяқ кофеге дейін ішкен екен. Эдгар Аллан По ештеңе жаза алмаса да ақ қағазға қарап отыра береді екен. Метерлинк болса, әр таңда жұмыс столында үш сағат отыруға қалыптасқан. Жазбаса да. Жорж Санд күнде 11-ге дейін жазатын болған. Егер романын 10.30-да бітіріп қойса, қалған жарты сағатта жаңа дүниесінің басын жазып қойған. Дюма-әкей тек қана торкөзді параққа жазған. Ол таусылып қалса, жазғысы келсе де жазбаған.
Ұлы тұлғалардың осындай өздеріне ғана тән ерекшеліктері бар. Бұл ерекшеліктер бүгін бізге жай ғана көрінгенімен өз өмірлерінде қаншалықты маңызға ие болғанын кім білсін. Генийлер қалай болғанда да өмірді өздерінше сүріп кетеді. Мейлі оларды адам мен қоғам қабылдар, қабылдамас. Адам гений болғанша өмірге қайта-қайта келеді деген түсінік бар. Кейде ойлаймын, адам өмірге алғашқы рет келгенде ақын болатын шығар...
Ерлан ТӨСБАЙҰЛЫ

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=8358&Itemid=2


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер