BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ТӘБЕТI АРТҚАН АЙДАҺАР ЕЛI

Соңғы кездерi қазақ және Ресей ақпарат құралдары Қытайдың қазақ экономикасына дендей енуi және оның салдары жайында жиi дабыл қаға бастады. Бұған негiз де жоқ емес. Егер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қытайдың Қазақстан экономикасында ешқандай қатысы болмаған болса, жиырма жылдың iшiнде ол көрсеткiш мүлдем өзгерген. Қытай Қазақстан экономикасының басты табыс көзi болып саналатын мұнай қорының 30 пайызына иелiк етедi. Мұны сенатор Тасбай Симамбаев мырза мәлiмдеген болатын.
2006 жылға дейiн Ресей Орталық Азия мемлекеттерiнен тасымалданатын энергия көздерiнiң бiрден бiр тасымалдаушысы болып келген болса, бүгiнде Орта Азия мемлекеттерi Қытай-Түркiменстан және Ресей-Қытай, Атасу-Алашанькоу құбырлары арқылы шығысқа – Қытайға мұнай мен газ тасымалдайтын болды. Сөйтiп Орталық Азия энергия тасымалдау жағынан Ресейге деген тәуелдiлiктен құтыла бастады. 2006 жылдан берi Қазақстан мұнайы батыс Қазақстан – батыс Қытай құбыры арқылы тасымалданып келедi, ал 2009 жылы тамызда Түркiменстан – Қытай газ құбыры iске қосылды. Сарапшылар Қазақстан Қытайға мұнай тасымалдаушы ретiнде ғана емес, Ресей мұнайын тасымалдау арқылы, транзиттен де мол түсiм көрiп отырғандығын айтады. Бүгiнгi таңда Қытайдың энергоресурстарға деген сұранысы күн сайын артып келедi. Бұған Қытай экономикасының қарқынды дамуы себеп болса керек. 2010 жылдың қарашасындағы мәлiмет бойынша Қытайдың мұнайға деген сұранысы күнiне 9,3 млн. баррельге жеткен. "International Energy Agency" (IEA) бұл көрсеткiш 2011 жылы 9,7 млн. баррельге жетедi деп болжайды. Осыдан сәл бұрын бұл көрсеткiш 4,5 миллион баррель ғана болатын. Канадалық "Canada Free Press" басылымының 2010 жылғы 10 тамыздағы мәлiметi бойынша "Халықаралық энергетикалық агенттiктiң мәлiметiне қарасақ, Қытай 2009 жылы әлемде энергия тұтыну жағынан бiрiншi орынға шыққан. Осыдан 100 жыл бұрын АҚШ алда едi" делiнген. Батыс басылымдары Қытайдың 2009 жылы 189 миллион тонна шикi мұнай өндiрсе, қосымша 199 миллион тонна мұнай импорттаған. Демек жыл өткен сайын Қытай сырттан әкелiнетiн мұнай шикiзатына тәуелдi болып келедi. Американдық сарапшылар 2025 жылы Қытайдың күнделiктi тұтынатын мұнайы 12,8 миллион баррель болады деп болжайды. Ал "Global Times" газетi Қытайға iрi көлемде мұнай тасымалдайтын 10 елдiң бiрi ретiнде Қазақстанды атайды. Олардың қатарына Сауд Арабиясы, Ангола, Иран, Ресей, Судан, Оман, Ирак, Кувейт және Ливия енедi. Былтыр олардың қатарын Қазақстан толтырған. 2015 жылға қарай Қазақстанның өндiретiн мұнайы 130 миллион тоннаға жетедi деген болжам бар. Бұл – қазiргiден екi есеге артық. Демек Қазақстан күн сайын 2,6 миллион баррель мұнай өндiретiн болады. Ал Қытайдың сол кездегi мұнайға деген күндiк сұранысы 11,1 миллион тоннаға жетпек. Қазiр Қазақстан экономикасына Қытай әжептәуiр дендеп енiп келедi. Басқасын былай қойғанда, Қытайлар қолына өтiп кеткен "СНПС-Ақтөбе мұнайгаз" компаниясын атасақ та жетiп жатыр. 2009 жылы сенатор Тасбай Симамбаев Қазақстан үкiметiн болашақ жайлы ойлануға шақырған. Бұл үшiн Қытайға газ және мұнай объектiлерiн сатуды доғару қажет деген едi. Қазақстанда өндiрiлiп жатқан мұнайдың 30 пайызы Қытайға тиесiлi деген ақпаратты да Тасбай Симамбаев айтып отыр. Бұл процестiң басында Қытайдың ұлттық мұнай-газ компаниясы СНПС тұр. Былтыр Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының 15 пайыз мөлшерiндегi акциясын қытайлар сатып алды. Алматы облысында тұрғызылып жатқан Мойнақ ГЭС-iн қытайлар салуда. Онда Қазақстан тұтынушылары үшiн ғана емес, ҚХР үшiн де электроэнергия өндiредi деп күтiлуде. Гонконгтағы Asia Times газетi ҚХР-дың iрi энергетикалық корпорациясын Қазақстанға саяси ықпал ету үшiн пайдаланатындығын жазды. Қазiр ресми емес дерек көздерi Қазақстанда 200 мыңнан астам қытайлардың бар екендiгiн айтады. Алматы облысының Алакөл ауданынан 3000 қытай шаруасына жалға жер берiлгендiгi туралы ақпараттың өршiгенiне де бiраз уақыт. Бiрақ ресми билiк бұл ақпараттарды ресми түрде растаған жоқ. Былтыр Алматы және Жамбыл облыстарынан соя егу мақсатында 1 миллион гектар жер Қытайға жалға берiлетiнi туралы әңгiменiң ушығып барып басылғаны мәлiм. Қазiр Ресей ақпарат құралдарында Қазақстан болашақта Ресей мен Қытайдың бөлшектеуiне түседi деген болжамды жиi айтады. Бұның алдын алу үшiн Қазақстан билiгiнiң етек-жеңiн жинауы қажет секiлдi. БIЗДIҢ АҚПАРАТ: Жалпы Қазақстандағы мұнай қоры әлемдегi мұнай қорының 3 пайызын құрайды. Қазiргi бағамен бұл қордың құны – 4 триллион 365 млрд. 53 млн. долларға дейiн. Мәселен Теңiз кен орнының мұнай қоры – 9 млрд. баррель, Қарашығанақ – 2,3-6 млрд. баррель және 9-13 млрд. баррельге дейiн қоры бар Қашаған – елдегi ең iрi үш мұнай кен орнына жатады. Олардың жалпы қоры – 20,3 млрд.-тан 24 млрд. баррельге дейiн жетедi. Бiрақ бұл қорлардың басым көпшiлiгi шетел компанияларына тиесiлi. Айталық, "Тенгизшевройл" компаниясындағы Қазақстанның үлесi – 20 пайыз, Қашағанды игерiп жатқан консорциумде – 16,5%. "Қарашығанақ Интегрейтед Органайзейшн" акционерлiк консорциумiнде Қазақстанның үлесi жоқ. Есенгүл Кәпқызы http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=27&id=5629

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер